12:10
Рухани-танымдық сүрлеулер

БАСТЫСЫ – ОҚУ және ТӘРБИЕ

Гаджеттерден бас алмастан күн ұзын көк жамбас болып отырып, түрлі берекесіз «қызықтарды» іздейтін, мақсатсыз тентіреп, сарсылса да қоймайтын, сенделісте жүріп «сергитін», кітап оқымай, білімді мансұқтап кергитіндерден жақсы маман шықпайды. Білім – адамды тұмшалаған қараңғы қапастан, жарық та кең әлемге алып шығады. Білім алу жолында табандылық керек. Білім –кісіні ізет пен абыройға жетелейтін құрал. Білімге ұмтылмау – жаман іс. Білімге қызығушылығы жоқ, құштарлықтан жұрдай адам – жаман адам. Өйтіп-бүйтіп бітіріп, ісін білмейтін бос дипломды маманды кім жақсы көрсін! Ондай маман өмірден орнын таппай, бала кезіндегі сандалысынан опық жейді. Бала, біле білгенге – жас көшет. Сондықтан да:

Ұлыңа өсиет айтып,

Қызыңа ғибрат көрсетіп,

Тәліміңді жастай бер!

Жалықпай берсең қашанда,

Ақталары кәмілсіз

Тәрбиеге төккен тер!

 

ЖАҚСЫ ЖАННЫҢ БАСТЫ ҚАСИЕТІ

Жақсы адамның жүрегі, ығы мен көлеңкесі көпке бірдей түсетін – биік бәйтерек. Жақсылардың ақылы азық, сөзі сусын!

Жақсы адамның жамандық жасау қолынан келмейді.

Жақсы адам – күйініш-сүйінішке де, сәтті не сәтсіздікке де, байсалдылық пен жеңілтектікке, ашушаңдық пен сабырлылыққа да салқынқандылықпен қарай алатын адам.

Жақсы адамның ойы, сөзі, ісі де қалтқысыз. Тәкаппарланбай, жымиып жүретін адам – жақсы адам.

Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, ол – әділеттілік. Ал жақсылыққа жамандық жасау – қылмыс, ол – қара адамның ісі. Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі, ол – адамдықтың ең ұлы дәрежесі.

«Мың қарға – бір кесек. Жаманның жүзі бірге есеп» деген де бар.

Көргенсізге жөн сілтемегеннің көргенділігінен не пайда? Таспен атқанды аспен ата біл. Жамандық ойлағанға ойланбастан жақсылық ойлағанның алды жарқын боларын да біл. Жақсылығын жақсылықпен қайтар, жамандықтың соңы жамандыққа алып келер.

Жақсылың да өзіңе,

Жамандығың да өзіңе.

Майлықожа шайырдан:

Жақсылық отқа күймес, суға батпас,

Гауһар тас жарық қылмай, жерде жатпас.

Қолдан келсе, етіңіз жақсылықты,

Жақсылықты еткендер жаман таппас, -

деген нақыл қалған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: