09:55 Тұлғалану толқындарында |
КІШІГІРІМ НЫҒМЕТТІҢ ӨЗІН БАҒАЛАҢЫЗ Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз. Абай Жағымсыз эмоцияны тудыратын жағдай, көбінесе, адам өзін басқалармен салыстырудан пайда болады. Өзгенің қандай а бір жетістігі немесе материалдық әл-ауқатының артықтығы, яки абырой-беделінің биіктігі адам бойындағы қызғаныш сезімін оятуы ықтимал. Өзін қолынан түк келмейтін байғұс сезінуі мүмкін. Мұндай жағдайдағы адам өмірге реніш көзімен қарайды. Бойында агрессия, стресс пайда болады. Айналасындағы адамдарға деген жасырын өшпенділік туады. Біз, көбінесе, өмірдің қуанышы мен жақсылығынан бұрын қиыншылығын көбірек ойлаймыз. Сәтсіздіктерді тез байқаймыз. Ендеше, басқаның артықшылығына қызықпас бұрын өзіңнің басыңдағы бағыңды бағалауды үйрен. Өмірдің әр сәтінен ләззат ала біл. Мысалы, далада ұзақ жүріп келіп, аяқ киім шешкенде, аяқ созып, рақаттануды біл. Шөлдеп келіп су ішкенде, Аллаға шүкір ет. Балаңның басынан сипап, еміреніп сүй. Таза ауаға шыққанда, терең тыныс алып, деміңді сыртқа баяу шығар. Көзіңді жұмып, ләззатқа бөлен. Өмірде сізді бақытты ететін сәттер көп. Мәселе, оларды көре білуде, бағалай алуда. Көре білген адам ғана шүкір етіп, бақытты бола алады. Қанағат құндылығы дегеніміз, міне, осы. Мысалы, екі бөлмелі пәтерде тұрып жатқан кісі таудың етегінде үш қабатты коттеджі бар тынысының «ғажайып» өмірін ойлап, өзін бақытсыз сезінуі мүмкін. Немесе басын сұғар баспанасы жоқ қаңғып жүрген талай адамды ойлап, өз жағдайына шүкір етуі де мүмкін. Бүгінде кейбір жандар өзін бақытсыз сезінуіне бір себеп – инстаграм секілді әлеуметтік желіде өзгелердің үлде мен бүлдеге оранған «бақыт» құшағындағы сурет, видеолары. Ертелі-кеш инстаграмда елдің қымбат көлік, сән-салтанаты жарасқан зәулім үй, неше түрлі киім мен сілекей шұбыртатын тағамдар ортасында түскен сурет-видеоларын көруден қолы босамайтын адам «Жұрттың бәрі бақытты, жағдайлары керемет, ал менде ондай жоқ» деп іштей өзіне нали бастайды. Тіпті депрессияға ұшырайды. Өз басындағы кішігірім нығметтерді көре алмайтын күйге түседі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Өздеріңнен көп берілгендерге емес, аз берілгендерге назар аударыңдар. Осылай істеу арқылы бастарыңдағы нығметтің қадірін білетін боласыңдар», - деп, шүкір етуді адам бойында сыр беріп, сыртқа шығуы мүмкін жағымсыз эмоцияның алдын алуды үйретеді. Әрине, адамдардың жетістігінен үлгі алып, шабыттанып, қанаттануымыз керек. Алайда қызығушылық қызғанышқа айналып, басыңдағы бағыңды, бойыңдағы байлығыңды бағалауға кедергі болмауға тиіс. Дүние істерінде өзіңнен жағдайы төмендерге, ал құлшылық пен тақуалықта өзіңнен жоғарыларға қара! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |