09:32
Тұлғалану толқындарында

ЕШКІМДІ КІНӘЛАМА, СЫНАМА!

Атақты америкалық психолог Дейл Карнегидің кітабында кемшілікті бетке баспай қателікті түзетудің үлгісі ретінде мына бір оқиғаны мысалға келтіреді: «Ертедегі друидтер сияқты мен де емене сиынудан кет әрі емес едім. Сондықтан жыл сайын себепсіз өрт салдарынан жасыл желектің жойылып бара жатқанын көру өте ауыр тиетін. Өртке себеп: темекі шегіп, оны жерге тастап кететіндер емес, табиғат аясында демалуға келіп, ағаштың түбінде от жағып, жұмыртқа пісіріп, шұжық қуырып, тамақ дайындайтын жасөспірім балалар еді. Кейде өртті өзіміз сөндіре алмағандықтан, өрт сөндірушілерді шақыратын кездер жиі болып тұратын.

Саябақтың бір шетінде от жаққандарға айыппұл салынып, түрмеге қамалатыны жайлы ескерту ілініп тұратын. Бірақ ол жаққа адамдар көп бара бермейтін. Бақтың қауіпсіздігіне жауапты атты полицей өте салғырт еді. Сондықтан өрт маусым сайын қайталанып отырды. Бірде өрт шығысымен мен әлгі полицейге жүгіріп барып, өрттің қарқын алып бара жатқанын, тезірек өрт сөндірушілерге хабар беру керектігін айттым. Ол өрт өзіне қарасты аумақта болмағандықтан, бас қатырғым келмейді деп еріне жауап берді. ақыры шарасыздықтан қоғам байлығын өзім қорғауға кірістім. Ағаштың түбінде тұтанған отты көрсем болды, көңіл-күйім түсіп, от жағып отырғандарға жетіп келіп, олардың отпен ойнамауын айтсам, іс оңалады деп ойлайтынмын.

Мәселен, бірде от жағып отырған балаларға жетіп барып, от жаққандары үшін түрмеге қамалуы мүмкін екенін зілдене ескертіп, оны тез өшіруін талап еттім. Ал олар қарсыласып еді, қамауға аламын деп қорқыттым. Осылайша, олардың ой-пікірін елемей, өз талабымды өткізуге тырыстым. Ақыры немен бітті дейсіз ғой? Олар талабымды орындап, өртті өшірді. Бірақ менің талабымды ренішпен қарсы алғанын көздерінен байқадым. Мен міндетімді орындағаным үшін масаттанып, төбенің екінші жағына қарай беттегенде, олар бәлкім отты қайта жаққан да шығар.

Уақыт өте келе адамдар арасындағы қарым-қатынасқа назар аударып, басқаның да ой-пікірімен санаса бастадым, жүре келе, бұрынғыша бұйрық берудің орнына, от жағып отырған балаларға жақындап келіп, былай дейтін болдым: «Демалыс көңілді болсын, балалар, қандай тамақ істегелі жатырсыңдар? Кішкентай кезімде мен де сендер сияқты от жаққанды жақсы көретінмін, шынымды айтсам, әлі де жақсы көремін. Алайда саябақта от жағу өте қауіпті. Сендер қандай да бір бұзақылыққа барады деп ойламаймын, бірақ тентек балалар әлі де бар арамызда. Сендердің от жаққандарыңды көрген олар да от жағып, өшірмей кетсе, құрғақ жапырақтар жалынды іліп әкетіп, ағаштар өртенуі мүмкін. Сақ болмасақ, кешікпей мұнда ағаш қалмайтын сияқты. Өрт шықса, сендерді түрмеге қамап тастауы да мүмкін. Әрине, сендерге бұйрық беріп, демалыстарыңа бөгет болғым келмейді. Дегенмен оттың айналасындағы құрғақ жапырақтарды кейін ысырып, кетерлеріңде оттың орнын құммен көміп кетіңдер. Келесі жолы көңіл көтергілерің келсе, отты ана төбенің үстіндегі құмға барып жақсаңдар болады. Ол жерде өрт шықпайды. Тыңдағандарыңа рақмет, балалар! Демалыстарың көңілді өтсін!»

Мұндай әңгіме өз жемісін берді. Балалар да онымен келісетінін айтты. Реніш те жоқ, ашу да жоқ. Өйткені олар енді бұйрықты мәжбүрлі түрде орындап жатқан жоқ. Намыстарын ешкім таптамады. Ол олардың пікірін ескергендіктен, олар да айтқан уәжін көтеріңкі көңіл-күймен қабылдады.

Адамдарды сынап, жазғыра бергеннен гөрі олардың ондай қателікке неліктен барғандығын түсінуге тырысқан абзал. Мұның сынға қарағанда пайдасы әлдеқайда жоғары. Мұндай әрекет қоғамды төзімділікке, жанашырлық пен кешірімділікке тәрбиелейді.

«Биязылық қандай іске араласса, сол істі көркейтіп жібереді. Ал қандай іске араласпаса, ол істің ұсқыны кетеді».

Хадис   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 51 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: