22:15
Тұлғалану толқындарында

АДАМНЫҢ ӨЗІНЕ ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІГІ

Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

Әлихан Бөкейхан

Адамның өзіне сенімсіздігі неден туындайды? Айталық, «менің қолымнан ештеңе келмейді», «бастаған ісім үнемі нәтижесіз аяқталады», «иуа біткен жаман мінезім бар, оны өзгерту қиын», т.б. үмітсіз ойлар сананы торлап алған кезде адам баласы өзіне деген сенімін жоғалтады да, айналасындағы жетістікке жеткен жандарға бөлек қабілет, қайталанбас талант иесі немесе сәттілік әрдайым жанында жүретін бақ қонған ерекше тұлға ретінде қарай бастайды. Мұндай күйдегі адамның қол-аяғы жіпсіз байланып, ынжық-бейшара халге түседі.

 

АДАМНЫҢ ӨЗІНЕ СЕНІМДІЛІК ҰЯЛАТУ ЖОЛДАРЫ

Әр адам – Алланың әспеттеп жаратқан туындысы һәм ардақты қолтаңбасы. «Сөзсіз, біз адам баласын ең керемет бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят) деген Құранның осынау аятына назар аударсақ, Алла тағаланың әрбір адамға қабілет-қарым бергенін, түрлі қасиет пен мүмкіншіліктер дарытқанын байқаймыз. Сондықтан әр пенде өзінің мына әлемде маңызды жаратылыс екенін терең түсінуге тиіс. Сонда ғана адам өзіне күмәнмен қарауды доғарып, бойындағы қуаты мен ішкі ресурстарын сарқып пайдалануына жол ашылады. Айналасындағы жетістікке жеткен жандар өзі секілді «адам» екенін ұғынады. Абай хакім: «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп, кертартпа кесел ойды тастап, өзіне сенуге, бойдағы Алла берген қабілет, қуатты пайдалануға шақырған. Қазақтың «адамның жасағанын адам жасай алады» дегені текке айтылмаған.

Адам баласы дүниеге келгенде бір-біріне ұқсас һәм бірдей туылады. Мектеп қабырғасында да солай. Қабілет-қарымы бір-бірінен анау айтқандай алшақ кетпейді. Бірақ уақыт өте келе аралары алшақтайды. Бірі оқыған-тоқыған ғалым, бірі жетістікке жеткен кәсіпкер болса, енді бірі қарапайым жұмысшы күйінде қала береді. Неліктен? Демек, уақыт желімен пайда болған арадағы алшақтық Алла дарытқан ішкі-сыртқы ресурстардың дамуы нәтижесінде пайда болып отыр. Әйтпесе, жетістікке жеткен жандар аспаннан салбырап түсе салған жоқ.

Рас, кейбір адамның қайсыбір қырлары ерекше талант, өзгеше дарынды болуы мүмкін. Бірақ сенің де өзің әлі қолдана алмаған ішкі ресурстарың, мән бермей жүрген қабілет-қарымдарыңның бар екенін ұмытпа. Соларды тауып, жетілдіруге ұмтыл. Дамытуға әрекеттен. Тіпті өзіңнің кейбір әлсіз қабілеттеріңді үздіксіз еңбек пен арнайы жаттығулар арқасында жетілдіріп алуыңа әбден болады. Сонда сен көштен қалып, ескі жұртта омалып отырмайсың. Ең бастысы, Абай атамыз айтқандай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап».

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 71 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: