07:39 Тұлғалану толқындарында |
ЕҢБЕКПЕН ТАПҚАН НАН ТӘТТІ Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас: Қардың суы секілді тез суалар. Абай Еңбексіз құр арман мен бос қиял жетістікке жеткізе алмайтыны айтпаса да түсінікті. Өкініштісі, бүгінгі таңда көп адам «аз еңбектеніп, көп пайдаға кенелу» дейтін психологиялық дертке шалдыққан. «Көрінбеген нәрсені аламын деп, Айырылма қолыңдағы бар малыңнан», - деп Мәшһүр Жүсіп ескерткендей, түрлі қаржылық пирамида мен лоторея ойынына ақшасын судай шашып жүргендер жетерлік. Көрінбейтінді қуалап, құмар ойынға ұтылып жатқандар қаншама?! Бұл құбылысты «рухани ауру» деуге болады немесе «санадағы кедейлік». Бұдан құтылмай, еш нәрсе оңалмайды. Құранда «Әр адам өз еңбегінің қарымын ғана алады» («Нәжм» сүресі, 39-аят) делінген. «Құдай өзі береді», «Ризық – Алладан» дейтін сөздермен жалқаулығымыз бен жатыпішер масылдығымызды жаба тоқуға болмайды. Еңбексіз келген ақша адал жолға жұмсалмайды. Еңбексіз мал табуға құмарлық – кедейліктің жолы. Абай өзінің «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» атты өлеңінде: «Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?!» - деп сынай келе: «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса, сыйламай тұра алмас ел. Қаруыңның барында қайрат қылмай, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел», - деу арқылы ұрпақты ешбір жұмысты арланбай жасауға, тіпті жалға жүруге, қажет болса бөтен елге, басқа жерге барып ақша табуға шақырады. Сол сияқты Шәкерім қажы: «Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын, Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайың. Ойласын деп ой берді, көруге – көз Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын.
Үйде отырып салғанмен сары уайым, Тілегенің тұра ма саған дайын. Жүріп-тұрып, ойланып істеп көрсең, Харекеттің білесің сонда жайын.
Жатып ішкен – жан тыныш, салғырт салақ, Оған арам – харекет, ой ойламақ. Іздемеген кісіге қайдан келсін Таза киім, жылы орын, тәтті тамақ», - деп елді масылдықтан жирендіріп, еңбек етуге, малды мақтан үшін емес, биік мұрат үшін жинауға насихаттайды. Адам еңбегімен сыйлы, маңдай терімен абыройлы. Ал жатыпішер масылдың өзіне де, өзгеге де, Құдайға да сүйкімі жоқ. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |