08:37
Тұлғалану толқындарында

АМАНДАСУ – АДАМДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Амандасу – жүздескен адамыңның көңіліне қуаныш сыйлап, жақсы энергия таратудың жолы. Сәлем беру – қоғамға сенім ұялатудың өзіңнен ешкімге зиян тимейтіндігін паш етудің көрінісі. Хал-жағдай сұрасу – кез келген адамды үлкен-кіші, бай-кедей, шен-шекпен, атақ-мансап, түр-тұлғасына қарамастан құрметтеудің, қадір адам екенін білдірудің белгісі. Сондықтан дін мен ділімізде сәлем сөздің анасы саналған. Бауыржан Момышұлы сәлем турасында былай дейді: «Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісу, достасудың дәнекері».

Пайғамбарымыз Мәдина қаласына алғаш келгенде, бұрын жүздеспеген кісілердің бәрі Алла елшісін көру үшін жан-жақтан ағылып жатты. Мәдиналық яһуди ғұламасы Абдуллаһ ибн Сәлам да алып-ұшып, Пайғамбардың жанына жетті. Пайғамбарымыздың тұла бойынан көне кітаптарда айтылған ақырғы Пайғамбар нышандарын байқаған ол: «Мына жүзде титтей де жалғандық жоқ», - деп иман келтіріп, мұсылмандықты қабылдайды. Кейіннен Абдуллаһ ибн Сәлам Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың Мәдина халқына айтқан алғашқы өсиетін жеткізді.

Пайғамбарымыз былай деген еді: «Уа, халайық, араларыңда сәлем беріп, амандасуды әдетке айналдырыңдар. Бір-бірлеріңе ішкізіп-жегізіңдер. Туысқандық қарым-қатынасты мығым ұстаңдар. Адамдар шырт ұйқыда жатқанда өздерің намаз оқып, құлшылық жасаңдар. Сонда жұмаққа емін-еркін кіретін боласыңдар!»

Жоғарыдағы хадистен адамдардың өзара хал-жағдай сұрасып, бір-біріне есендік тілеу, сый-құрмет көрсетіп, дастарқан жаю жұмаққа жетелер ізгі іс екендігін байқаймыз. Жақсы қарым-қатынас орнатуға дәнекер амал екеніне көз жеткіземіз.

Бүгінде адамдар арасында сәлем беріп, хал-жағдай сұрасу құндылығы жоғалғандықтан, көрші тұрса да, адамдар бірін-бірі танымайтын болды. Жеделсатыға кіргенде үнемі байқайды, адамдар бір-бірімен амандаспайды. Бір-біріне көз тоқтатып тіке қарамастан, бір нәрселерді шұқылап немесе сырт айналып теріс қарап тұрады. Тіпті кейбіреуі ыңғайсызданып, қысылғаны соншалық – тезірек сыртқа шығуға асығады. Дәл осындай сәтте «Ассалаумағалейкум, қалдарыңыз қалай?» немесе «Қайырлы таң, амансыздар ма?» секілді сөздермен сәлемдескенде, бағанадан бері үнсіз тұрғандардың жүзі жадырап сала береді. Бұрынғы тымырсық көңіл-күй әп-сәтте басқаша өзгеріп шыға келеді. Тар жер бірден кең кеңістікке айналып кетеді. Міне, бұл жай ғана амандасудың әсері.

Танитынға да, танымайтынға да сәлем берудің сауаптылығы жайлы көптеген хадисте айтылған. Алла елшісіне бір кісі келіп, маған ең қайырлы ізгі істі айтыңыз дегенде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар. «Адамдарға тамақ беру, ұшырасқан адамға танысаң да, танымасаң да сәлем беріп, хал-жағдай сұрасуың», - деп жауап берген болатын. Басқа бір хадисте атты кісінің жаяу жүргіншіге, жүріп бара жатқан адамның отырғанға, аз адамның көпке сәлем беруінің абзал екендігі түсіндірілген. Сондай-ақ қол беріп амандасқанда күнәлардың төгілетіндігі де бірқатар хадистерде білдірілген.

Амандасуға қатысты мына бір қателік қазіргі таңда өте жиі орын алып жүр. Соңынан келген адам дастарқан басында отырғандардың әрқайсының жанына барып, қол беріп амандасып жатады. Бұл көпшілікке ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан «Ассалаумағалейкум!» деп жалпылама берген ортақ сәлем жеткілікті. Қол беріп амандасып болған соң, «қолымды жуып келейін» деп кері кету өте ұят. Үйге кіре салысымен қол жуу парыз деңгейінде міндет болуға тиіс.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 5 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: