22:12
Тұлғалану толқындарында

БІР ҒАНА ІСКЕ БАСЫМДЫҚ БЕР

Кісінің кемел діндарлығының көрінісі – өзіне қатысы жоқ нәрселерді тәрк етуі.

Әзірет Мұхаммед (с.а.у.)

Кеңдікпен өтсін десең ерте-кешің,

Бір іске жұртқа ұнайтын сарып қыл күшің!

Мәшһүр Жүсіп

Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді.

Мақал

Күндік болсын, мейлі апталық немесе айлық, тіпті жарты, бір жылдық болсын, жоспар құрған кезде маңыздылығына қарай белгілі бір істерге басымдық танытпасаңыз, көп жағдайда жетістікке жету мүмкін болмай қалады. Қазақтың «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп мақалдауы да сондықтан. Нақты бір іске аса мән беріп, баса назар аудармаған жағдайда қалған істің айтарлықтай нәтижелі болмайтындығын рим ақыны Публий Сир де: «Бір уақытта екі нәрсені бірдей жасауға тырысу – еш нәрсені жасамау деген сөз», - деп түйіндесе, американдық жазушы Ог Мандино: «Мына өмірде кімде-кім белгілі бір іске көңіл бөліп, баса назар аудара алса, сол адам нақты жетістікке жетеді», - деп жазған екен.

Зерттеуші Кевин Круз өзінің «Уақытты басқарудың 15 сыры» атты еңбегінде жетістікке жеткен жеке тұлғалар өміріне зерттеулер жасаған. Олардың ерекшелігі – күндік жоспарына қаптаған жұмысты тізіп қоймайтынын, уақытты басқарудың күрделі техникаларын, түрлі диаграмманы қолданбайтындығына назарымызды аударған. Бұлардың орнына олар өмірлік құндылықтарға көбірек мән беріп, дұрыс дағдыларға сүйенетіндіктерін, атқаратын шаруаларының ішінде ең маңыздысына баса назар аударып, басымдық танытатынын анықтаған.

АҚШ-тағы Миссури штаты университетінің профессоры Тереза Макан «Уақытты басқару, өнімділік, стресс» тақырыптары бойынша арнайы зерттеу жүргізген. Зерттеу қорытындысы бойынша жетістікке жетудің негізгі кілті «дұрыс басымдық беру және уақытты басқарудың дұрыс техникаларын қолдану» екендігіне көз жеткізген. Қысқасын айтқанда, жетістіктің кілті – ең маңызды ісіңді және оны қалай жүзеге асыру жолдарын білуде екен.

Расымен де, маңызды, күрделі іске ерекше назар аудармастан, жалпы атқарылатын істердің тізімін үйіп-төгіп күндік жоспарға кіргізген жағдайда адамның ерік-жігері шашырап, қуаты мұқалады. Кез келген кедергі немесе шұғыл шаруалар маңызды ісіңізді кейінге шегере береді. Мысалы, сіз «ағылшын тілін үйренемін» деп ниеттендіңіз. Сөйтіп, бұл мақсатыңызды басқа күнделікті атқарылатын жалпы істермен қатар қойып, оған басымдық танытпасаңыз, нақты нәтижеге қол жеткізу екіталай. Көбінесе, шұғыл атқарылуға тиіс істер арасында бұл мақсатыңыз өзін жоғалтып алады. Сондықтан күніне бірнеше іске ғана аса назар аударып, басымдық беру керек. Ынта-жігеріңізді бір іске шоғырландыру керек.

Айталық, бәзбіреу қараша айында мойнындағы острехондрозды емдеуді маңызды мәселе ретінде қарағандықтан, бір ай бойы арнайы уақытын бөлді. Нәтижесі жақсы болды. Кейбір кісілер «дүние өртеніп кетсе де, мынаны жасауым керек» дегені осы әдістің қазақы жалпақ тілмен айтылған нұсқасы. Бұл намаз құлшылығында да кездеседі. Мысалы, намаздың парызы, сүннеті бар. Біз парызға басымдық танытамыз. Қандай жағдай болса да, оны атқаруға тиіспіз. Ал шұғыл, асығыс жағдайлар шығып жатса, сүннет намаздарын кейіндете тұрамыз.

Дәл қазір, бәзбіреу алдағы үш айда басымдық танытып, жазып жатқан кітабының қалған бөлімдерін жазуды жоспарға кіргізді. Демек, күнде осы іспен айналысады. Басқа жоспарлаған жұмыстары қандай да бір себеппен кейінге шегерілсе де, кітап жазуды тастамауға тырысады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 71 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: