09:03 Тұлғалану толқындарында |
ӨКПЕ-РЕНІШТЕН ҚҰТЫЛ, КЕШІРІМДІ БОЛ! Нағыш кешірім – есеп айырысуға, жазалауға шамаң жете тұра кеңшілік жасауың... Біз айналамыздағы адамдардан өзіміз қалаған қарым-қатынасты, өзіміз құп көрген байланысты күтеміз. Ағайыннан, жора-жолдастан достық-туысқандықты дәнекер етіп, өзімізге тиімді нәрсені қалаймыз. Ал күткеніміз болмаса ренжиміз. Көңіліміз қалады. Сондықтан ешкімнен еш нәрсе күтпеуді үйрен. Тіпті, әлдебіреуге жасаған жақсылығыңның қарымын да, алғысын да күтпе. «Кезінде оған көмектесіп едім, оның маған жасағанын қарашы» деп өкпең қара қазандай болып ренжисің. Көңілің қалып күйінесің. Лұқпан хакім: «Екі нәрсені ұмыт: біреуге жасаған жақсылығыңды, біреудің саған жасаған жаманшылығын» деген екен. Құранда жақсылыққа жаны құштар ізгілердің: «Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарымта да, алғыс та күтпейміз» («Инсан» сүресі, 9-аят) дейтін мәрт үкімі айтылған. Айналаңдағы кез келген адамға періште емес, пенде ретінде қарап үйрен. Жақсы қасиеттерімен қатар қателігі, артықшылығымен қоса ағаттығы бірге жүретін ет пен сүйектен жаратылған кәдімгі пенде екенін біл. Адамның Алла жаратқан әу бастағы табиғаты осындай. Кім болса, ол болсын, тіпті ғаламат данышпан, ғажайып тұлға болса да, оларға пенде ретінде қарай білсең, ешкімге бас ұрмайтын боласың. Яғни оның қателігі қылаң беріп, теріс айналса, түңілмейсің. Кешірімді болуға, түсінуге тырысасың. Ренжісең де кешіре білесің, қапалансаң да қателігін ұмыта аласың. Өйткені ол – пенде. Сен де пендесің. Мінсіз Алла күнәһар пендесін кешіргенде, пенде пендені неге кешірмеске?! Кешіре алмайтын адам ішінде беріш болып қатып қалған өкініш-ренішпен өмір сүруге мәжбүр. Мұндай жан өмірге риза емес адамның көзімен қарайды. Санасы теріс пікірлердің, миы негатив ойлардың жетегінде кетеді. Мінезінде агрессия бой көрсетеді. Өткенді ұмыта алмай көкірегі тұншығады, ызаға булығады. Өмірдің қарапайым қуанышынан қағылады. Тепе-теңдік сақтап, жүйелі ойлауды жоғалтып алғандықтан, қате пайымдарға ұрынады. Өмір жолында кездескен адамнан баяғы өзін ренжіткен пенденін бейнесін, опасыз сұлбасын ғана көреді. Әр адамнан секем алып, ешкімге сенбейтін күдікшіл күйге түседі. Достан көңілі қалса, әлемде адал достық бар дегенге сенбейді. Ер азаматтан опық жесе, барлық ер адамды опасыз санайды. Көкірегі реніш пен өкпеге толы мұндай халдегі адамның бақытты болуы, жасампаз жанға айналып, жетістікке жетуі мүмкін бе? әрине, жоқ. Олай болса, кешір. Сен кешіруге лайықсың. Сен ренжіткен, көңіліне қаяу салған адамның деңгейіне түсіп, оған ренжіме. Ондай жандарға әрдайым биіктен қара. Сонда ол адамға ренжімек түгіліжаның ашып, аяйтын боласың. Иә, сенің көңіліне қаяу салған адам дәл осы халіне бірден келе салған жоқ. Оның осы уақытқа дейін алған тәрбиесі, өскен ортасы, араласқан адамдары, басынан өткен тағдыры осы жағдайға алып келді. Бәрін түсінген адам бәрін кешіре алады демеуші ме еді? Олай болса, кешірімді бол! Барлық нәрсе – өткінші. Сен де, ол да мына дүниеде мәңгі емес. ендеше, жалған дүние жауласуға тұрмайды. Абайдың: «Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма? Бір бес күннің орны жоқ аптығарға. Қай қызығы татиды қу өмірдің, Татуды араз, жақынды жат қыларға?» дегені қандай мәнді сөз. Жаназада тұрған имам алдында жатқан мәйіт жайлы «Мына дүниеде қайсыбіріңізді біліп-білмей ренжіткен болса, кешіріңіздер» дегенде, жамағат «Кешірдік» дейміз. Қайтыс болған адамды ақырғы «кешіреді» екенбіз. Онда бір-бірімізді тіріде кешірейік. Кешірімнің мәні артсын. Әлем әдемілікке, мейірімге бөленсін! Рас, кейбір кісілер сенің кешіріміңе мүлде лайық емес. бірақ сен кешіруге, бойыңды реніш пен өкініштен, кек пен өшпенділіктен арылтуға лайықсың. Көкірегіңді ыза мен ашудан босатуға міндеттісің. Жүйкеңді жұқартпай, денсаулығыңды сақтауға тиіссің. Кешірім ең әуелі қарсыңдағы адамға емес, өзіңе қажет. Осыны ұмытпағын!.. Иә, кешіре алмайтын, жаныңа жазылмайтын жара салған аса ауыр қиянат, айтуға ауыз бармайтын зұлымдықтар да болады. Мұндай залымды заңмен жазала. Оның ыңғаы келмесе, жазалаушы Жаратқанның бар екендігін әсте естен шығарма. Бұл дүниеде болмаса, ана дүниеде. Мына дүниеде жалғанды жалпағынан басқандар міндетті түрде Қиямет күні Ұлы төрешінің құзырында әділ жазаланатындығына иман келтір. Ақырет сол үшін бар. Есесі кеткен жандардың есебін түгендеу үшін бар. Сондықтан қиянатшыл пенделерді Алланың әділдігіне аманатта да, ойыңды ыза мен кектен босат. Қалған өміріңді өкініштің қараңғы қапасына қамай көрме! Сенің бұл дүниеде одан алған өшің сол болсын! Мынаны ұмытпағын! Өзіңе жасалған жамандықты кешіруге хақың бар. Ал қоғамға, басқа адамға жасалған қиянатты кешіруге құзіретің жоқ. Тіпті Жаратқанның өзі таудай күнәларды кешірсе де, кісі ақысын мойнына арқалаған пендені ақысы желінген адам кешірмейінше кешірмек емес. алла елшісі (с.а.у.) өзіне жамандықтың неше атасын жасап, опасыздық танытқандарды кешіре білді. Бұл – оның мейірімділігі. Бірақ қоғамға қиянат жасағандарды бірден жауапқа тартты. Бұл – оның әділдігі. Жүректің емі – кешірімде. Кешірімнің шешпейтін түйіні жоқ. Ал кешірім кілті адамдарды түсіне білуде, кең жүрек, мәрт мінезде жатыр. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |