00:12 Рухани-танымдық сүрлеулер |
САНДАРДАН ТҮЗІЛГЕН ТҰЖЫРЫМДЫ ТОПТАМАЛАР Бір саны Бір саны – бар құбылыстың, тіршілік жаратылысының бастауын білдіреді. Бір санының баламалары – жеке, дара, жалғыз, саяқ болса, Ай – біреу, Күн – біреу екені белгілі. Бір саны жаратушымен байланысқан. Содан: «Жаратушы ортақсыз біреу, әлемде жоқ оның теңдесі. Одан басқа тәңір жоқ, Алла жалғыз! Оған кәміл сену керек өмірдегі пендесі» деген сөз қалған.
Алланың сөзі де рас, өзі де рас «Күніне мың пәлеге жолықсаң да, бір Алладан күдеріңді үзе көрме» деген сөз тегін айтылмаса керек. Адам ризашылықты тек Жаратушы-Алладан күтіп, айналасындағыларға аса құрметпен қарап, бекзаттық болмысқа ие болып, өмірдің күйкі тірлігінен биік тұрып, алланы танып, оған сеніп, құл бола білуге талпынғандары дұрыс болады. Данышпан Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде: «Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – Алла» дейді.
Бірінші керек: ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – азаматтың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» десе, ел аузында: «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген де сөз бар. Іс жүзінде ұрпағымызға берілетін білім ұлттық мақсатқа бағытталып, Отанға деген сүйіспеншілікке негізделіп, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрмен ұштастырылып отырса ғой.
Алладан кейінгі жаратушы Кім ол? Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков былай деп анықтама береді: «Әйел – Алладан кейінгі жаратушы. Әйел – анаң, жанжарың, таусылмайтын қызығың, ожданың әрі қорғаның. Әйел – базарың, отбасыңның ажары, әділеттің, тазалықтың, кісіліктің қамалы; әулетіңнің таусылмайтын берекесі, ыстықтасаң сая болар көлеңкесі; өшпейтін өнегесі, қанатын жайған керегесі». Орынды айтылған.
Әліпті тану үшін, бірлікті тану қажет Әліптің бейнесі тік сызық, ол көкті нұсқап тұр. Көк – ұлы да шексіз ғалам. Оны тану үшін Жаратушының бірлігін түсіну керек. Бірліктің бейнесі әліптен басталмақ. Тік сызық – тура жол, ақиқат жолы. Ақиқат жолын түсініп, Алланың бірлігін тани білген жөн.
Бір санынан бірлікті ұғынған дұрыс Бір «бірлік» сөзінің түпкі түбірі саналады. Білгенге, бір – бірліктің тынысы. Адам өмірін басқаратын, әр пенде алғаш өз ұмтылысымен, талпыныс жасайтын сан. Бір санының омонимдері де, синонимдері де – намыс, абырой, ұтыс, жеңіс, яғни бірінші орынды иемдену. Береке – бірлікте. Бірлік, ынтымақтастық, татулық отын сөндірмеуге бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әрекеттенген дұрыс болады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |