12:12
Тұлғалану толқындарында

МЕДИТАЦИЯ

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей?

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей,

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Абай

Медитация ұғымы ағылшын тіліндегі «meditalio», яғни «терең толғану» деген мағынаны білдіретін сөзден шыққан. Бүгінгі таңда медитацияның будда дініне тән тәсілі әлемде көбірек танымал. Оңашада терең толғану, тыныш жағдайда жан дүниеңе үңілу, өзіңнің ішкі үніңді естуге ұмтылу, т.б. әрекеттері қадым заманнан бар һәм оны әртүрлі дін, әрқилы атаулармен атап келген. Оның атқарылу тәсілдері де әрқилы. Медитация құлшылық ретінде жасалатыны секілді, стрестен арылу, денені босату, тынығу, ойды жақсылыққа бағыттау, көңіл*күйді көтеру мақсатында да атқарылады.

Ал Исламда Алламен терең байланысқа түсіп, тыныштыққа қауышып, рухани ләззатқа бөлену әрекетінің басында намаз құлшылығы тұр. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда түнгі «тәһәжжүд» намазын оқып, мінәжат, зікір етудің орны дінімізде айрықша. Сондықтан түнгі құлшылық барлық кемелдікке ұмтылған тақуа жандардың ажырамас ғибадаты саналған. Сондай-ақ дінімізде медитацияның орнына «тәфаккур» (толғану), «хәлует» (оңашалану), «мұрақаба» (Алланың әр сәт бақылап тұрғанын сезініп, өзінен есеп алу) тәсілдері бар. Құранның бірқатар аяттары терең ойға шомып, толғануға шақырған. Мысалы, «Әли Имран» сүресінің 190-191-аяттарында «Шүбәсіз, күллі аспан әлемі мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алмакезек ауысып, ұзарып-қысқаруында ақыл иелері үшін (Алланың шексіз құдіреті мен шексіз билігін көрсететін) ғибратқа толы талай айқын белгілер (дәлелдер) бар. Олар тікесінен тік тұрып та, отырып та, бір бүйірлеп жантайып жатып та үнемі Алланы еске алады һәм күллі аспан әлемі мен жердің жаратылысына терең ой жүгіртіп: «Уа, Раббым! Сен мұны бекерге, мақсатсыз жаратпадың. Сен мақсатсыз, мәнсіз іс істеуден аулақсың! Бізді тозақ отынан сақтай көр!» делінген. Бұл аят ақыл иелерін жаратылыстың мәнін іздеуге, терең толғануға шақырған.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көптеген хадисінде оңаша отырып, Алланы зікір етудің аса сауаптылығы, тіпті ақыретте Жаратқан панасына алатын адамдар қатарында болатындығы білдірілген. Басқа бір хадисінде «бір сағат терең ойға шомып, толғану бір жылдық құлшылықтан артық» деген. Алла елшісі (с.а.у.) таң намазынан күн шыққанға дейін зікір етумен болған.

«Рағд» сүресінің 28-аятында «Біліп қойыңдар, жүректер Алланы еске алумен тынышталады» делінген. Демек, Алланың 99 есім-сипатының мағынасын түсіне отырып зікір ету, арнайы мінәжат дұғаларын оқу жүректерді тыныштыққа бөлейтіндігін түсінеміз.

Зікір арқылы Жаратқанның көркем есімдерінің жаратылыстағы көріністерін аңғарып, көз алдыңа елестету арқылы терең ойға шому, Алланың сансыз жақсылықтары мен нығметтерін көруге тырысу «тәфаккур» құлшылығына жатады.

Мысалы, өз тәжірибесінде таң намазынан кейін мүмкіндігінше «Лә иләһа иллаллаһ» деп баяу түрде әуендетіп жүз рет қайталайды. Бұл зікірді айтқан сайыз көз алдына күллі жаратылысты ойша елестетуге тырысатын. Бір ғана Ұлы Жаратушының құдіретімен басқарылып тұрған барша тіршілік көз алдында көрініс табады. Бір-бірімен қақтығыспай қозғалыста тұрған миллиардтаған жұлдыздар, бір мезет өз межесінен ауытқымай айналып бара жатқан Жер шары секілді алып планеталарды елестететін. Буырқанып жатқан теңіз, оның тұңғиық түбіндегі түрлі-түсті, үлкенді-кішілі сан алуан тіршілік иелері, солардың бәрі Алланың құдіретімен рызықтанып жатқанын ойша толғанады. Нөсерлеп жауған жаңбыр, сылдырлап аққан су, тебіндеп шыққан көк, жайқалып өскен гүл, сыбдырлаған жапырақ, туа сала енесін іздеп жүрген кішкентай сүйкімді қозы т.б. сырға толы жаратылыс кереметі – бәрі-бәрі көз алдына келеді. Осыларды кемел түрде жаратып, ешбірін назардан тыс қалдырмай орнымен жайғастырушы Ұлы Алланың шеберлігі мен құдіретін ойлау арқылы ғажайып күйге бөленесіз.

Алланың әр көркем есімінің мағынасына сай олардың әлемдегі көрінісін көруге тырысу қажет. Мысалы, «Я, Муқаддир» (нәзік есеп иесі) дегенде әрбір нәрсенің нәзік есеппен жаратылғандығын ойлайсыз. Жаратылыстағы ғажайып өлшемді көруге тырысасыз. Мысалы, Күн межесінен бір сәт алға немесе артқа кетпей, дәл уақытында күнделікті шығып, батуы сияқты.

Алланың «Жәмил» (аса көркемдік иесі) есімін айтқанда, жаратылыстың сұлулығын, көркемдігін көз алдыңыздан өткізіп, таң-тамаша боласыз. «Я,Раззақ» дегенде, жаңа туған сәбиге берілген сүттен бастап, жердегі құрт-құмырсқа, теңіз түбіндегі түрлі тіршілік иелеріне дейін үзбей рызық беріліп жатқанын ойлауға тырысасыз. «Я, Қадир» дегенде, Алланың әлемдегі құдіретті көрінісін байқайсыз.

Терең тыныс алып, баяу дем шығарудың стрестен, қобалжудан арылтып, денені босаңсытуға, ойыңды белгілі бір нүктеге шоғырландыруға, терең толғануға пайдасы зор. Бұл тәсілді сопылық өкілдері өздеріне тән ерекше тәсілмен жүзеге асырады. Олар сыбызғы аспабы арқылы мұңға, сырға, тереңдікке толы түрлі әсем ырғақтарды ойнаған. Яғни сыбызғыны үрлегенде баяу тыныс алып, жаймен дем шығарып, мұңлы да сырлы ойлардың тұңғиығына батқан. Жаратқанмен терең байланысқа түсіп, керемет рухани ләззат алған.

Тасаууф әуендерінің сарыны да, сазы да бөлек. Османлы емханаларында арнайы әуендер арқылы психологоиялық стресс, ұйқысыздық секілді рухани аурулармен қатар тән ауруларын да емдейтін болған. Қай әуеннің, нендей саз бен мақамның қандай ауруға ем болатындығы туралы мәліметтер бүгінге жеткен. Османлы дәуірінде емхана жобалауында музыканттар өнер көрсететін арнайы сахна, судың сарқырамасы қарастырылған. Сондай-ақ емханаларда түрлі әтірдің хош иісіне де аңқып тұратын болған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 27 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: