11:14
Тұлғалану толқындарында

ДӘРУІШ

Баяғыда бір дәруіш сапарға шығыпты. Жолай оны бір атты кісі мінгестіріп ала кетеді. Атты кісі баяу жүруді, мінгесіп келе жатқан дәруішпен әңгімелесуді білмейді екен. Тапырақтатып, тоқтамай шаба береді, шаба береді. Біраз уақыттан кейін дәруіш аттыдан тоқтауын өтініп, жерге түседі де, біршама уақыт үнсіз күйде өзімен өзі болады. Атты кісі дәруіштен мұның хикметін сұрайды. Сонда дәруіш: «Жылдам жүргенің соншалық – денем сенімен ілескенімен, рухым артта қалып қойды», - деген екен.

Бұл қиссадан мынаны түсінуге болады. Күйбең тіршіліктің, қауырт жұмыстың, күнделікті оқиғалардың әсерінен, айналамыздағы болып жатқан шуылдың ықпалынан шыға алмағандықтан, қарасақ та, көрмейтін, естісек те, тыңдамайтын, білсек те, түсінбейтін меңіреу күйге түстік. Өзіміздің рухымызды тыңдауды, жүрегімізге құлақ түруді, ішкі үнімізді естуді ұмыттық. Айналамызға ғибрат көзімен қарап, оқиғалардың астарына үңіле бермейтін болдық. Қысқаша айтқанда, тәніміз озып, рухымыз қалып қалды.

Алманы немесе кез келген жемісті қолыңызға алып, оны алғаш рет көріп тұрғандай аса мән беріп қараңызшы. Алақаныңызбен сыртын айналдырып асықпай сипаңыз. Мұрныңызға жақындатып иіскеп көріңіз. Алма ағаштың бүршік атып, гүл ашқан сәтін көз алдыңызға елестетіңіз. Қара топырақ пен жай ғана шыбықтан осындай көзтартар әдемілікке, жұпар иісті алмаға айналғанын ойлаңыз. Сосын құшырлана тістеңіз. Шырынын тамсана сорыңыз. Көзіңізді жұмып, дәмін сезініңіз. Асықпай жұтыңыз. Осындай көзтартар мың бір бояулы, әдемі, теңдессіз жұпар иісі, сілекейіңізді шұбартар ғажайп дәмін жай ғана қара топырақ пен шыбықтан шығарған Жаратқанға шүкір етіңіз. Тәбетіңіз оянып, сілекейіңіз шұбырғанын сезіп тұрмыз. Дереу тұрыңыз да, кез келген жемісті дәл осылай жеп көріңіз.

Шалқар деген рухы мықты жас жігітті танитын. Омыртқасы сынып, 10 жылдан аса уақыттан бері арбаға таңулы. Омыртқасы сынса да, рухы сынбаған бұл азамат бүгінде әлеуметтік желі арқылы көп адамға шабыт беріп, оларды өмірге қайраттандырып жүр. Сол жігіттің бір айтқаны есінен кетпейді. «Қандай мазмұнда болса да түс көргенді ұнатамын. Себебі түсімде өз аяғыммен жүріп, өзім қозғаламын. Қалаған жеріме барамын. Бұл маған керемет ләззат сыйлайды. Оянып кетсем, қайтадан ұйықтауға тырысамын. Көбінесе түсімді жалғастырып әрі қарай көремін».

Ал біз бойымызда бар нығметтерді өңімізде сезіне аламыз ба? Сезінсең ғана бағалайсың. Ал бағалай алсаң, шынайы шүкір етесің. Мұны керісінше қарастырайықшы. Шүкір ету үшін бағалау қажет, бағалау үшін сезіну керек. Ал сезіну үшін ойлану ләзім. Ал ойлану үшін кідіріс, байыптылық қажет! Ой деген ойпаттан шығады. Ал ойпат бұл тереңдік. Ендеше, ойлану үшін тереңге түсуге әрекет ету қажет! Байыптылық, кідіріс керек!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: