23:05 Тұлғалану толқындарында |
ҚЫЗҒАНЫШ пен КҮНШІЛДІК Алла тағала адамға қызғаныш сезімін босқа бермеген. Кішкентай бала ата-анасын, ойыншықтарын қызғанады, қорғайды. Демек, бұл әр адамның табиғатында бар қасиет. Қызғанышты орнымен қолдансаң, ол қорғаныш. Анаңды, жарыңды, қызыңды, қарындасыңды арам пиғылды еркектерден қызғану – адами қасиет. Ал бойында мұндай қызғанышы өлген адам ар-намыстан жұрдай ынжық деген сөз. Отаныңды, жеріңді, қазақ руханиятын басқа жұрттың басып-жаншуынан қызғану ұлы қорғанысқа жатады. Қызғаныш қасиетінен айырылған халықтың ең әуелі ұлтына деген махаббаты жойылады. Өйткені махаббат пен қызғаныш құстың қос қанаты іспеттес. Бірі жоғалса, екіншісі табиғи жолмен санадан ығысып, бойдан шығып кетеді. Сөйтіп, махаббат пен қызғанышы құрыған жұрт табиғи адалдығынан айырылады. Қоғамда әділетсіздік пен пайдакүнемдік үстемдік құрады, жойдасыз қиянат басталады. Бүгінгі қазақ халқының мыңдаған жылдар жер бетінен жойылып кетпей, осы ғасырға аман жетуі бойындағы қызғаныш қасиетін сақтай білуінде. Мысалы, жырау Дулат Бабатайұлы «Ақжайлау мен Сандықтас» атты жырында: «Атамның қонған қонысы, Аққа бұлақ сай-салаң, Шытырман тоғай айналаң, Мендей сені қызғанар, Бауырыңда өскен бай-балаң, Көл қорыған қызғыштай, Сен десе салам байбалам...» - деп жырласа, қаламгер Сафуан Шаймерден «Ит ашуы» хикаятында былай деп жазады: «Лезбай атты қойшы күзеуге көшіп бара жатып, қара тонын жұртта қалдырады. Қойшының Марғау деген ақылды иті жұртта қалған тонды айналшықтап кете алмай, елсіз далада қала береді. Қарлы боранда тастың ығын паналап, аш бөрілермен алысып, небір мехнат кешеді. Сөйтіп, жыртық тонды қорғап, бес ай арпалысады. Аңға шыққан біреу жолықпағанда, ақылды ит қу далада қара тонды басқадан қызғанып жата берер ме еді, кім білсін?..» Қазақстанның жер асты қазба байлықтарын картаға түсіру ісіне Қаныш Имантайұлы Мәскеудің тікелей тапсырмасымен тағайындалады. Сәтбаев төрт-бес ірі кен орындарын әдейі картаға түсірмей, жасырып қалады. Оның себебін сұраған орыс ғалымдарына: «Мұндағы кеніш тым тереңде жатыр. Оны өндіру үшін мол қаражат пен мықты техника керек. Оны өндіретін уақыт әлі алыста», - деп жауап береді. Кейін өзінің сырласы саналған Әлкей Марғұлан мен Мұхтар Әуезовке. «Әлгі кен орындарын әдейі картаға енгізбедім. Ұрпақтарымызға да байлық керек шығар», - деп ағынан жарылған екен. Міне, бұл – қызғаныш сезімін дұрыс бағытта қолдану. Ал қызғаныш сезімін жөнсіз қолданып, басқаның жеткен жетістігін, жиған байлығы мен атақ-мансабын күндеу – үлкен күнә, жаман қылық. Мұндай сезімге бой алдырған адам әманда құзға құлайды. Құранда «Қызғанған сәттегі күншілдердің кесірінен сақта!» («Фәлақ» сүресі, 5-аят) делінуі бойын күншілдік билеген пенденің қандай жаманшылықтарға баруы мүмкін екендігін ескертіп, кесірінен сақтандырады. Ібілісті шайтанға айналдырған, Қабылға Әбілді өлтірткен, бауырларына Жүсіпті құдыққа тастатқан да осы қызғаныш сезімі. «1990 жылы шілдеде Шәуілдірдің аудандық Мәдениет үйінде сол мерейтой жиын өтіп жатқан еді. Шәмшіге залдағылардан көптеген сұрақтар түсті, солардың біреуінде: «Шәмші аға! Творчестволық жолыңызда сізді ренжіткендер болды ма?» депті біреу. Шәмші елең етті. Мұны сұраған кім екенін білгісі кеп залға қарап еді, белгілі біреуді көре алмады. Сонда да болса ойланып қалды. Осы бір ұзақ жолында кімдер ренжітті оны? Кімдер кедергі жасады? «Мені біреу бақытты етті десем, оным өтірік. Ешкім ренжітпеді десем оным да өтірік... Мен өз өмірімде қанша ән салсам, сонша жылаған да болуым керек. Солардың ішінен есімнен кетпейтіні: қазақ радиосын басқарған бір жігіт сіздер ұнатып айтатын «Арыс жағасында» мен «Бақыт құшағындағыны» қабылдатпай, сол әндердің бағын байлағысы келгені... Соны ұмыта алмаймын», - деді Шәмші. «Абылай хан өлер алдында Бұқар жырауды шақырып алып: «Уа, шайыр, бұл өмірде менің үш өкінішім бар, тыңдап ал» деген екен. Біріншісі, көп қан төктім. Мен төкпесем, дұшпан менің қанымды төгетін болды. Екінші, халқыма жердің емшегін емізе алмадым. Қалакент салғыза алмадым. Үшінші, елдің басы бірікпеді, тентегі, озбыры көп болды депті Абылай хан, - деді Шәмші күрсініп. – Абылайша үш өкініш болғанда, ондай нәрсе менде болмаушы ма еді? Қызғаныштың құрбаны боп кетіп барамын. Сол – өкініш» (Оразбек Бодықов «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» кітабынан). Қызғанышқа бой алдырған пенде айдаладағы танымайтын адамды емес, өз жақындары мен аралас-құралас кісілердің жетістігін, артықшылығын қызғанады. Ішін өрт шалады. Ұйқысы бұзылады. Оның ойлағаны – қызғанған адамының бойындағы артықшылық. Ол өз басына бұйырмаса да, басқаның артық нығметтен айырылуын тілейді. Тіпті сол үшін түрлі әрекетке барады. Тілегені болып жатса, бойын қуаныш кернейді. Мұндай рухани дертке шалдыққан пенде өз басындағы қуанышты көре алмайтын соқырға айналып, өмірдің қуанышынан қағылады. Жүйкесі жұқарып, ауруға шалдығады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |