19:18 Тұлғалану толқындарында |
«ЖОҚ» ДЕП АЙТУ ДАҒДЫСЫ Өмірдегі маңызды істерді анықтай алсақ, қалғандарына «жоқ» деп айту оңай болмақ.. Стивен Кови Құрған күндік жоспарымызды бұзып, ниеттенген ісімізді болдырмай, мақсатымызға жетуге бөгет болатын кедергілердің басында айналамыздағы адамдардың беймезгіл жасайтын әртүрлі ұсыныстары тұрады екен. Ол өз тәжірибесіне сүйенеді: оған көп кедергі келтіретін жағдай – адамдардың графигінде, жоспарында жоқ кездесуге шақыруы. Мысалы, көптен көрмеген танысы, яки досы «Жан досым, ақылдасатын бір мәселе бар еді, сағат 16:00-де кедессек», - дейді. Ол көңілін қимай шақыруын қабыл алып, айтқан мекенжайға барады. Барып-келер жолына, әңгімелесіп, ақылдасуына кем дегенде 2-3 сағат уақыты кетеді. Таңертең үйден шығар кезде жоспарлап шыққан жұмыстары жайына қалады. Келесі күні бір журналист хабарласып, қоғамда орын алған қандай да бір оқиғаға қатысты пікірін сұрайды немесе сұхбат алғысы келетіндігін айтады. Қиылып сұрап тұрған соң, оған «жоқ» деп айта алмай, келісім береді. Сөйтіп, ниеттенген бір ісі бітпей қалады. Басқа күні бір туысқаны хабарласып, баласының үйленгелі жатқанын айтып, соған құдалыққа баруға көндіреді. Қазақтың құдалығы қалай өтетіні белгілі. Жақын жер болғанның өзінде кем дегенде бір күнің кетеді. Бойдағы қуатыңды қалыпқа келтіріп, шаршауыңды басамын дегенше тағы бір күнді жоғалтасың. Осылай жоспарда жоқ ұсыныстар мен шақырулар толассыз келіп түсе береді. Ал сен біреуінің көңілін қимайсың, енді біреуінің әдемі сөзіне алданасың, тағы бірде адамдардың сен жайлы теріс пікірінен қорқасың. Қайсыбіреулердің өзіңмен жақсы қарым-қатынаста болғанын қалайсың, тіпті кейде шақырылған істің қаншалықты уақытн алатындығын есептей алмай қаласың. Нәтижесінде, жұмыстарың жайына қалып, мақсатыңнан алыстай бересің немесе айтарлықтай кешігесің. Біздің айналамыздағы адамдардың шақыруларына келісім беріп, айтқан әрбір ұсынысына «иә» деуіміз өзіміздің алға қойған мақсатымыз үшін «жоқ» деу екендігін әрдайым есте ұстаған дұрыс. Сондықтан сыпайы түрде «жоқ» деп бас тартуды үйренуіміз керек. Мысалы, оған өткенде бір журналист сонау Ақтаудан келгендігін, одан сұхбат алғысы келетіндігін айтып хабарласты. Ол графигінің басқа істермен толы екендігін, келесі жолы алдын-ала хабарласқан жағдайда келісуге болатынын айтып, бас тартты. Ал бұрындары шақырған жердің бірін қалдырмай бәріне бара беретін. «Жоқ» деуді дағдыға айналдыру – барлығынан түгелдей бас тарту дегенді білдірмейді. Біз бір аптаның өзінде талай ұсыныстарға «жоқ» десек те, бірқатарына «иә» деуге тура келеді. Өйткені өмір қарым-қатынастан, қоғам алдындағы жауапкершілік пен міндеттемелерден, адам ретінде көмек қолын созудан тұрады. Сондықтан алдын-ала жоспарыңызға кіргізудің ыңғайы келіп тұрса және маңызды істеріңізге кедергі келтірмесе әрі ұсынысты қабылдаудың өзіндік пайдасы бар болса, онда шақыруға келісім беріп, «иә» деудің жөні бөлек. Адамдарға көмектескен, қуаныш сыйлаған жақсы. Бірақ кез келген шақыруға «иә» деу сізді мақсатыңыздан алыстатып, жетістікке жетуіңізге бөгет болатындығын ұмытпаған жөн. Сондықтан «иә» демес бұрын әрқашан жақсылап ойланып алыңыз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |