20:29
Тұлғалану толқындарында

АРАЛАСАТЫН ОРТАҢДЫ ӨЗГЕРТ!

«Білімді, зерек адам болам!» - десең,

Өзіңді басқаның айнасынан қара!

Мәшһүр Жүсіп

Алатын кезде – алға озып, беретін кезде артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі – үлкен олжа.

Бауыржан Момышұлы

Түзу бас, тура жолдан теріс аспа,

Өнерсіз надандармен араласпа!

Мәшһүр Жүсіп

Қаншама дүркін «Басқаша өзгеремін», «Жаңа тірлік бастаймын», «Кеш жатып, ерте тұрамын» деп ниет еткен шығарсыз. Бірақ өзгерген түгіңіз жоқ, сол баяғы таз қалпыңызға келе бересіз. Өйткені өзгеруге ықпал ететін негізгі фактор ретінде – күнделікті достарымыз тұрғанына аса мән бермейміз. Яғни жылдар бойы бірге жүрген жандардың бейімсіз өмір салтына өзің қалай бейімделіп кеткеніңді байқамайсың. Себебі адамның өміріне бірінші кезекте ең жақын араласатын достардың әсері мол. Солардың ықпалы басым.

Жақын араласатын адамдардың мінезі, әрбір сөзі, өмірге деген көзқарасы, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, тіпті нені қалап, нені қаламайтынына дейін біздің түпсанамызға сөзсіз әсер етеді. Өйткені адам миында айна нейроны бар. Бұл нейрон адамның көргенін бейсаналы түрде қайталайды.

Достарымыздың өмір сүру салтына берлігеніміз соншалық – басқа дүниенің бар екенін ұмытып кетеміз. Басқаша өмір сүруді елестете алмаймыз. Арман-мақсаттарымыз солардың ой-өресі негізінде шектеліп қалады. Әдетте, өзімізді жанымызда жүрген жандармен салыстырамыз. Олардың біздің асып кеткен жетістіктері жоқ болса, арқаны кеңге салып, жайбарақат өмірді жалғастырамыз.

Ал керісінше, жанымыздағы жақын досымыз үнемі үйренуге, кітап оқып жаңа нәрселер жасауға ұмтылатын өзгеріске құштар адам болса, онда сіз дамудан қалып бара жатқаныңызды сезіне аласыз. Сөйтіп өзгеріске ұмтыласыз.

Бірге жүрген достар тарапынан кез келген уақытта, «Тамақ ішіп қайтайық», «Бильярд ойнап жіберейік», «Киноға тарттық» секілді жеке жоспарда жоқ шақыруларға «ләббайлап» қалай шауып кеткенімізді өзіміз де аңғармай қаламыз. Бірінің көңілін қимаймыз, енді біреуінің ұсынысы нәпсіңе ұнайды, тағы біреуінің «Бір рет барғанда не тұр», «Дүниеге бір-ақ рет келген соң рақаттанып өмір сүрсеңші», «Ертең істей саласың» секілді сұлу сөздеріне алданасың. Жылдар осылай өте береді. Ал сен баяғы өзгермеген күйіңізде қала бересің. Мақсатың айда, өзің сайда дегендей...

Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз: «Кімді дос тұтып жүргендеріне аса мән беріңдер. Өйткені кісі – досының дінінде», - деп аралас-құралас адамдар бір-бірінің өміріне әсер ететіндігіне назарымызды аударған. «Досыңның кім екенін көрсет, сенің кім екеніңді айтамын» дейтін де қанатты сөз бар. Әзіреті Әли: «Дүниеқоңыз адамдарды дос тұтпаңдар. Өйткені олар кедей болсаң қор көреді, байып кетсең, қызғанады», - деп жүрегі дүниеге байланған дсотан қауіп барын ескерткен.

Қазір әлем күрт өзгерді. Адамға жедел ықпал ететін сойқан оқиға көп. Әлеуметтік желіде миллиондаған көз көрмеген танысың. Өмірде бір рет бет кездеспеген мыңдаған «досың» бар. Бүгінгі таңда олардың ықпалы саған қатардағы достардан да ауқымды. Олар сенімен жатсаң да, тұрсаң да, тамақ ішсең де үнемі бірге. Суретпен, сөзбен, видеомен саған дереу ықпал ете алады. Бейне бір шайтанның адамды оңынан, солына, алдынан, артынан адастыруға әрекет ететіні сияқты түрлі мессенджер, желілер жан-жағыңнан әбден қоршап алған. Олар ойыңды өзгерітп, санаңды сансыратуда. Белгілі бір уақыттан кейін сен де солар секілді ойлап, солар тәрізді күлетін, соларға ұқсап киініп, солар сиқяты өмір сүру бастайсың. Жылт-жылт етіп үнемі шыға келетін арзан әзіл, қысыр әңгімеге қарап, миыңды бос нәрселерге толтырумен өмірің өтіп жатыр.

Сондықтан әлеуметтік желіде кім көрінгеннің парақшасына жазылу қате. Кімге жазылатыныңды әбден зерттеп-зерделеп барып шеш. Пайдалы ақпараттарды бөлісетін, өмірлік мәні басым, жасампаз жандардың парақшасына жазыл. Мәуләна Руми: «Аралас-құралас адамдарыңа, жақын достарыңа мән бер. Өйткені бұлбұл – гүлге, қарға күлге жетелейді» деп бекер айтпаған. Ешкімге, тіпті қара бастарыңа пайдасы жоқ жандардан алыс жүр. Бұл жайлы Мәшһүр Жүсіп атамыз.

«Сырты түгіл үйірілсін ішіменен.

Кісілігі жоқ жанмен үйір болма,

Жолдас болсаң, жолдас бол кісіменен!

Пайдасы көпке тисе, әне, кісі,

Ұлғаяр өрге басып оның ісі.

Бір құлқын тамағынан қны аспайтын,

Жаман көп әлдеқандай көрінісі!» - деген екен.

Жақсы досты қайдан табамын деуің мүмкін. Сен түзеле бастағанда, жақсы достар өздері-ақ пайда болады. Гүлге қонған бал арасындай айналаңа жиналады.

Біліміңді арттыратын пайдалы курстарға қатыс. Сапалы семинар, керемет коучтардан құр қалмауға тырыс. Көбінесе, ондай жерлерге өздерін жақсы тарапқа өзгерткісі келетін, дұрыс өмірге қадам басқан жандар барады. Міне, бұл жақсы дос табу үшін саған керемет мүмкіншілік. Ондағы өзіңе ұнаған адамдармен жақыннан танысуға әрекет ет. Қарым-қатынасыңды тереңдет. Жаңа дос, жаңа мүмкіншілік, жаңа өмір деген осы.

Өзгеріске құштар достар өзара кітап оқу, спорттық түрлі жарыс ұйымдастыруына болады. Мысалы, ватсап, телеграмсекілді мессенджерлерден арнайы чат құрып, жақсы іске жұмылдыру. Мысалы, Құран оқу, салауат айту, спорттық ойын т.с.с. міндеттемелерді атқаруға топ мүшелері түгел атсалысады. Оның атқарылуы жайлы чат арқылы есеп беріледі. Бұлай жасау топ мүшелері өзара ықпалдасуға, бір-бірін демеу тұрғысынан керемет мотивация қызметін атқарады. Күнделікті міндеттемеден жалтаруға мүмкіншілік берілмейді. Өйткені топ мүшелері бір-бірінен күнделікті атқарылған істің есебін жіберуді талап етіп отырады. Күнделікті міндеттемені жасамаған кісіге қаржылай белгілі бір мөлшерде айыппұл немесе спорттық жаттығулар жүктеп отыруға болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 104 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: