09:56
Тұлғалану толқындарында

ДАУЛАСУДАН АУЛАҚ БОЛ!

«Дауласу жүректерді қарайтып, өшпенділікті туғызады».

Әнас ибн Мәлик

Ерлі-зайыптылар арасындағы шиеленіс, яки сатушы менеджер мен тұтынушылар арасындағы түсініспеушілік немесе басшы мен жұмысшы ортасындағы келіспеушіліктерді мәмілемен шешу – ең тиімді тәсіл. Дейл Карнеги тартысуды айналып өтіп, мақсатқа жетудің үлгісі ретінде өз оқырмандарының бірінің басынан өткен мынадай оқиғаны мысал ретінде келтіреді:

«Р.В.Кроули Нью-Йоркте ағаш материалдар сатумен айналысатын компанияда сатушы болып жұмыс істейді. Ол қара тастай қатып қалған орман инспекторларына олардың қателігін түсіндіруге жылдар бойы тырысып келеді. Иә, оларды жеңген кездері де болды. Алайда бұл жеңістер оған еш пайда әкелмеді. «Өйткені, - дейді Кроули, - бұл инспекторлар бейсбол ойынының төрешілері сияқты, аузынан шыққан шешімін еш өзгертпейді».

Күндердің бір күнінде өзінің кезекті бір жеңісі фирманы мыңдаған доллар шығынға батырғанын білді. Курсыма келіп қатысқаннан кейін ол енді инспекторлармен сөйлесу тәсілін өзгертіп, ендігәрі олармен дауласпауға бел байлайды. Нәтижесі қандай дейсіз ғой? Оның айтқандарына құлақ түрейік. Бір күні таңертең кабинетімдегі телефон тынымсыз шырылдай бастады. Көтергенімде, ар жағындағы дауыс өзінің зауытына жіберген ағаштар ештеңеге жарамайтынын ашулана айтып жатты. Ол аздай, бұл компания бізге тапсырыс беруін тез арада тоқтатып, ауласында жатқан ағаштарды дереу алып кетуімізді талап етті.

Мәселе былай болған екен: жүк көлігіндегі ағаштардың төрттен бірі түсіріліп біткенде, инженер бұл ағаштардың 55 пайызы сапасы талапқа сай емес екенін айтып қабылдаудан бас тартады. Мен тез жиналып, жолға шықтым. Келе жатып «мәселені қалай шешсем екен» деген ойда болдым. Әдетте, мен бағалау ережелерін алға тартып, жеткілікті білімі мен тәжірибесі бар инспектор ретінде ағаштың талапқа сай келетініне келесі тараптың көзін жеткізуге тырысатынмын. Алайда осы жолы тренингте үйренгендерімді іс жүзінде қолданып көруге бел байладым.

Зауытқа келсем, олардың сатып алу жөніндегі менеджері мен ағаш инспекторы ашудан жарылардай болып тұр екен. Мен ағаш артып келген көліктен ағаштарды түсіруін әрі қарай жалғастыра беруін өтініп, өзім оларға үнсіз қарап тұрдым. Сосын инспекторға жарамсыз деп тапқан ағаштарды бір жаққа, жарамдыларын бір жаққа жинап қоюын өтіндім. Біраздан соң инспектор кейбір ережелерді дұрыс түсінбегенін байқадым.

Мысалы, біз жеткізген ағаш ақ қарағай деп аталады, ал инспектор – қатты ағаш маманы. Ақ қарағай жайлы білімім одан көбірек болса да, мен оның ағаштарды сұрыптағанына қатысты еш қарсылық білдірмедім. Тек қарап тұра бердім. Инспектордың қатесі жайлы жақ ашпадым. Тек арасында қандай да бір тақтайды не үшін жарамсыз деп танығандығы жайлы сұрап отырдым. Оның фирмасына алдағы уақытта қандай ағаш жіберу керек екенін білу үшін сұрақ қойып отырғанымды түсіндірумен болдым. Сұрақ қоя отырып, олардың өз талабына сай келмейтін тақтайларды алып тастағаны дұрыс болғанын айттым. Сөйтіп, оның тілін тапқандай болдым, арамыздағы мұз құрсау ақырындап ери бастады.

Менің тарапымнан жайлап айтылған ескертулер нәтижесінде, жарамсыз деп есептелген бұл тақтайлардың шын мәнінде, олар сұраған деңгейге сай екенін, ал егер бұлар расымен жарамсыз десе, бұдан да жоғары сұрыпты тақтайларға тапсырыс беру керектігін олар іштей түсінгендей болды. Алайда мәселені тікелей талқылап жатыр деп ойлап қалмауы үшін сөздеріме барынша абай болуға тырыстым. Ақырындап олардың көзқарасы өзгерді. Сөйтіп, олар ақ қарағай жөнінде көп біле бермейтінін мойындап, көліктен түсірілген әр ағаш жайлы сұрай бастады. Мен оған ағаштардың олар талап еткен көрсеткіш бойынша жеткізілгенін жайлап түсіндіре отырып, егер мақсатына сай келмесе, бұл ағаштан да бас тарта алатынын жеткіздім.

Осылайша, олар ағаштарды сұрыптауда қате жібергенін мойындады. Нәтижесінде, мен кеткеннен кейін ол сапасыз деп тапқан ағаштарды қайта қарап, бәрін қабылдап, бізбен толық есеп айырысты.

Тек осы жағдайды алып қарар болсақ, сәл ғана сыпайылық танытқаным, оның мінін көзіне шұқып көрсетпеуім компанияма айтарлықтай кіріс кіргізді. Басқалардың алдында беделдің түспеуі қандай байлықтан да артық екені белгілі».

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 2 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: