11:27
Тұлғалану толқындарында

РУХАНИ ЗЕРДЕ

Жүрек – сезім мекені, ниетіміздің құбыласы. Ендеше, жүректің таза болғаны аса маңызды. Сонда ғана ақыл әділ түрде екшеп-текшейтін, ақ пен қараны ажырата алатын функциясын дұрыс атқаратын болады. Атақты Нұртуған жырау жүрек тазалығының маңыздылығы жайлы былай дейді.

Жаралған жүрек таза, әуел бастан.

Сақтанып таза ұста бала жастан,

Ноқаттай жүрегіңе кіршік түссе,

Ойыңа ол ұлғайып кірер тастан.

Қарайған жүрегіңде болса татың,

Жоғалар ынсап, мейірім, махаббатың.

Жүректі қара ниет жайлап алып,

Айналар тойымсызға қанағатың.

Өзімшіл адамдыққа нәпсі масыл,

Зұлымдық сол үйретер айла, тәсіл.

Жаралған бойыңдағы бар мүшеңнен,

Таза ұстай білсең егер жүрек асыл.

Жүректі өте қиын таза сақтау,

Оған жат зорлық, қулық, арбау-алдау,

Арамдық, жалғандықты ол сүймейді,

Мақсаты таза жүрек – арды жақтау.

Махаббат, мейірім, ынсап, қанағаттық,

Ар, ұят, қайрат, жігер, сабыр, сақтық.

Таза ой, таза ақыл, таза ниет,

Сақтайтын осыларды жүрек – сандық.

Өнерің пайда берсін, наза болмай,

Біреуге өтіп, біреуіне қаза болмай,

Не түрлі шығар жаннан кереметті,

Жүрегің қабыл алмайды таза болмай.

Абай қырық үшінші қарасөзінде: «...Жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсемен кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Егер де бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады...» дейді.

Рас, айнаны кір шалса немесе шытынаса, оған жағылысқан заттар да сондай кір, қыңыр-қисық көрінетіні секілді, жүрек айнасы кірлесе, кез келген болмысты өз мәнінде, шынайы бейнесінде көрсете алмайды. Ақыл дертті жүректің жетегінде кетіп, ықпалына түссе, өз функциясын толық атқара алмай, тек нәпсі қалауына ыңғайлы аргументті жинайтын күйге түседі. Жүрегінде мейірімі жоқ қатыгез адамның әрекеттері мен шешімдері қатал болатыны сондықтан. Жүрекке әбден сіңіп, беріш болып қатып қалған қызғаныш, тәкаппарлық, мақтаншақтық, реніш, дұшпандық секілді сипаттардан жүректі тазартпасаңыз, ақыл солардың жетегінде кетеді.

Мысалы, қымбат көлік сатып алдыңыз делік. Не үшін деген сұраққа ақылыңыз оның қажеттігін алға тартты. Логикаңыз керектігін құптап тұр. Ал негізгі себеп жүрегіңіздің түкпіріндегі жасырынып жатқан мақтангөйлік шығар. Бәлкім, ауылдасың, туған-туыстың алдында баяғы есеңіз кеткен есеп айырысу болар.

Әнеубір сыныптасыңызды ұнатпайсыз делік. Көрсеңіз қояншығыңыз ұстайды. Жеккөресіз. Ол не істесе де құптамайсыз. Отырса опақ, тұрса сопақ. Мұның түпкі себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, іштегі қызғаныш сезімі. Өйткені ол мектепте сізден төмен оқыған болатын. Сіз оқыған университеттің табалдырығын да аттаған жоқ. Сөйте тұра, өмірде сізден ілгері. Сізден тұрмыс-жағдайы жақсы. Айналасына сізден сыйлы. Жүректегі қызғаныш сіздің ақылыңызды билеп алғаннан кейін логикаңыз тек жаман жағын іздеп, сыңар езу дәйектерді алға тарта бастайды.

Қайсыбір істі жасаудан бас тарттыңыз делік. Логикаңыз оның қажет еместігіне үкім берді. Бірақ бұл шешіміңізге негізгі түрткі ішкі қорқыныш сезімі болуы ықтимал. Іштегі қорқыныш тұрған кезде ақылыңыз да сол сезімге қарай шешім қабылдауға құмбыл. Ал шешімнің логикалық жағын толтыру – ақыл үшін түк те емес.

Байқадыңыз ба? Көптеген іс-әрекетіміз бен шешіміміздің негізгі түрткісі – жүрегімізде әбден орнығып алған сезімдеріміз. Ендеще, сезімдер мекені жүректі таза ұстау, ондағы мейірімі, рақым, әділет, батылдық секілді қасиеттердің көзін ашу арқылы іс-әрекетімізді реттеп, шешімімізді дұрыс бағытқа бұра аламыз. Абай 17-қарасөзінде ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаудың маңыздылығын һәм бәрін жүрекке билетудің қажеттігін. «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет», - дейді.

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: