08:48
Рухани-танымдық сүрлеулер

КӨҢІЛ – НАҒЫЗ ҚАЗЫНА

Көңіл деген көк дөнен! Көңіл – ықыласың, шалқыған рухты ниетің, ынта-шабытың, ой дүниең, пейілің, көксеген арман-қиялың!

Көңіл – арманға көксей берілген ішкі сана-сезімің, зейінің ауған ықыласты құштарың – махаббатың, көнбіс төзімің. Ол – меселіңді қайтармас ниеттестігің, лостығың мен ынтымақты бірлігің. Әдепті, сүйінішті, рақаты тірлігің, ілтипатың, кішіпейілділігің. Көңіл – осындай қазына. Дертке де дауа, жанға да шипа болып, айттырар кейде базына.

 

ЕҢ ҚАУІПТІ ҚАЛЫП

Мінез-құлығын, жүріс-тұрысын өзгертіп, төбеден түсердей асылық сөздерін селдетіп, жасанды қылықтарымен көлгірсіп, қанағаттан кенде, ашкөздене, дүниеге көзі де, өзі де, көңілі де толмай, дүниеқорлығын сездіріп, көзі тынып, кеңсірігі тартыла дүниеқонызданып, ен дәулеттің құлы болып, жиғандары өз құнынан асып, елге пайдасыз болып сасып, асқынғаннан ақылын жоғалтып, халыққа қайыры жоғалтып, халыққа қайыры жоқтар – дүние үшін небір әрекетке баратын ең қауіпті жандар. Лайым ол қауіп, тек қауіп болып-ақ қалса ғой!

Бұрынғылар: «Қарақұс бауырына басып жейді, сауысқан айдалаға қашып жейді, ал ақсұңқар жан-жағына шашып жейді», - деген.

Болымсыз, дүниеқоңыздарға тән Майқы биде халық нақылына айналған мына тіркестерге көңіл аударып көрейікші:

«Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады. Асылдан асыл туады, жалқаудан масыл туады, масылдан малбақпас туады, тілазардан қылжақпас туады. Таздан жарғақбас туады. Сараңнан бермес туады. Көрден көрмес туады. Мылжыңнан езбе туады. Қыдырмадан кезбе туады...» деген жоқ па еді.

 

БІР КЕМІСТІК ТУДЫРАР САН КЕМІСТІККЕ ТОҚТАЛАР БОЛСАҚ

Есейгенде, әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаһары дегендей сөз қалған. Туған ауылын еске алмау – балғын балалық шағын еске алмау, өмір бесігіне жолдама берген құт мекенін, өзі тербелген бесігін, ананың ерекше дәмді ақ сүтін ойламау, сонда байыз тапқан ата менен ананың рухын ойға алмау, көз көрген ағайын-туысын, бауырларын ойламау, жалпы дүниенің байыбына бойламау. Мұндай адамды меңіреу деуге келеді. Ондайлардың өзіндік айтары да болмайды, айтқаныңа жаңғырық болар қайтары да болмайды. Бұл кемшіліктерді өзімнен кеткен кемістік деп ұғып, түзей білу, әркімнің өзіне ғана байланысты.

Осы сияқтыларды тұжырымдай келе былай дейміз:

Жақын жүріп жат болу – кесапат әрі қасірет.

Алыс жүріп жақындау – шарапат шын қасиет.

Ар-ұятты ту етіп, әдептілікті түлетіп,

Шын жүректен мейір төге араласу – ғанибет.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 3 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: