19:10 Тұлғалану толқындарында |
КӨҢІЛ СҰРАУ ҚҰНДЫЛЫҒЫ Науқас адамның көңілін сұрау – сауапты іс. Арнайы барып, халін сұрап, жақсы тілек айтып, қолдау білдірсеңіз, науқас адамның көңілі көтеріліп, рухы сергіп қалады. Тіпті ауруына шипа табуы ғажап емес. арнайы көңілін сұрап келген адамды ол өмір бойы ұмытпайтын болады. Арадағы қарым-қатынас беки түседі. Ауырып қалған кісінің көңілі пәс болғандықтан, достарынан жылы сөз, қолдау күтеді. Ал өмірінің қиын сәтінде қолдау таппаған адам достарынан суып кетеді. Кейде халін сұрап «әне барам, міне барам» деп жүргенде, науқас адам өмірден өтіп кетіп, жылы сөз айтуға үлгермей қалып өкінетін жағдайлар болады. Сондықтан науқас таныстарымызға арнайы барып, халін сұрап, көңіл білдіруді өмірлік әдетке айналдырған абзал. Мына бір мағынасы терең құдси хадис өмірімізге ғибрат болсын! Алла тағала қияметте былай дейді: - Уа, Адам ұрпағы, мен ауырғанда неліктен менің көңілімді сұрап келмедің? - Уа, Аллам, сен (ауырып-сырқамайтын) бүкіл әлемдердің Раббысы емессің бе? мен сенің көңіліңді қалай сұрамақпын? - Пәленше құлым ауырғанда, көңілін сұрап бармағаныңды білесің бе? Егер соның көңілін сұрап барғаныңда, мені сол құлымның жанынан табатын едің. - Уа, Адам ұрпағы, мен сенен тамақ сұрағанда, бір үзім нан берместен, мені құр қол қайтардың. - Уа, Аллам, сен (еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ) бүкіл әлемдердің Раббысы емессің бе? Мен сені қалай тамақтандырмақпын? - Пәленше құлым сенен тамақ сұрағанда, қолын құр қайтарғаныңды білесің бе? Сол құлыма тамақ бергеніңде, мені оның жанынан табатын едің. - Уа, Адам ұрпағы, мен шөлдеп сенен сусын сұрағанымда неліктен су беріп, шөлімді қандырмадың? - Уа, Аллам, сен (еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ) бүкіл әлемдердің Раббысы емессің бе? Мен саған қалай су бермекпін? - Пәленше құлым шөл қысып су сұрағанда, сен сусын бермей қойғаныңды білесің бе? Егер сол құлымның шөлін қандырғаныңда, мені соның жанынан табатын едің. Ертеңді күтпе. Ертең болғанда, сен көңілін сұраймын деген науқас бұл өмірде болмауы мүмкін. Кейінге шереме, кейін болғанда, сен кешірім сұраймын деген кісіге үлгермей қалуың мүмкін. «Сосын» деп беймәлім уақытқа қалдырма! Уақыт тез өтеді де, сен үнемі жанында боламын, әкелік махаббатыма бөлеймін деген бала-шағаңның қалай тез есейіп кеткенін білмей қаласың. Ертең жасаймын демегін. Ертең сөзсіз келеді. Бірақ сен мына дүниеде болмауың мүмкін. Ендеше, өзегіңді өкініші өртемес үшін еш нәрсені ертеңге қалдырма! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |