11:26
Тұлғалану толқындарында

ЖОМАРТ БОЛЫҢЫЗ!

Жомарт – дос көбейтеді,

Сараң – мал көбейтеді.

Мақал

Пайғамбарымыз Мәдина халқына арнап айтқан алғашқы уағызында сәлем беруден кейінгі екінші құндылық – сақилық танытып, адамдарға тамақ беру.

Сақилық – кемел адамның ажырамас қасиеті. Алланың өзіне берген жақсылығын басқалармен бөлісу Жаратқанға алғыс білдіріп, шүкір етудің көрінісі. Сондай-ақ адамдармен жақсы қарым-қатынас құрып, көңіл кілтін табудың төте жолы – жомарт болу.

Адамдарға қолұшын беріп, көмектесу жомарттыққа жатады. Жомарттық қаржылай немесе дүниемен болуы шарт емес. Кез келген көмек, мейлі ол жылы сөзбен, қолғабыспен, жанашырлық көңілмен болсын, бәрі жомарттық аясына кіреді. Жомарттық қызғаныш отын өшіреді. Өшпенділік пен дұшпандықтың алдын алады. Жомарт жанды жұрт та құрмет тұтып, жақсы көре бастайды. Қажет кезде оған айналасы көмек қолын созуға, қорғап қалуға дайын тұрады. Бір хадисте «Жомарт адам Аллаға да, адамдарға да, жұмаққа да жақын. Ал сараң адам Алладан да, адамнан да алыс, керісінше, тозаққа жақын» делінген.

Жұмыстағы әріптестеріңнің үлгермей жатқан ісіне жәрдем беріп жіберу де жомарттыққа жатады. Адам баласы қиналып тұрған сәтте өзгенінң жасаған көмегін ешқашан ұмытпайды. Келесі жолы ол да саған немесе басқа бір мұқтаж адамға қол ұшын беруден тартынып қалмайды. Осылайша, өзара жәрдемдесудің арқасында қоғамда бауырмалдық салтанат құрып, мейірім мен сыйластық орнығады. Құранда «Жақсылық пен тақуалықта бір-біріңе жәрдем беріңдер» («Маида» сүресі, 2-аят) делінген.

Иә, жомарттық – мәрт адамның бойында болуға тиіс құнды қасиет. Жұрттың жүрек кілтін тауып, айналасымен жақсы қарым-қатынаста болғысы келетін кез келген кісі сақи мінезді болуға тиіс. Қазақ мұны бір ауыз сөзбен «Ағайынға жаққың келсе, қазанды бол. Аллаға жаққың келсе, азанды бол!» деп түйіндеген. Мәшһүр Жүсіп бұл жайлы:

«Ойласаң боламын деп халқыңа бас,

Қарасын аузыма деп кәрі мен жас.

Қойың сой, қымыз сапыр, қайнат шайды,

Жай-дағы дастарқанды, қазаныңды ас!

Жиылар маса, шыбын бал мен қантқа,

Ас, тамақ болады арқау адамзатқа.дастарқан мен қазанға мырза болсаң,

Тегіс жақсы сен болдың, жуық-жатқа!

Қадірлі болам десең қарындасқа,

Дуа жоқ бас айналар мұнан басқа».

Кейбір Батыс психологтары мен коучтары белгілі бір адамнан керегіңді алу, тіпті өзін саған көмек беруге міндетті сезінуі үшін оған алдын-ала жәрдем беріп, көмектесу қажет деген пайымды ұсынып жатады. Асылында, мұндай бақай есепке құрылған көмек жомарттыққа жатпайды, ерте ме, кеш пе өзінің кері әсерін беретін болады. Кез келген жәрдем, жасалған жомарттық ешбір қайтарым күтпестен, тек Алла ризалығы үшін жасалуы тиіс. Лұқпан хакімнің: «Екі нәрсені ұмат. Біреудің саған жасаған жамандығын, ал өзіңнің өзгеге жасаған жақсылығыңды», - деуінің астарында осындай биік өре жатыр. Құранда «Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарым да, алғыс та күтпейміз» («Инсан» сүресі, 9-аят) делінеді.

Жетістікке жетуге кедергі болатын кертартпа мінездің бірі – сараңдық. Қол астындағы қызметкерлерімен, кәсібінің өркендеуіне үлес қосқан жандармен табысын бөлісе алмаған кәсіпкер түбі дағдарысқа ұшырары анық. Сараңдықтың салдарынан кәсібі кері кеткен мұндайлар жетіп-артылады. Сондықтан әрдайым кәсібіңнің өркендеуіне үлес қосып, табысқа кенелуіңе септігі тиген кез келген адамның еңбегін бағала. Оларға жомарттық танытып, табысыңды бөлісе біл! Сонда кәсібің де өркендеп, ортаң да кеңейе түседі.

Мәшһүр Жүсіп бұл жайлы:

«Аймағым көп болсын деп талап етсең,

Ренжітпе қол астыңа қарағанды!» - дейді.

Кез келген бағаланбаған еңбек реніш тудырады. Ал реніш болған жерде қарым-қатынасқа сызат түсіп, іс алға жылжымайды. Тіпті күндердің күні олардың саған дайын бәсекелес болып шыға келетіндігін де әсте ұмытпа! Қазақтың «Кең болсаң, кем болмайсың» деген мәтелін әрдайым есте ұстаған абзал.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: