22:31 Тұлғалану толқындарында |
ІШІЛМЕГЕН СҮТ, ЖЕЛІНБЕГЕН НАН Рамазан айы. Ауызашарда отыр. Әңгіменің орайы келгенде дастархан басындағыларға ұлы сахаба, жеңілмеген қолбасшы Халид ибн Уалидтің ғибрат аларлық бір оқиғасын әңгімелеп берді. Ұлы қолбасшы дұшпанға қарсы неше күн қиян-кескі ұрыс жүргізіп, шаршап-шалдыққан әскерімен бірге кеш бата қосқа кеп аялдайды. Халид ибн Уалидке сүт пен нан ұсынады. Салқын сүт пен жұмсақ нанды байқаған ұлы қолбасшы: «Күннің мынандай ми қайнатар аптап ыстығында нан қатып, сүт бұлай салқын сақталмауы керек еді. Бұларды қалай сақтадыңдар?» - дейді таңданысын жасыра алмай. «Құмды терең етіп қазып, сол жерге көміп қойған едік», - деген жауапты естіген қолбасшы: «Дәл осындай салқын сүт пен жұмсақ нанды» барлық әскерге түгелдей бердіңдер ме? – деп күмән аралас сауалын қояды артынша. «Әрине жоқ. Ол мүмкін емес қой», - дейді асқа жауапты кісілер. Дәл осы сәтте Ұлы қолбасшы: «Дұшпанмен соғыста әскерімен бірге болып, асқа келгенде олардан өзгеше тамақтанған қолбасшы болудан Құдай сақтасын», - деп салқын сүт пен жұмсақ наннан бас тартады. Ол осы оқиғаны бітірер-бітірмес: «Дәл осындай оқиға театр өмірінде де болған», - деп әңгімеге араласты белгілі актер Нүркен Өтеуілұлы бауыры. Қарағанды өңірінде Асанәлі ағамыз бастаған театр актерлары үлкен спектакль қояды. Спектакльден соң аудан басшылары Асанәлі ағамызды дастарханға шақырады. Дастарханды жайнатып қойған. Құстың сүті, жылқының өтінен басқаның бәрі бар. Асанәлі ағамыз әрі-бері қарап, спектакльде бірге ойнаған актерларды дастархан басынан көре алмаған соң: «Қалған актерлар қайда?» - деп сұрайды. Аудан басшылары: «Асеке, ештеңені уайымдамаңыз. Бәрін реттеп қойдық. Олардың астарын өздерімен бірге көліктеріне салып бердік», - дейді бірдеңені тындырғандай кейіппен. Сонда Асекең: «Бүгінгі спектакльді жалғыз өзім ғана қойған жоқпын. Ендеше жалғыз өзім ғана мынандай дастарханда отыруға тиіс емеспін. Мынаның бәрін орап, салып алыңдар, кеттік», - деп шығып кетеді. Сөйтіп, алдын ала кетіп қалған актерлар мінген көлікті қуып жетіп, далада дастархан жайғызып, бірге тамақтанған екен. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |