16:51
Тұлғалану толқындарында

КІТАП ЖАЗУ ХИКАЯСЫ

Қателіктен қорықпа! Өйткені кез келген іс кемшілік пен қателіктен тұрады. Адам баласы барлық нәрсені үйреніп тумайды. Өзіңнің өткен өміріңе көз жүгірт. Сан рет құлап, сүрініп-шалынып, тік жүруді үйрендің. Төгіп-шашып, ақыры тамақ жеуді меңгердің. былдырлап жүріп тілің шықты. мектепте әріптерді ежелеп әрең оқығаның есіңде болар. тек бір-екі жыл өткен соң зуылдатып оқи бастадың. ендеше, өміріңдегі әрбір қателік пен кемшілік -–кемелдікке қарай жасалған тәжірибе. Бастысы, сабақ алып, алға жылжи білу. Көш жүре түзелетіндігің ұмытпа!

Өз басы 2001 жылы Мысырдан оқу бітіріп келген кезінде кітап жазудан қорықты. Өйткені сегіз жыл бойы шетелде басқа тілде білім алған оған қазақ тілінде кітап жазуды елестетудің өзі қорқынышты болатын. Өйткені өмірінде кітап тұрмақ, бірде-бір мақала жазып көрмеген еді. Ішінде орныққан «сонша жыл шетелде оқып келдің, білгеніңді халыққа жеткізуің керек» деген ниетін «кітап жазу қолыңнан келмейді» деген қорқыныш һәм сенімсіздік тежей берді.

Оның үстіне компьютер қолдануды мүлдем білмейтін. Компьютер пернетақтасына қайта-қайта қарап ойын бөлмеу үшін «он саусақ» (пернетақтаға қарамай жазу) деген әдісті үйренудің қажеттілігін сезді. Алайда оны үйренейін десе жеке компьютері жоқ. Әйтеуір біреудің пернетақтасын алып картон қағазға суретін көшіріп салды. Әріптердің бәрін орын-орнына сызып қойды. Сөйтіп қолын «он саусақ» әдісіне үйрете бастадыү қалада «маршруткада» кетіп бара жатып та көз алдына компьютер пернетақтасын елестете отырып, ойша бір нәрселерді жазу арқылы «он саусақ» әдісіне машықтануды әдетке айналдырды. Нәтижесі көп күттірмеді. Пернетақтаға қарамай қазақша жылдам жазуды меңгеріп алды. Діни мәтінде арабша аят, хадистер көп кездесетіндіктен, кейіннен «он саусақ» тәсілімен арабша жазуды да үйренді.

Уақыт өте келе іштегі қорқынышын жеңді де, «бісміллә» деп кітап бастады. Бір жарым айда 17 бет жазды. Осыны жазып болғанша, жалғыз өзі бір үйді бастан-аяқ салып шыққандай күй кешті. Сөйлемді дұрыс құрай алмайды. Сан рет өшіріп, қайта жазады. Сөйтіп жүргенде танысы берген тозығы жеткен ескі компьютері күйіп кетті де, ішінде бір жарым ай қиналып жазған дүниесі қоса өшті. Іші күйіп, аһ ұрды. Мамандар жазбасын қайта қалпына келтіріп бере алмады. Амал жоқ, бәрін қайта жазуға тура келді.

Бір қызығы, 17 беттің әр сөйлемі жадында жатталып қалыпты. Сөйтіп, өзін өзі көшіріп шықты. Ақыры, бір жарым жыл дегенде бас-аяғы бір кітапқа жетерлік жазба пайда болды. Оны редакторлыққа берсе, олар қызыл сиямен түзетіп, қайта қайтарады. Қағаз қызыл сиядан көрінбейді. Бейне бір бастан-аяқ қайтадан жазылғандай. Оны апталап отырып, қайта түзетіп шығады. Түзеткен сайын сөйлем құраудағы, сөз таңдаудағы қателіктерін көріп отырды. Дәл осылай алты рет редакциялады. Әр түзеткен сайын қызыл бояу азая түсті. Соңында кітап болып жарыққа шықты. Бір қызығы, осы кітабы ең көп оқылым әкелді. Кейін бірнеше кітап жазды.

Егер алғашқы кездегі қорқынышын жеңбегенінде, жарық көрген кітаптары жазылмаған болар еді. Небір қабілет-қарымы мықты адамдар іштегі үрейін жеңе алмағандықтан, ұпайынан айырылып жүр.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 9 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: