23:47
Тұлғалану толқындарында

ДАҒДЫЛАР ҚАНША УАҚЫТТА ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Мен ұрыстың он мың тәсілін үйренген адамнан қорықпаймын. Есесіне, бір тәсілді он мың рет қайталап дағдыланған адамнан қорқамын.

Брюс Ли

Кез келген істі күнделікті жиі қайталап жасағанда, миыңызда сол іске қатысты нейрондық жаңа байланыстар пайда болады. Соның нәтижесінде дағдылар қалыптасады. бұл белгілі бір уақытты қажет етеді. Нейронаралық жаңа байланыстар бастапқыда өте әлсіз болады. Қайталап жасау арқылы қуаттана түседі. Ұзақ жылдар жаман әдеттерді жасау арқылы пайда болған нейрондық байланыстар тым қуатты болғандықтан, адамға бұрынғы дағдыларын жасау оңайға соғады.

Робин Шарма Кембридж университетінің арнайы зерттеуіне сүйене отырып, адамда қандай да бір дағдының қалыптасуы автоматты түрде жасалатындай әдетке айналуы үшін 66 тәулік қажет дегенді айтады. Діни негіздерге сүйенсек, дағдының қалыптасуы үшін кем дегенде 40 күн қажет. Қырық күн мерзімнің маңыздылығы әдет-ғұрпымызда да жиі кездеседі. Мысалы, жаңа туған сәби осы өмірге бейімделуі үшін 40 күн қажет. Сондықтан оған туғанына 40 күн толғанда «қырқынан» шығару рәсімі жасалады. Босанған әйелдің де нифас мерзімі шамамен 40 күн. Ішкен астың ағзаға әсері 40 күн сақталады.

Алла елшісінің таң намазын, басқа бір риуаятта бес уақыт намазды 40 күн үзбей жамағатпен оқудың артықшылығы жайлы айтқан арнайы хадистері бар. Мысалы, мына бір хадисте «Кімде-кім қырық түн намазының алғашқы рәкатына үлгеріп құптанды жамағатпен оқитын болса, Алла тағала оған оттан азат болуды жазады» делінсе, басқа бір хадисте «кімде-кім қырық күн Алла разылығы үшін ықыласпен амал ететін болса, жүрегінен тіліне хикмет бұлағы тасиды» делінеді.

Сондай-ақ «Ағраф» сүресінің 142-аятында: «(Ғибадат, ораза ұстаумен өткізген) отыз күннен кейін (Тәуратты тапсыру үшін) Мұсамен уәделескен едік. Сосын оған тағы он күнді қостық. Осылайша, Раббысының оған (ғибадат жасау үшін) бөлген уақыты қырық түнмен тәмамдалды» делінген.

Жоғарыдағы аятта Мұса пайғамбардың Раббысымен сөйлесуі әрі Тәуратты қабыл алуы үшін қырық күн бойы ораза ұстап, құлшылық жасауға бұйырылғаны баяндалып тұр. Байқағанымыздай, аятта түнгі ғибадаттың маңыздылығын білдіру үшін қырық күн емес, «қырық түн» делінген.

Құран, хадистердегі осындай негіздерге сүйенген жүрек ілімінде де қырық күн бойы арнайы оқшаулану арқылы нәпсіні тәрбиелеу тәсілі бар. Қырық күн бойы ішкен-жеген асына мән беріп, былайғы уақытта қиынға соғатын түнгі намаз секілді құлшылықтарды үзбей тұрақты жасап, ораза, дұға, зікірге көп көңіл аудару жолымен жақсы дағдыларды қалыптастыруға бағытталған арнайы тәсіл бар.

Осындай негіздерге сүйене отырып, кез келген дағдыны қалыптастыру үшін кем дегенде 40 күннің қажеттігін айтуға болады. Мысалы, 40 күн бойы бір уақытта жатып, бір уақытта тұрған адамның ағзасы, миы әбден бейімделгендіктен, дағдыланған уақытта сағатсыз-ақ, автоматты түрде қиналмай тұратын болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 38 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: