10:54 Тұлғалану толқындарында |
КІНӘНІ БАСҚАДАН ІЗДЕУ Біреудің мінін тергенше, Жамандығын көргенше, Өз ойыңды мазалап, Өз бойыңды тазалап, Өзіңмен күрес өлгенше. Абай Құнанбайұлы Адамды кері тартып, кемелденуіне кедергі келтіретін кесел, жетістікке жетуіне бөгет болатын жаман мінез – қатені әрдайым өзгеден іздеп, өзіңді ақтау. Мұндай дертке шалдыққан адам кез келген сәтсіздіктерін басқадан көретіндіктен, өз қатесін өлсе де мойындамайтын тоңмойын, кемшілігін көре алмайтын көрсоқырға айналады. Ал кемшілігін мойындамаған адам өз қатесін түзетуді, кемелденуді ешқашан ойламайды. Өйткені оның түсінігінше бәріне басқалар кінәлі. Бірде бір кәсіпкер азамат оған арнайы келіп, кәсібінің жүрмей, істерінің кері кеткеніне шағымданды. «замандасым, бір дұға оқып, дем салып, жолымды ашып беріңізші», - деп өтініш жасады. Ол одан кәсібінде қандай келеңсіз жағдайлар орын алғанын сұрағанда: «Бас есепшім мені осы уақытқа дейін алдап келіпті, ақшамды ұрлап жүр екен. Салықты дұрыс төлмегендіктен, фирманың мойнында мемлекетке беретін қыруар қарыз тұр. Бір танысыма үлкен сомада қарыз беріп едім, ол да алдап кетті. Қырсық шалғанда тауарды жіберетін адамдар да уақытында жібере алмады. Осының бәрі жиналып келіп, жұмысым кері кетті. Енді өзіңіз бір дұғаңызды оқып, осы қырсықты кетіріп, жолымды ашып берсеңіз», - деді. Ол оған: «Бұл жерде адами фактор бар. Басшы ретінде сіздің ғана қатеңізді көріп тұрмын. Сіз кезінде таныстарыңыз арқылы мемлекеттен қомақты тапсырыс ұтып алып, бірден үлкен байлыққа ие болдыңыз. Сіз сияқты танымтарым өте көп. Олардың басты қателігі әуелі оңай келген көп ақша солай ағылып келе береді деп ойлайды да, жұмысты лайықсыз адамдарға қадағалаусыз тапсырып қойып, өздері зәулім үй салып, қымбат көлік мініп, кәсібін кәсіби тұрғыда заманға сай өркендетуді ойламайды. Білім алып, өзін жан-жақты дамытып, жетілдірмейді. Оңай ақша күтіп жүргенде, кәсібі дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан, ең әуелі, сіз басқаларды кінәлаудан бұрын, өзіңіз жіберген қателіктеріңізді мойындап, соны түзетудің әрекетін жасаңыз. «Дұға оқып, жолымды ашып бере салыңыз» деген түсінік – жауапкершіліктен қашу. Абайдың «Өзімнің иттігімнен болды демей, жеңді ғой деп шайтанға болар көмек» дегеніндей, кінәні басқаға итере салудың еш пайдасы жоқ. «Сүф» деген демнен мәселе шешілмейді. Тек өзіңізді алдап, уақыт жоғалтқан боласыз», - деді. Айтқанын еріксіз қабылдады. Жұмысын лайықсыз адамдарға қадағалаусыз тапсырып, өзі жайбарақат жүрген екен. Кәсіпкерлікті дамытуға, ұжымды сауатты басқаруға қатысты бірде-бір кітап оқымаған болып шықты. Кез келген кері кеткен күрделі жағдайдың бір ұшында өзіңіз жіберген қателіктер мен кемшііктеріңіз бар. Соны түзетуді ойлаңыз. Балаларыңыз сізді тыңдамай, мектептегі оқуы нашарлап кетсе, онда қатені басқадан емес, дұрыс тәрбие, қажетті мотивация бере алмаған өзіңізден іздеңіз. Айналаңыздағы адамдармен тіл табысуыңыз қиын, ұжымыңызбен қарым-қатынасыңыз күрделі болса, мәмілегерлік қабілетіңіздің нашарлығын мойындап, кінәні өзгеден емес, әуелі өзіңізден іздеңіз. Иә, өзіңізден іздеңіз. Қателікті мойындаудан қашпаңыз. Сонда ғана дамисыз. Осал тұсыңызды жетілдіресіз. Білмегеніңізді үйренесіз. Себебі қателікті түзетіп, кемелденудің ең әуелгі баспалдағы өз мініңді көре білу мен өз қатеңді мойындаудан басталады. Қатені мойындау нәпсіге тым ауыр. Алла тағала көктегі шоқ жұлдыздарға, қасиетті мекен мен асқар тауларға, Пайғамбардың өзіне, қасиетті Құранға серт еткен. Солардың қатарында өзін үнемі кінәлап, жазғырушы пендеге де ант етуі тегін емес. «Қимет» сүресінде: «Өзін үнемі жазғырып, кінәлағыш нәпсіге (адамға) серт!» делінген. Аятта құлшылығы көп тақуа немесе көп білетін ғалым адаммен емес, қателік жасап, өзін кінәлаған адаммен серт етілген. Себебі өз қатесін көре білу және оны мойындау – жақсылыққа беталыстың, ұлы төңкерістің нышаны, кемелденудің алғашқы қадамы. Ал кемелдіктің биік шыңы – әулиелік. Олай болса, қазақтың «Өз мінін білген – әулие» дегені аса терең пайым. Алаш қайраткері Мағжан Жұмабайдың: «Адамның түзу жолға түсуінің бірінші шарты – өзін тексеру, өз қатесін көре білу, келешекте сол қателікке жол бермеуге ұмтылу», - дегеніндей, бір мезет оңаша қалып, өзіңізге сын көзбен қарауды, жан дүниеңізге үңілуді әдетке айналдырыңыз. Ахмет Байтұрсынұлы жасалмаған жұмыс үшін басқадан кінә іздеудің қате екенін айтады: «Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де – бос сөз!» Шәкәрімнің «Сыртыңды сыланасың өң беріп, ішіңнің түзетпейсің қатасын» дегеніндей, сыртқы келбетімізге өң бергеніміздей жүрегімізді тазалап, бойымыздағы қателіктерге мән беруіміз керек. Хакім Абайдың өз қатесін мойындап, оны қалай түзетудің жолын іздеп, уайымдаған мына өлең жолдары бәрімізге де ой салып, кемшіліктерімізді түзетуге түрткі болсын. «Ой түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым. Мінезіме көз салдым, Тексеруге ойландым. Өзіме өзім жақпадым, Енді қайда сыя алдым? Қалап алған көп мінез, Қалайша қылып тыя алдым? Бойдағы мінді санасам, Тау тасынан аз емес. Жүрегімді байқасам, Инедейін таза емес. Аршып алып тастауға, Апандағы саз емес. Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес...» Адам нәпсісінің табиғаты қателік пен кемшілікті мойындамай, өзін үнемі ақтауға тырысады. Керісінше, қандай да бір жетістік пен жақсылықты иемденуге, айналасынан мадақ пен мақтау күтуге құмбыл тұрады. Мұның емі «Саған келген барлық жақсылық – Алладан, ал жаманшылық болса, өзіңнен» («Ниса» сүресі, 79-аят) деген Құран аятын жүрегіңе сіңіру болмақ. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |