21:29 Тұлғалану толқындарында |
АСЫҒЫСТЫҚ Өмірде қандай да бір жетістікке жету жолында көпшілік жіберетін қателіктердің бірі – іс тиянақталмай жатып, оның нәтижесін көруге ұмтылған асығыстық. Мысалы, көктемде еккен егіннің жемісін күз болмай жатып, жаздың ортасында көргісі келген адам тәрізді. Өйткені жеміс әлі піскен жоқ. Сол сияқты күн жылынбай ерте көктемде бақша егіп тастасаң да сол. Жемісті үсік шалып, еңбегің зая кетеді. «Астында жанып тұрған от қуаты мен қазан ішіндегі судың көлемі бірдей, бірақ екі қазанның бірі кеш, бірі тез қайнайды. Мұның себебі неде?» деген сұрақ-жұмбақты естіген боларсыздар. Жауабы да қарапайым. «Қашан қайнар екен?» деп ыдыстың қақпағын қайта-қайта аша берген адамның суы кеш қайнайды. Өмірде де дәл солай. Нәтижеге асығу, қиыншылықтан жалтару, кездескен кедергіге табандылық таныта алмау – женімпаздың сипаты емес. Істі бастап алып, қиыншылыққа шыдас бермей, басқа бір оңай дүние іздеп кеткен талай адамды білеміз. Ондай адамдар қандай жұмысты бастаса да, оңай олжа, бірден елеулі нәтиже күтеді. Жолда кездескен бөгеттермен күреспестен жеңіл жол іздегендіктен, әр істің басын бір шалып, берекесіз өмір сүреді. Әрбір саланың өзіне тән қиыншылығы, ұңғыл-шұңғылы, қалтарыс-бұлтарысы болады. Соның бәрін меңгеріп, үйреніп болғанша талай қиыншылықты бастан кешіресіз. Уақыт өте келе бері жеңілдейді. Тіпті қиыншылықтың ләззаты болады. Кез келген жетістік жеңіл жолмен келмейді. Олай болғанда, жетістіктің қадірі болмас еді. Еңбектенген күрескер мен жатыпішер жалқаудың айырмасы қалмас еді. Қайсыбір ұлы тұлғаның өмірін қарасаңыз, оның күрескер, еңбекқор, қайтпайтын табандылығына куә боласыз. Бұл тұрғыда бүгін адамзаттың игілігіне айналып отырған электр лампасын ойлап тапқан Эдисонның өмірін мысалға келтіруге болады. Ол өз өнімін ойлап тапқанға дейін он мыңнан аса тәжірибе жасаған. Зертханасы өртеніп кетіп, бәрін түгелдей жаңадан бастаған кездері де болған. Соңында адамзатты рақатқа бөлеген бүгінгі электр шамы дүниеге келді. Әлемді жаңалықтарымен таңғалдырып, көптеген салаға түбегейлі өзгеріс әкелген Илон Масктің өмірі де – табандылықтың жарқын үлгісі. Ол – зымыран жасап, ғарышқа ұшырған алғашқы жеке кәсіпкер. Макстің жасаған ымырандары әрі арзан, әрі шағын, әрі тиімді. Ол бар капиталын, шамамен 200 миллион долларын ғарышқа жүк тасымалдайтын зымыранды жасап шығуға жұмсады. Ұзақ жыл әріптестерімен бірге ұйқы-күлкі көрмей, сынақ алаңында жүрді. Жасаған зымыраны техникалық ақау салдарынан үш мәрте ғарышқа жетпей, ауада жарылып кетті. Бір жағынан қарды рәсуалығы, екіншіден, досқа күлкі, дұшпанға таба болды. Осының бәріне мойымаған ол төртінші зымыранын сәтті ұшырып, ғарышқа шығарды. Бірақ бизнесті әрі қарай жалғастыруға компаниясында қаржы қалмады. Дәл осы сәтте НАСА оған 1,5 миллиард долларға тапсырыс береді. Сөйтіп, Илон Масктің жаңа дәуірі басталды. Рақат пен жайлылық бар жерде тыныштық табылатыны рас. Бірақ бір орында тұра берген судың қандай күйде болатыны мен ағын судың барар жері қандай екенін жақсы білеміз. Бұл ғаламда жайлы өмірден жалыққандар мен алысып жүріп арманына жеткендер бар. Әрине, таңдау әркімнің өз қолында! Біз қызыға қарап жүрген ұлы тұлғалар аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Жақсылыққа ұмтылу, мақсатқа деген адалдық, жетістік жолындағы табандылық оларды шыңға шығармады. Кейде шарасыз күйге тап болатынымз бар. Бірақ барлық есіктер жабылып, тығырыққа тірелу басқаша жол іздеп, жаңа бағыт табуға сыйланған мүмкіндік екенін әсте ұмытпа! Әр сәтсіздік – бізге берілген жаңа күш, жаңа мүмкіндік! Ендеше, тәуекелден қорықпа! Нық шешім қабылда! Жүрегіңді тыңда! Өзіңе сен! «Өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегің екі жақтап»! Ұмтылған сәтте қанатыңды серпіпі, көкке көтеріле алмай қалсаң, қолыңды бір сілтеп, кері шегінбе! Табандылық таныт! Харекетті тастама! Аз аялда да, қайта серпіл! Қыран құс бір күнде биікте қалықтап ұшқан жоқ. Қанатың талса, бағытыңды өзгерт, бірақ мақсатыңнан ауытқыма! Қай жолмен жүрсең де мақсатың алдында күтіп тұрғанын ұмытпа! Мұны табандылық дейді. Сені жеңімпаз ететін осы ТАБАНДЫЛЫҚ! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |