20:24 Тұлғалану толқындарында |
БІР ҒАНА ІСКЕ БАСЫМДЫҚ БЕР Әр адам өзінің мамандығына, істеп жүрген жұмыстарына, жеке жағдайына қарай басымдық беріп, ынта-жігерін шоғырландыратын маңызды ісін анықтап алуға тиіс. Мысалы, университетте оқып жүрген талапкер үшін басымдық қандай да бір күрделі пәннен қосымша дәріс алу болуы мүмкін. Кәсіпкер үшін СММ маркетингті жетілдіру болуы мүмкін. Басымдық беріліп, ынта-жігер шоғырландырылатын іс бір күнде тындырылатын тірлік те, алты айда жасалатын жүйелі жұмыс та болуы мүмкін. Бірақ үлкен мақсаттарға жету үшін ұзақ мерзімді, ең болмаса бір апта, бір айлық істерді жоспарлап, оларға ауқымды басымдық берген жөн. Басымдық беріп, мақсат еткен ісіңізде нақтылықты ұмытпаңыз. Мысалы, «осы айда салмақ тастаймын» деп жалпылама емес, екі кило артық салмақтан құтыламын деп нақты межелеңіз. Ал нақты мақсат қойғаннан кейін оған жетудің дұрыс жолын қарастырып, сол бойынша жүйелі әрекет етіңіз. Көпшілігіміз жасаған жоспарымызды шұғыл шаруа шықса, оп-оңай бұзып жібере саламыз. Мысалға, сағат 11.00-де суда жүзу үйірмесіне жазылып қойдыңыз делік. Үйіңізден немесе кеңсеңізден шығар кезде жақын танысыңыз телефон шалып, сізді маңызды іс бойынша кофеханаға шақырып қалса, миыңыз бірден оңайын таңдауға құмбыл тұрады. Суда жүзуге қарағанда кофе ішу әлдеқайда оңай және нәпсіңізге ұнамды. Осы кезде миыңыз суда жүзуді кейінге қалдырудың жолдарын іздей бастайды. Мысалы, жаттықтырушыға хабарласып, сабақты ертеңге ауыстыруды ұсынуыңыз мүмкін. Мұның алдын алудың жолы «денсаулығыңыз үшін» кәсіби дәрігерге алдын-ала жазылып қойғандай дәрежеде мән беріңіз. Әдетте, дәрігерге жазылған уақыттан ешкім кешікпейді. Оның уақытын өзгертпейді де. Ал танысыңызға кездесуді өзіңізге ыңғайлы басқа уақытқа немесе келесі күнге қалдырыңыз. Ал егер басымдық танытқан маңызды ісіңізге бөлінген уақытта балаңыз ауырып қалып, дәрігерге шұғыл апаруға тура келіп жатса, мұндай жағдайда маңызды ісіңізді сол күннің басқа уақытына ауыстырыңыз. Маңызды емес істермен айырбастаңыз. Көп адамдар маңызды істердің орындалмауын мінез кемшілігі деп түсінеді. Олай емес. әсілінде, оның себебі – санадағы жүйесіздік пен ретсіздікте. Яғни қайткенде орындалуға тиіс маңызды істер жүрек пен санада мықтап орнықпауында. Сондықтан маңызды істер жүрек пен санада мықтап орнықпауында. Сондықтан маңызды істерді анықтағаннан кейін оны санаға әбден сіңіріңіз, назарыңызды сол іске шоғырландырыңыз. Яғни ол істі үнемі естен шығармаудың жолын қарастырыңыз. Айталық, маңызды деп тапқан ісіңізді жылдық, тоқсандық, айлық, апталық жоспарға кіргізіңіз. Әр күні жатарда қағазға жазыңыз. Таңертең күндік жоспарыңызды пысықтағанда «басты істерге» айрықша назар аударыңыз. Үйіңізде немесе кеңседе арнайы тақтаға көзіңізге түсетін жерге үлкен әріптермен жазып қойыңыз. Осылай маңызды істеріңізді жүрегіңіз бен санаңызға толық орнықтырмасаңыз, кез келген «шұғыл шаруалар» оларды оп-оңай ығыстырып жібереді. «шұғыл істер» көбінесе маңызды жұмыстарға жатпайды. Ал керісінше «маңызды істер» шұғыл болмайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |