09:17
Тұлғалану толқындарында

ЕШКІМДІ КІНӘЛАМА, СЫНАМА!

Алла тағала аса биязы, жұмсақ. Әр нәрседе жұмсақтықты ұнатады. Басқа ешбір нәрсеге бермеген жақсылықты биязылыққа берген.

Хадис  

Адам табиғаты өз кемшілігі мен қателігін көп жағдайда қабылдай алмайды. Әсіресе көпшілік алдында жария айтылған сынды тіптен мойындау ауыр. Өйткені адам баласы өзін тым жақсы көреді. Тіпті өз-өзіне ғашық. Ал ғашықтың көзі – көр. Сондықтан өз кемшілігін көре алмайды. Бұл – көпшілік адамның ең осал тұсы. Кемелдікке талпынып, өз эгосын жеңе білген адамдар ғана айтылған сынды дұрыс қабылдауы мүмкін. Сондықтан әркімге оңды-солды сын айтудың пайдасынан зияны көп.

Қателікті мүмкіндігінше білдірмей, білдірсе де нәпсісіне ауыр келмейтіндей етіп, аса ептілікпен жеткізуі керек. Адам білмегенін үйренгенде ұмытқанын еске түсіргендей күйде болуға тиіс. Сонда ғана айтылған сын, көрсетілген қателік жеңіл қабылданады. Бұл – аса ептілік пен біліктілікті талап ететін құбылыс.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларының қателіктерін бетіне баспайтын. Көбінесе қате іске қатысы бар адамның атын атамай, кемшілікті көпшілікке жалпылама ескертетін. Мысалы, бірде бірнеше сахаба Пайғамбарымыздың жұбайларына келіп, оның көп адам біле бермейтін үйдегі құлшылығы жайлы сұраған болатын. пайғамбар ғибадаты туралы білгеннен кейін көбірек құлшылық жасау мақсатында кейбіреуі: «Мен өмірімде мүлдем үйленбеймін», - десе, енді бірі: «Мен мүлдем ет жемеймін», - дейді. Тағы біреуі. «Мен мүлдем ұйықтамаймын», - деп, өмірлерін толықтай ғибадатқа арнайтындықтарын айтады.

Мұны естіген Алла елшісі: «Кейбір кісілерге не болған? Әртүрлі пікірлер айтыпты. Ал мен болсам намаз да оқимын әрі ұйықтап тынығамын. Ораза ұстаймын. Сонымен қатар кей күндері аузым ашық жүреді. Сондай-ақ үйленемін. Менің жолымнан кім бас тартса, ол менен емес», - деп артық кеткен сахабалардың аттарын атамай, қате істі жиналған жұртқа жалпылама түсіндірген.

Әз Пайғамбар ас әзірлеген адамды ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін астың кемшілігін айтпайтын. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) алдына қойылған астың мінін айтпаған, тәбеті тартса жеп, ал көңілі соқпаса, жемейтіндігін жеткізген.

Алла елшісі (с.а.у.) өзіне дөрекілік танытқандарға да биязы мінез көрсетіп, қателіктерін бетіне баспастан, істің барысын сұрақ қоя отырып аса бір хикметпен түсіндіретін. Алла елшісінің алдына бөтен ниетпен барғандар ол кісіден қайтқан кезде жүректері иманға, ақылдары нұрға толып, мүлдем өзгеріп шығатын.

Бірде әз Пайғамбар құзырына бір жас жігіт келіп:

- Уа, Алланың елшісі, маған ойнас жасауға рұқсат беріңіз, - дейді. Айналасындағылар оның ерсі һәм әдепсіз қылығына шыдай алмай өре түрегеліп, әлгі жігітке ұрса жөнелді. Алла елшісі сахабаларын сабырға шақырып, ана жігітке: «Жақында», - дейді. Оны тізесіне тізесі тиетіндей жақын отырғызды. Сосын араларында мынадай әңгіме өрбіді:

- Сенің шешеңмен әлдебіреудің ойнас жасағанын қалар ма едің?

- Жооқ, Алланың елшісі!

- Ендеше, ешбір жан анасымен басқа біреудің ойнас жасағанын қаламайды. Ал туған қызыңмен әлдебіреудің зина жасағанын қалар ма едің?

- Жооқ, Алланың елшісі!

- Олай болса, сен секілді ешбір адам туған қызымен басқа біреудің зина жасағанын қаламайды.

- Ал әпке-қарындасыңмен әлдебіреудің ойнас жасағанын қалар ма едің?

- Жоқ.

- Дәл сол секілді ешбір адам қаламайды.

- Ал әкең туысқан болып келетін әпкелеріңмен біреудің ойнас жасағанын қалайсың ба?

- Жоқ.

- Сен секілді ешкім де қаламайды.

- Ал нағашы әпкелеріңмен біреудің зина жасағанын қалар ма едің?

- Жоқ.

- Олай болса, басқа адамдар да нағашы әпкелерімен әлдебіреудің ойнас жасағанын қаламайды.

Байқағанымыздай, Пайғамбар жас жігіттің кемшілігін бірден бетіне басқан жоқ. Тіпті өре түрегелген сахабаларын сабырға шақырды. Ыңғайсыз жағдайға тап болған жас жігітті өзіне жақын тартып, көңілінің кілтін тапты. Сұрақ қоя отырып, қисынмен ісінің қате екенін ұқтырды. Оның зина жасайтын әйелінің басқа бір адамның анасы, я болмаса қызы, яки әпке-қарындасы немесе басқа да жақын туысқандары екендігін асықпай тәптіштеп түсіндірді. Соңында Алла елшісі (с.а.у.) жас жігіттің көкірегіне қолын қойып, былай деп бата-дұға жасады. «Алла тағалам, мына жігіттің күнәсін кешіріп, жүрегін күнәдан тазалап, ар-ұятты ете гөр!»

Жас жігіт осы оқиға жайлы былай дейді: «Алла елшісінің құзырына кірер кезде зина мен үшін ең сүйікті іс болса, шыққан кезде мен үшін ең жексұрын қылыққа айналды». (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 47 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: