22:48
Тұлғалану толқындарында

ТЕК ЖАҚСЫ ОЙЛА!

Айналаңа адвокат,

өзіңе прокурор бол!

Эмоциялық зердемізді жетілдіруде өмірде кездескен оқиғалардың жақсы жағын ойлаудың, адамдардың іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарап, ақтап алудың жолын қарастырудың маңызы зор. Санамыздағы қандай да бір іске қатысты теріс ой, негатив пікір кейбір жағымсыз эмоциялардың тууына түрткі болып жатады. Мұндай жағдайға түспес үшін әуелі ойымыздағы түзетуіміз, санамызды негатив пікірден тазартуымыз қажет.

Өмірде кездескен оқиғаларды жақсылыққа жору, тіпті кез келген ұнамсыз істердің астарынан жақсылық іздеу – бойымызды жағымсыз көңіл-күй билеп алудан сақтайды. Мұсылмандардың жиі қолданатын «қайырлы болсын» деген сөзді тек тілмен емес, мәнін терең ұғып жүрекпен айта алған адам теріс эмоциядан аулақ болады. Күткен ісі орындалмай қалған жағдайда көңілі құлазып, күйзеліске түспейді. Мұндай жандардың санасында әр кез: «Ұнатпаған істерің бәлкім сендер үшін қайырлы. Ал жақсы көрген істерің бәлкім сендер үшін қайырсыз болар. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216-аят) делінген аят жаңғырып тұрады.

Рас, өмірде «болса екен» деп ынтыға күткен небір істердің орындалмай қалып, артынан оның қайырсызын біліп, «Болмағаны қандай жақсы болған» деп қуанған сәттеріміз көп.

Өмірде кездесетін кез келген қарапайым істерді жақсылыққа жору теріс эмоциядан сақтайды. Мысалы, бір танысыңызға телефон шалдыңыз делік. Ол сізге жауап қатпады. Осындай сәттерде санаңызда «мені менсінбеді», «ренжіп қалған-ау» деген секілді түрлі теріс пікірлер пайда болып, ол өз кезегінде қарым-қатынасыңызға көлеңке түсіруі мүмкін. Ал керісінше, «қоңырауымды естімеген болар», «қатты қарбалас шығар», «телефонын үйінде ұмытып кеткен болар» секілді жақсы жағын ойласаңыз, теріс көңіл-күйдің алдын алған боласыз.

Құранда «Уа, иман келтірген жандар, күдікті ойлардан аулақ болыңдар. Сөзсіз, кейбір күмәнді ойлар күнәға жатады» («Хужурат» сүресі, 12-аят) делінген.

Алла елшісі (с.а.у.) бір хадисінде: «Күмәнді ойдан аулақ болыңдар. Күдікті ой ең өтірік сөзге жатады. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді іздеп, аңдымаңдар. Бір-біріңді қызғанбаңдар. Бір-біріңнен теріс айналмаңдар. Бір-біріңе дұшпан болмаңдар. Уа, Алланың құлдары, бір-біріңе бауыр болыңдар», - деп көңіл-күйге, қарым-қатынасқа сызат түсіретін барша теріс әрекеттен аулақ болуды ескерткен.

«Адамдар жайлы жаман ойлап, қателескенше, жақсы ойлап қателескен әлдеқайда қайырлы» деген ізгі адамдар ұстанатын құнды қағида да бар.

Бір күні мұса пайғамбар ізбасарларымен бірге келе жатып өлген иттің жанынан өтеді. Жаныдағылар: «Неткен сасық еді», - деп жиіркенеді. Мұса пайғамбар болса: «Тісі неткен аппақ еді», - деп кез келген жағдайда жақсы нәрсені көре білудің әдебін ұқтырады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 35 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: