10:52
Рухани-танымдық сүрлеулер

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР

Сәбидің қырқынан шыққандағы «иткөйлегін» бедеу келіншек алса, бала көтереді деген де ырым бар.

* * *

Нәрестелердің киімдерін түнге қарай қалдырмау керек. Себебі олар киген киімдерге жын-шайтан әуес келеді екен.

* * *

Қуаңшылық болып бара жатса, тасаттық жасаса, Алла жауынын береді деген сенім қалыптасқан.

* * *

Алыста жүрген ағайынды аулына келіп, алғашқы қадамын жасағанда-ақ, «Туған жерің осы, перзенттік парызыңды ұмытпа! Еліңе деген патриоттық сезімің арта берсін!» деп, жерге аунату рәсімі бар.

* * *

Жас жігіт алғаш рет сапарға аттанарда оның аман-сау ортаға оралуын тілеп, мал сойып, дастархан жаю ырымы – тоқымқағар.

* * *

Қазақта сойылған малдың етін дастарқанға әкелер алдында, басты жасы үлкен адамның алдына қояды. Әкесі бар адам бас ұстамайды. Әкесі бар адамның, әкесіндей адамдар отырып, бас ұстауы келіспейтінін ескеріп, бас ұстаған жастың әкесі өліп қалады деген ырым қалыптасқан.

* * *

Жаңа туған ботасы бар үйге, көз тимеуін көздеп, бет алды тіміскіленіп қарай бермей және екпіндете қатты жүріп келмеуін ескерткен ишарасы ретінде, қызыл жалауша іліп қою дәстүрі бар.

* * *

Ас ішерде қол жумай, дастарқанда отырып қасынуға, мұрынды шұқуға, басты сипауға, шанышқымен тісті шұқылауға болмайды.

* * *

Балалар тамақ жегенде, кісі алдынан емес, өз алдынан аздан алып, асықпай шайнап жұтуға, тамақ жеп болған соң «әл-хамду лиллаһ» деп айтып отыруға дағдыланғаны дұрыс.

* * *

Мүшел жасқа толғандардың жоқ-жітікке садақа таратып, адамдарға қайырымдылық жасағаны дұрыс саналған.

* * *

Тамақтанып отырғанда қолды жалау үлкен әбестік.

* * *

Табанның қышуы – адамның ұзақ уақыт жаяу сапар шегерінің нышаны деп білген.

* * *

Қолынан қамшысын түсіріп алған адамның қуаты мен айбаты қайтар деген де ырым бар.

* * *

Ырыс кетпеу үшін, тұмса туған малдың уызын алғаш иелерінің татқандарын саналған.

* * *

Кесапатты адамның артынан бір уыс топырақ шашу – пәле-жала сонымен бірге кетсе екен деген сенімнен шыққан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 40 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: