07:19
Тұлғалану толқындарында

ТӘРБИЕНІҢ ТӨРТ ТІРЕГІ

Бірде мәдиналық бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтырған баланы ұстап алып Пайғамбарымызға әкеледі. Бұл бала жастай ислам дінін қабылдаған Рафиғ ибн Амр еді. Бақша иесі қатты кейіген сыңайда, қабағы қатулы. Пайғамбар сабыр сақтап: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» - деп сұрайды. Бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді», - дегеннен басқа сөз айтпайды. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар балаға: «Енді қарның ашса, жерге түскенін же, ендігәрі құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» - дейді. Сосын баланың басынан сипап, оған былай деп дұға жасады: «Уа, алла тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!»

Жоғарыдағы оқиғаға психологиялық талдау жасап, астарындағы тәлім-тәрбие негіздерін ұғуға тырысайық. Біріншіден, баланың кінәлі екенін біле тұра Пайғамбарымыз оған салған жерден ұрыспады. Өйткені балаға ұрысқаннан гөрі, оны жақсы көретініңді білдіру маңызды. Психология ғылымында дәлелденген осы бір әрекетке тоқталып өтсек..

Мейірімділік таныту. Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны зор. Бұндай махаббатқа бала әрқашан шөліркеп тұрады. Жа бала тек қана сүйіспеншілікпен өсіп, жетіледі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірім мен сүйіспеншіліктен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын мүлтіксіз орындауға тырысады. Бала өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида. Пайғамбарымыз адамзаттан сүйіспеншілігін аямаған. Жан жүрегімен жақсы көріп, әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөлетін, әр сахаба өзін «Пайғамбардың ең жақсы көретін адамы мен шығармын» деген ойда болатын. алайда Алла елшісінің балаларға деген мейірімі тіптен ерекше еді. Жоғарыдағы «Рафиғ ибн Амр оқиғасы» - осының дәлелі. Дедектетіп Пайғамбардың алдына әкеле жатқанда, бұл бала қандай үрейді бастан кешті десеңізші?! «Қап, мені қалай жазалар екен?» деп қорқып келген балаға Пайғамбар «балапаным!» деген сүйіспеншілікке толы жылы сөзін арнады. Басынан сипап, мейірлене қарады.

Баланы жазалаудан бұрын мейірімге толы насихаттың әсері мол екенін ескергеніміз жөн. Себебі бала көбіне жасаған қателігінің парқын білмейді. Мұндай жағдайда оларға ұрсып, зекудің пайдасынан зияны басым.

Үлкендер баланың басынан сипап, маңдайынан иіскеуді, яки құшақтап арқасынан қағуы – оған оң әсерін тигізеді. Бала үлкеннің жылы ілтипатынан өзін жақсы көретінін сезеді әрі ол кісіге қорғаушысы деп біледі. Құшақтап, маңдайын сипаған кісіні өзінің қорғаушысы деп біледі. Педагогтар жылылық көріп, мейірімі қанбаған бала психологиялық ауруларға ұшырайтынын дәлелдеуде.

Ата-ана, яғни кез келген педагого үшін балаға ұдайы ұрсып, оған ұзақ ақыл айтқаннан гөрі, басынан сипап, мейірім көрсетіп, арқасынан қағуы әлдеқайда әсерлі. Бұның астарында құрғақ сөзбен жеткізуге келмейтін небір сезімдер бар.

Балаға құлақ асу. Баланы әуелі тыңдай білу керек. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді. Бала сөйлеген сайын ішкі дүниесін ашып береді. Сол себепті баланың ойын білу қажет. Біз көбіне баланы қателікке ұрындырған себептерді іздемейміз. Дереу оған ұрса жөнелеміз. Жоғарыдағы Рафиғ ибн Амр оқиғасында Пайғамбарымыз оған дереу дүрсе қоя берген жоқ, «Әй, оңбаған! Біреудің бақшасында нең бар?! Енді тас лақтырады екенсің, көресіңді көрсетем, қолыңды сындырам!» деп ұрысқан жоқ. «Неліктен тас лақтырдың?» деп онымен тілдесті. Бала себебін айтты. Қарны ашқаны, құрма жегісі келгендігі анықталды. Аш баланың мұндай әрекетке баруы табиғи жағдай екені анық. Не істесе де, дереу жазалауға жүгірмей, алдымен баланы сөйлетіп, тыңдай білу қажет.

Бала балалықпен қате жасайды. Ал үлкендер болса, олардан ересек адамның ісін күтеді. Қате жасаса ұрсып, жазғыра жөнеледі. Көбіне баланы тыңдауды қажеттілік деп ойламайды. Бала болса өз ісінің қателігін түсінбегендіктен, ата-анасының яки үлкендердің не үшін ұрысқанын, неге жазалағанын ұқпай қалады. Сөйтіп, үлкендер маған жамандық асады, ата-анам мені жақсы көрмейді деген ойда жүреді. Міне, сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпай, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірмей жазалау дұрыс емес.

Балама нәрсе ұсыну. Ата-ананың қателіктерінің бірі – баланы не болса содан тыйып, іс-әрекетін шектей беруі. Баланың қате қылығын тыйған кезде, орнына басқа бір дұрыс бағыт көрсету керек. Олай болмағанда, бала баяғы істеген қателіктеріне қайта оралады немесе қырсық мінезге бейімделеді. Мысалы, бала ыдыс-аяқпен ойнағысы келді делік, дереу оны қолынан жұлып алғаннан гөрі, «ойнасаң, мә, мынамен ойна» деп оған сынбайтын зат беру керек. Үйдің қабырғаларын сызып ойнаған баланың қолына дереу дәптер яки қағаз ұстатып, «Мынаны сыз», «Жүгірсең, мұнда емес, ана жерде жүгір», «Көрсең, бұл фильмді емес, ана фильмді көр» деген секілді балама ұсынған жөн. Жоғарыда Пайғамбарымыз «Құрмаға тас лақтырма, жерге түскендерін же!» деп балаға балама ұсынғаны сияқты.

Тілек тілеу немесе балаға бата беру. Ата-ана қашанда баласының тілегі құдайдан сұрағаны жөн. Бұл педагогтар үшін де маңызды. Көптеген хадисте баласының тілеуін тілеген ата-ананың дұғасы қабыл болатыны айтылған. Пайғамбарымыз жоғарыдағы оқиғада балаға дұға етудің маңыздылығын білдіруде. Сол сияқты педагогтар да қарамағындағы балалар үшін үнемі Жатарқаннан жақсы тілек тілеп жүргені дұрыс.

Қорыта келгенде, адамға жасына сай тәлім-тәрбие беруде ұлағаты мол тамаша ұстаз Пайғамбардан алар үлгі көп. Оның бала тәрбиесіне қатысты көрегендігі жоғарыдағы бір ғана оқиғамен шектелмейді. Кезінде тұтас қоғамды жамандықтан тыйып, жақсылыққа тәрбиелеген әзірет Мұхаммедтің (с.а.у.) өмірі – теңдессіз үлгі. Ол – бала тәрбиесінде қиындық көріп жүрген ата-аналар мен педагогтар үшін таптырмас өнеге.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 85 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: