10:03 Тұлғалану толқындарында |
АСЫЛ ТАС Баяғыда бір патшаның өте бағалы асыл тасы болған екен. Бұл бұйым талайдың түсіне кіріп, ұйқысын қашырыпты. Күндердің күнінде бір кәсіби ұры асыл тасты қайтсе де қолға түсірудің жоспарын жасап, ұрламаққа бел буады. Бәрі жоспардағыдай жүзеге асып, тасты патша сарайынан ұрлап шығады. Алайда есік алдындағы күзетші ұрыны байқап қалып, артынан қуа жөнеледі. Қашып құтылмасын білген ұры қолындағы тасты көшеде ұйықтап жатқан қайыршының қалтасына тасты көшеде ұйықтап жатқан қайыршының қалтасына сүңгітіп жібереді де, өзі әрі қарай қашады. Қашып бара жатқанда арқасынан оқ тиіп, мерт болады. Ал қалтасында ең бағалы асыл тас бар екенінен хабары жоқ қайыршы таңертең оянады да, баяғы тіленшілік өмірін әрі қарай жалғастыра береді. Егер қолын қалтасына салса, асыл бұйымды байқар еді. Оны сатса, байлыққа кенеліп, өмірі күрт өзгерер еді. Бірақ қайыршы бұрынғы әдетіне салып, қолын қалтасына салмастан тақыр кедей күйінде өмірін жалғастыра береді. Уақыт зулап өтіп жатады. Күндердің күнінде қайыршы да өмірден озады. Асыл тас кір басып, шіріген киімнің қалтасында қала береді. Бұл қиссадан не түсіндік? Біздің тұла бойымызда асыл тас сияқты қымбат қабілет-қарымдар бар. Алла тағала адам баласына небір қасиетті тегін тарту еткен. Алайда қиссадағы қайыршы секілді көп адам өзіндегі бағалы тасын, яғни қабілет-қарымын білместен, бағаламастан, пайдаланбастан, бойындағы қазынаның кілтін тауып аша алмастан, мүмкіншіліктерін жетілдіріп, дамытпастан мына жалғаннан өтіп жатыр. Ендеше, өз бойындағы асылыңды ашуға ұмтыл! Еңбектен, ең бастысы өзіңе сен, қалтаға қолыңды сал! Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген өсиетін үнемі есте сақта! Ұлт ретінде қазақтар, Аллаға шүкір, жан-жағымыз, қабілетіміз де басқадан артық болмаса, кем емес. «Қазақтың қолынан түк келмейді, қазақ еріншек» дегенді доғарып, халықты оятуымыз керек. Алаш көсемі Әлихан бөкейхан: «Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып, әдіс қылса – ғұмыр бәйгесі сонікі. Қазақты тып-тыныш жатып, еріншек, еш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды. Бірақ оларды қозғау керек!» - дегені аса көреген пайым. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |