09:15
Тұлғалану толқындарында

«МОСКВИЧ 412»

Астанадан Алматыға көлікпен бара жатыр. Ұзақ жол. Ұшы-қиыры жоқ сайын дала. Ата-бабамыздың ұрпағына мұра етіп қалдырған осынау байтақ жерді қорғау, келер ұрпаққа аманат ету бүгінгі әрбір қазақтың мойнындағы асыл борышы һәм уайымы болуға тиіс. Бізге ең әуелі тыныштық керек, ұрпағымызды көбейту қажет. Сосын ол ұрпақты білімді де иманды, ұлтжанды, намысты етіп тәрбиелеу ләзім. Сонда ғана ертеңімізге алаңдамауға болады. Әйтпесе... талай ойдың жетегінде отыр. Санасы ойдан ой қууда... Кенет небір зуылдаған джиптердің арасында баяу ілбіп бара жатқан «Москвичке» көзі түсті. «Москвич 412». Бұл «жануар» көзден ғайып болғалы қай заман? Ішіндегі жүргізуші қандай сезімде отыр екен. Бәлкім, өзіне осындай көлік бұйырғаны үшін тағдырына налып отырған болар. Бәлкім, олай емес те шығар.

Кеңес заманы. Ауылда алғаш рет «Москвич» көлігі пайда болды. Көрші-қолаңның бәрі құттықтаған болып көлікті көруге келіп жатыр. Шаңды бұрқыратып ауылға кірудің өзі қандай ғанибет, нендей сурет?! Ішінде отырған адам құдды ұшаққа мінгендей сезімді бастан кешетін. Машинадан түсе сала төрт дөңгелегін теуіп, кілтін айналдыра ысқырған күйі үйіне кіретін. Сөйлесе қалса, әңгіменің бір ұшын айналдырып әкеліп көлігіне тірейтін. Бір сөзбен айтқанда, бақыттан басы айналатын.

Ал қазір ше? Москвичін алысқа қойып, мектепке жаяу келетін ұстаз жайлы айтып берді өткенде бір танысы. Сонда дейміз, кеше иесін мақтанышқа бөлеген бұл көлік бүгін неге оны бақытсыз етіп отыр? Адам – сол адам, машина – сол машина. Өзгерген адам санасы ғана. Демек, барлық проблема – санамызда. Айналамызда болып жатқан дүниеге көзқарасың аса маңызды. Не ойлайсың, қалай ойлайсың, қай қырынан бағалайсың, сол сені бақытты, яки бақытсыз ететін негізгі фактор. Санасын, ойын басқара алған адам қара нан жесе де бақытты. Ал олай болмағандары су жаңа дөңкиген қымбат джип мінсе де, зәулім сарайларда тұрса да бақытсыз.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 52 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: