22:15
Рухани-танымдық сүрлеулер

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР

Ұзақ уақыт ауылдас болған адамдар айырылысарда, яғни басқа жаққа көшкенде ел-жұртты жиып берілер асты «айырылыс қазан» атаған.

* * *

Жаңа қонысқа келгендерге: «Бақытты мекен болсын!» деген дұрыс болады.

* * *

Есікті, яғни босағаны керіп, табалдырықты басып тұруға, босағаға сүйенуге болмайтынын біл.

* * *

Бойындағы жағымды қасиеттері, мінез-құлқы сәбиге жұғысты болсын деген ниетпен, ата-анасының сұрауы бойынша, үлкен адамның сәбидің аузына түкіруі де болып тұрады.

* * *

Төрт түлік жүрген жерде Қызыр пайғамбар болады деген сеніммен, отарлар мен табынның ортасынан кесіп өтуге тыйым салған.

* * *

Ай қараңғы болғанда мал – ұрғашы, жарық болғанда – еркек төл туады деген де болжам айтылады.

* * *

Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақанын, екі табанын жуатын болса, тәуір болар деген сенім де бар.

* * *

Күйеуі қайтыс болған әйел ғана бүйірін таянып тұратын болғандықтан, әйелдерге бүйіріне қолын қойып, таянуларына тыйым жасаған.

* * *

Ер азаматтары бар қазақ әйелдерінің қара орамал салып тұруына тыйым салған. Қара орамалды азаматтары о дүниелік болғандар ғана салып, тартуына болады.

* * *

Әйелдердің шашын бос жіберіп, иығына дейін еркін жайып жүруі – жаман ырым, күнә. Олай ету тек ерінен және басқа да етене өз жақынынан айырылғанда ғана жасалынатын ишара. Сондай-ақ, шашты ақыл есі ауысқан әйел, талақ етілген әйел және елді жау шапқанда ғана жаяды. Сонан кейін әйелдер шаштарын жуған кезде ғана жаятынын ескерген дұрыс. Басқа кездерде әйелдердің шаштарын жайып, ешқандай біріктіріп түйреместен, иықтарын бос тастап жүрулеріне жоғарыдағы келтірілген себептерден басқа кезде болмайды. Өлім шақырады...

* * *

Жегені бойына тарамай қиналатын жүкті әйелдің жерігін қазақта «итжерік» атаған. Одан құтылудың жолы. Итаяқты тазалап алып, оған алма, өрік сияқты қабығы аршылатын жемістер мен тағамдарды салып араластырып, қабығын аршыған соң жуып, жерік әйелге жегізу. Сондай-ақ келіннің жерік асын тауып беруге әрекет жасау. Жерігі қанбаған әйел босанғанша құсып, тамағы бойына сіңбегендіктен, дүниеге келген сәби ес жиғанша сілекейі шұбырып тұратын болады екен.

* * *

Жүкті әйелге тіл-көз тигіш келерін ескеріп, бойына бітіп, аяғы ауыр тартқаны туралы жаңалықты туыстардың өзіне де неғұрлым кеш айтса, соғұрлым жақсы екен.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 36 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: