22:45 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР Түйе етін жеген екіқабат әйелдің толғағы қатты болып, баланы он екі ай көтеретін болған. Мұндай жағдайда үй төріне бураның бас сүйегін іліп қойып, немесе бураның мойнына ақ мақта салып, мойнынан аттап өткізсе, нәтижеге қол жеткізуге болады екен. * * * Екіқабат әйел қоян етін жесе, нәресте қоянжырық болып туады деген де ырым бар. * * * Жүктілік кезінде әйелдер айналадағы сұрықсыз қорқынышты дүниелерге, ұсқынсыз заттарға, мәйітке, тіпті ажарсыз адамдарға да қарамау керек. * * * Қорқып қалып, шошымаға ұшырап қалмауы үшін, әйелге түнде суға баруға тыйым салған. * * * Мерзімінен бұрын босанып қалмауы үшін, жүктілік кезінде әйелге қайшы не ара сияқтыларды пайдалануға, затты майыстырып, кесуге болмайды деп ырымдаған. * * * Аяғы ауыр әйелдің толғағы ауыр болмауы үшін, итке «кет» деп айтуына болмайды. Ал жаңа босанған әйел итке «кет» деп айтатын болса, ол әйелдің қайраты кеміп, әлсіздік басып, жағдайы нашарлап, тісі де түсіп қалады деген және итке тас лақтырса – үйдің ырысы кетеді, әйелдің бағы қайтады деген де ырым бар. * * * Іштегі сәбидің қимыл-қозғалысына қарап: оң жақтан қозғалып, іш кішкене, үшкір, шошақ болса – ұл; сол жақтан қозғалып, іш төмен түсіп тұрса – қыз дүниеге келер деп ырымдаған. * * * «Қасиетті Жер-Ана, күш, қуат бере көр», - деп мезгілі жақындаған әйелді жалаң аяқ қара жерді басқызып жүргізеді. * * * Босану қиындықсыз өту үшін, жүкті әйелге түйме қадап, жамау жамауға рұқсат бермеу керек. * * * Толғағы қатты болмау үшін, екіқабат әйел толарсақ жемеу керек. * * * Жүктілік кезінде шашын кескен әйелдің баласы кемтар болып, бақыты да кесіліп кетуі мүмкін. * * * Келіннің ата-енесінің төсегіне отыруы сөкетікке саналады. * * * Әйел үйде толғатса, сандықтың аузын ашып, үй ішіндегі ілулі тұрған заттарды алып қойса, толғақ жеңіл өтеді деп ырымдаған. * * * Іштегі баланың кінәратсыз тууын көздеп, жүкті әйелдің кіндік шеше болуына жол берілмеген. Жаңа туған сәбидің «жолдасын» елеусіз тастаса, босанған әйел ауырады деген сенім қалыптасқандықтан, оны таза жуып, жақсылап орап, аяқ баспайтын жерге қастерлеп көмген. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |