16:14 Тұлғалану толқындарында |
БОЙЫҢДАҒЫ ҮРЕЙДЕН АРЫЛ! Армандағаныңның бәрі қорқынышыңның арғы бетінде тұр. Джодж Эдейр Қорқыныш пен үрей – Алланың адам табиғатына орнықтырған ең керекті сезімдердің бірі. Басыңа келер қауіп-қатерден қорғану үшін бұл сезім аса қажет. Егер бұл қасиет болмаса, жауапкершілікті мүлде сезінбес едік. Бәлкім, қайнап тұрған суға, жанып тұрған отқа түсуден де, биіктен секіре салудан да қорықпас едік. Қорқыныш сезімі болмағанда, батырлық пен ерліктің де қадірі болмас еді. Қорқу сезімі – адам жаратылысындағы табиғи құбылыс. Адам қорыққанда мидың бірнеше бөлігі қызмет етеді. Әрқайсының өз міндеті бар. Мәселен, Таламус (Thalamus) мүшелерден (көз, құлақ, дене және тағы сол секілді) келген ақпаратты қайда жіберетінін шешеді. Соматосенсор қыртысы (Sensory Cortex) келген ақпаратты түсіндіреді. Гиппокамп (Hippocampus) жадқа жауап береді және не болып жатқанын анықтайды. Амигдала (Amygdala) келер қауіпті анықтайды және қорқыныш пайда болған сәттерді есте сақтап қалады. Ал Гипоталамус (Hypothalamus) ағзаның қорғану реакциясын іске қосады. Бұл әдеттегі қорқыныштың жүріп өтетін жолы. Енді осы кезде адам белгісіздікке қадам басып, тәуекел еткенде Гиппокамп (Hippocampus) бұл әрекеттің нәтижесін болжай алмай қалады. Ал Соматосенсор қыртысы (Sensory Cortex) не болатынын түсіндіре алмайды. Сөйтіп адам миы отқа түскен көбелектің күйін кешеді. Адам баласы ең үлкен қорқынышты сезінеді. Бүкіл ағзасымен қоса жан дүниесі де қорыққанынан қайтерін білмей дал болады. Сөйтіп Гипоталамус (Hypothalamus) бірден бар күшімен іске кірісіп, тәуекелдің жолын бөгейді (қорғанады). Нәтижесінде адам жаңа нәрсе жасаудан тартынады да, осыған дейін өзі де өзі секілді мыңдаған бейбақ жүрген соқпақ жолға түсіп кетеді. Мұндай адам ешқашан бар әлеуетін (потенциал) толық аша алмайды. Әйтеуір жаны бар адамның ғұмырын кешіп өтеді. Демек, барлық адам қорқады. Бауыржан Момышұлы айтпақшы «ешкім іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады». Жетістікке жеткен небір мықты тұлғалардың басқа адамдардан айырмашылығы іштегі орынсыз қорқынышын жеңіп, үрейге қарсы жүзе алуында жатыр. Ал ынжық пенде өз үйрейіне қамалып, қорқынышты ойларына маталып, әрекетсіз бір орнында қала береді. Теодор Рузвельттің мына сөзі қандай орынды айтылған: «Жеңіліссіз жеңіс тұғыры болмайды. Кез клеген талпыныстың қателіксіз жүзеге асуы екіталай. Іс жасаған адам міндетті түрде қателіктің дәмін татады. Жеңілістің ащы, жеңімпаздықтың тәтті дәмін татпай, адам шынайы жетістікке жетпейді. Жақсылық жолында қателесу – тұғыры биік абыройлы іс». Демек, қателесуден қорықпа! Альберт Эйнштейннің: «Өмірде қателесіп көрмеген адам – ешқашан жаңа нәрсе жасап көрмеген адам» деген қанатты сөзі бар. Асылында, еш нәрсе жасамаған адам да қателеседі. Өйткені бір-ақ рет берілген қамшының сабындай қысқа өмірде жаңа нәрсе жасауға ұмтылмаудан асқан қателік жоқ. Әрбір қателік – тәжірибе. Әрбір жаңылысу – жақсы іске жетелейтін баспалдақ. Томас Эдисон (1847-1931) он мыңнан аса жасаған тәжірибесі сәтсіз болғаннан кейін ғана электр шамын ойлап тапқан екен. Сондағы айтқаны: «Мен он мың рет сәтсіздікке ұшырап, жеңіліс тапқан жоқпын. Бар болғаны он мың жұмыс істемейтін жолды анықтадым». Көп жағдайда адам баласы өзі білмейтін нәрседен қорқып, алдында не күтіп тұрғанын болжай алмаған жағдайда үрейленетінін айттық. Мысалы, тас қараңғыда жөн табу қиын. Әрдайым бір нәрсеге соғылып қаламын ба, құлап кетемін бе деген үрей бойды билейді. Яки кез келген сыбдырдан күдіктеніп, әрбір қарайғаннан үркесіз. Олай болса, қорыққан нәрсенің қыр-сырын білуге ұмтыл. Ол жайлы зертте. Кітаптар оқы. Сонда алдыңдағы соқыр тұман ашылады. Айналаңды көре аласың, қайда бара жатқаныңды білген кезде бойыңдағы қорқыныш та сейіле бастайды. Мысалы, ір бизнес бастағың келді. Бірақ оның қыр-сырын толық түсінбегендіктен, ұңғыл-шұңғылын терең білмегендіктен, «Жұмысым іске аспай қалса не болады?» деп қорқасыз. жылдар өтсе де, батылың жетіп, ойыңдағы кәсіпті бастай алмай шегіншектей бересіз. ал оны жан-жақты зерттеп, түрлі кітап оқып, сол салада тәжірибелі адамдармен ақылдасып, істің ретін біліп, тәуекелді барынша азайтқанда өзіңе деген сенімділік пайда болады. бойдағы кері тартып тұрған үрей де сейіле бастайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |