10:43 Тұлғалану толқындарында |
ЕҢБЕК – АДАМНАН, РИЗЫҚ – АЛЛАДАН Әуелі Құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды. Абай Алла тағала мына дүниеде әр нәрсені себеп-салдар заңдылықтарына байлаған. Жақсы өнім алу үшін тыңайған жер жырту, дұрыс тұқым таңдап, оны уақтылы егу, дәрісін шашып, тыңайтқыш құю, арам шөптен залалсыздандыру, үнемі суару секілді барлық шарттарды дұрыс орындауға тиіссің. Одан кейін нәтижесін Аллаға тапсырып, шынайы тәуекел ет! «Еңбек еттім, енді сөзсіз бай боламын» деген ұғым қате. Егер барлық еңбек еткен адам міндетті түрде байитын болса, кәсібі дағдарысқа ұшырап, қарызға батқан кәсіпкер болмас еді. Адам қанша еңбек етсе де ризығының мөлшерін, берекесін Алла береді. Құранда бұл жайлы «Расында, Раббың қалағанына ризық-несібені молынан береді, қалағанына аз әрі өлшеп береді. Ол құлдарының жағдайынан толық хабардар, олардың жай-күйін анық көруде» («Исра» сүресі, 31-аят) делінген. Құранда осындай мағыналы бірнеше аят бар. Алла Тағаланың «Раззақ» деген есім-сипаты осыны меңзейді. Сондықтан ризыққа байланысты формуланы дұрыс қою керек. Еңбектенесің, байлыққа жеткізетін барлық шарттарды оындайсың, бірақ Алла тағала кімге, қашан және қай мөлшерде, қалай беретінін өзі біледі. Адам баласы Алланың құзыретіндегі ризық беру, нәсіп ету ісін де бақылауына алып, уысында ұстауға ұмтылғанда уайым-қайғы, стресс басталады. Жетістікке жеткен кәсіпкерлермен сөйлескенде, олар өздерінің қажырлы еңбегінің жанында жоспарда жоқ мүмкіншіліктер мен сәті түскен кездесулер нәтижесінде кәсіптерінің өрге домалап, мол дәулетке қол жеткізгендіктерін айтады. Мысалы, белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау алғашында елімізге Жапониядан көілк әкеліп, сатумен айналысады. Бірде оған Гонконгтан екі автобус көлігін әкеліп беруге таптырыс түседі. Кәсіпкер дереу Қытайға барып, тапсырыс бойынша екі автобусты сатып алады. Қайтарда көліктің салоны бос қайтпас үшін оған қандай да бір заттарды тиеп ала келу идеясы туады. Сөйтіп, автобус орындықтарын шешіп, оны артындағы бос орынға жинастырады. Ойлана келе балаларға арналған киімдер мен ойыншықтар сатып алады. Бірақ екі автобуста да бос орын әлі жеткілікті еді. Сөйтіп жүргенде ескі көліктерді бөлшектеп сататын пакистандықтарға жолығып қалады. Нәтижесінде, ешкімге қажеті жоқ үйіліп тұрған ескі көліктердің жоңғалақтарын автобусқа тиеп алып жолға шығады. Елге жеткен соң қызық болғанда әкелген автобустан емес, керісінше, ескі көлік доңғалақтарын сатудан көбірек пайда табады. Сырымбек Тау осылайша жаңа кәсіптің жолын табады. Кейін табанды еңбегінің арқасында көлік доңғалақтарын шығаратын Қытайдың «Triangle» және Жапонияның «Yakohama» компанияларының Қазақстандағы дистрибьюторлығына қол жеткізеді. Осылайша, Сырымбек бауырымыз кездейсоқ ұшырасқан кәсіптік бағытының арқасында ірі бизнесменге айналады. Демек, табанды еңбек – бізден, ал сәттілік пен несібе, береке мен рызық – Алладан. Дінге бет бұрған кейбір кісілер керісінше «Алла өзі береді, ризық – Алладан» деп өздерінің жалқаулығын дінмен жабуға тырысады. Бұл үлкен қателік. Құранда «Намаз өтеген соң жер бетіне тараңдар және Алланың шексіз шапағатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса, Алланы көп еске алыңдар, сонда мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер» делінген. Бұл аятты – мұсылман баласының еңбек пен ризыққа қатысты формуласы деуге болады. Құлшылығыңды орындаған соң жаһан кезіп, ризық іздеп, еңбек етуді бұйырады. Аяттың соңындағы «Алланы көп еске алыңдар» сөзінен істің нәтижесін Аллаға тапсыру қажеттілігін, дұға-тілектің керектігін нұсқайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |