22:26 Тұлғалану толқындарында |
ҚЫМБАТТЫМ, СЫЛДЫРЛАП АҚҚАН СУДАЙ БОЛ! Кемелдікке ұмтылған ізгі жандар бір-біріне: «Қымбаттым, сылдырлап аққан судай бол!» - деп насихат айтады. Өйткені су әрдайым сарқырап ағады. Үнемі әрекетте. Аққан сайын мөлдірлігін, тазалығын, тұнықтығын сақтайды. Басқаларға пайдалы болады. Ал ағынсыз, тоқтау судың тұнығы лайланып, борсып, бүліне бастайды. Сен де су секілді үнемі қозғалыста, харекетте бол! Егер ақпай тоқтап қалсаң, су секілді тұнығың лайланады. Аққан су өзінің жолын табады. Кездескен бөгеттерді айналып өтіп, жылға-сайды қуалай жылжып, мақсатына жетеді. Сен де өмірде кездесетін кедергілерді осылай айналып өт! Мақсатыңды жиып қойып, жолыңда кездескен адамдармен айтысып, тартысып, уақытыңды босқа өлтіріп алма! Су қандай ыдысқа құйылса да, сол ыдыстың формасына ыңғайланып, өз қасиетін жоғалтпастан пішінін өзгерте алады. Сен де су тәрізді жағдайға қарай ыңғайланып, қоғамға бейімдел. Бірақ су секілді сен де өз болмысыңды, ішкі құндылығыңды сақта! Су өзгерістен қорықпайды. Ол бу болып аспанға ұшады. Бұлт болып жосылып көшеді. Жаңбыр, бұршақ болып жерге айқта жауады. Қар болып жапалақтайды. Мұз болып қатады. Су болып қайта ериді. Аяғында, су-су болып қалады. Ендеше, сен де су тәрізді өзгерістен қорықпа! Өзгерістің дәмін татқан адам ғана дамиды. Сондықтан өзіңді әрдайым жаңалап отыр! Сүрлеусіз өмірден, үнемі қайталана беретін әдеттен құтыл! Өзгеруден қорыққан адам ешқашан көгермейді. Басқа дәмді татпайды. Өзгені білмейді. Мұндай адам бойындағы қабілет-қарымын кемелдендіріп, оның өркендеуіне мүмкіншілік бермейді. Су – қанша сұйық болса да, ол дүниедегі ең тығыс әрі қатты дененің бірі. Ол сонысымен таудай алып кемелерді көтеріп тұр. Ендеше сен де су сияқты қиындыққа төтеп бер! Қандай ауырлықты болмасын еңсере алар мықты бол! Су әрдайым үлкен ағыстарға айналады. Арықтың суы өзенге қосылу арқылы көлге, теңізге, алып мұхитқа шығады. Ендеше, сен де су секілді үлкен ағыстан қорықпа! Тағдырдың табиғи ағысынан қашпағын. Басыңа түскен тағдыр тауқыметі қанша ауыр болса да, қабылда» сен ұнатпаған оқиғалар артында пайдалы сырлар жатуы бек мүакін. Сен ұнатпаған ағыстар сен күтпеген жақсылыққа бастар, сен оны біле бермейсің. Буырқанып тасыған теңіз де бір мезет сабасына түсіп, тыншиды. Сен де әбігерлікке толы мына қарбалас өмірден, айқай-шуға толы күйбең тіршіліктен өзіңді бір мезет азат етіп, тыныштықты ізде. Кідіріс жасап, айналаңа қара. Өткенді сараптап, келер күнді бағамда! Адам баласы тыныштықта ғана жан дүниесінің үнін естіп, өзінің ішкі әлеміне үңіле алады. Су қанша ластанса да, топыраққа сіңіп қайта тазарады, баяғы мөлдір қалпына оралады. Олай болса, адам баласы қандай да бір күнә мен қателікке ұрынғаннан кейін су сияқты тазара білуі керек. Судың жерге сіңгені секілді, сен де тәубенің топырағына сің, кір шалған рухыңды, тот басқан жүрегіңді тазала! Әу бастағы тап-таза қалпыңа қайта орал! Су әрдайым кірді кетіреді. Былғанышты жуады. Тіпті алтынның өзін су шайып, саф қылады. Ендеше, сен де су секілді әрдайым қоғамның рухани ластығын тазала. Жүректердің кірін кетіріп, жамандығын жууға жәрдем бер! Су сырлар мекені. Теңіз – өз тұңғиығында қайнап жатқан небір тіршілікті, ғасырлар қойнауындағы қарт тарихты жасырып тұр. Сен де су секілді адам кемшілігін жасырып, сырларына берік бол. Судың сылдыры, жаңбырдың тырсылы қандай ғажап! Адам жанына шипа, көңіліне керемет шабыт береді. Сенің де сөзің сылдырлап аққан су секілді тыңдаған адамға әрдайым жайлы да жағымды болсын! Көңіл сыйласын. Дертіне дауа болсын. Шабыттандырып, жігер берсін! Қыста судың мұзы қалыңдаса да, астындағы ағысы тоқтамайды. Сырттан қараған адам тереңдегі ағысты байқамайды. Олай болса, шарттар мен жағдаяттар аяз секілді қанша жерден қатал болса да, сен өз ағысыңды тоқтатпа, алға қарай жылжи бер! Ағысыңды жария етемін деп әуре болма! Су тама берсе, тас теседі. Сен де үздіксіз жасалған аз әрекетіңмен үлкен жетістіктерге жетесің! Тамшы тәрізді тырсылдап тама бер, тоқтама! Су ешбір қайтарым күтпестен басқаларға жәрдем береді. Кепкен ағашқа, қураған гүлге, шөлдеген жан-жануарға, ерні кеберсіген адамға шаттық сыйлайды. Су бар жерде – тіршілік бар. Ендеше, сен де су секілді айналаңа өмір сыйла, мұқтаждың жәрдеміне жүгір, қол ұшын бер, пайдалы бол! Асылында, әрдайым сылдырлап аққан су секілді бол! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |