16:45 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ЕҢ БАСТЫСЫ – АР-ҰЯТ Адам баласына нағыз керекті, басты қасиет, шынайы сезім- ар-ұят пен адалдық, кісілікке бейімделу, үлкенді сыйлау, кішіні баулу. Ар – адамның адамгершілік қасиетінің өлшемі, намыс, ұяты. Адамға адал серік – ар ғана. Ар-ұят дегеніміз иман. Ар – адамның сақтандырушысы, қорғаушы күші, дер кезінде тоқтам салар, күнәдан сақтап, нәпсіні тыятын тек адамға тән қасиет. Ар-ұят үнемі жақсылыққа бастайды. Былайша айтсақ, ар-ұят дегеніміз – абыройды айрандай төгіп алудан қорқып, үрейлену. Ар жазасы – ең ауыр жаза. Біле білген адамға, бірінші кезекте, ар – қазақбайшылдықты емес, қазақтығыңды сақтай білу. Арың өлсе – бойыңдағы барыңның өлгені. Ұя жоғалса, аярлық та, арамдық та, айлакерлік те, жемқорлық та, ашкөздік те андыздап, қоршап ырқына көндіреді. Ұятсыз адам нәпсінін тыя алмайды. Мұхтар Әуезов: «ең ауыр жаза – ар жазасы», - деген. Ақылы шолақ, көкірегі ұятсыз болса, ол адам өлік. Ақылдың ала-құласынан ұяттың ала-құласы жаман. Көкірегіне нұр жетпеген адам қанағатсыз. Қанағатсыз көңіл ұятты аттап жүре береді. Ұрсысып үйренген адамдарда ұят болмайды. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың ұрсысуы өте жаман әдет. Бір ұрсысқан адам екіншісінен де тартынбайды. Ондайларға ұрыс-керіс, ұрлық-қорлық, ит-ырғылжың өмірлерінің қалыпты мөлшеріне айналып кетеді. Тез ұрысқаны сияқты тез табысып алып, бір болар-болмас нәрсеге ерегісіп, қайта бет жыртыса береді. Оны өздері артық та санамайды, оларының ұят екенін де сезбейді. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Ұят жоқ жерде бәрі жоқ», - деген екен. Сондықтан жоғарыдағы келеңсіздіктерден сақ болған жөн. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |