22:24
Рухани-танымдық сүрлеулер

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР

Үлкен адамның алдын кесіп өту әдепсіздікке жатады.

* * *

Сәбиді қырқынан шыққанда қарын шашын алмаса – қарғысы қатты болады.

Қырқынан шыққанға дейін сүйіп, аймалауға болмайды.

* * *

Емшектегі сәби анасының төсін ұстап еметін болса сараң; еркін еметін болса жомарт болады деп болжаған.

* * *

Көйлегінің етегі бүрілмеген сәбидің тілі тез шығады.

* * *

Жаңа туған нәрестесі тұрмай шетіней беретін болса, қазақ ырымында нәрестені үлкен әжелік дәрежедегі кісілер бір-екі күнге бөлек алып кетіп, әке-шешесі керегенің астынан немесе терезеден келіп, ырым жасап, сатып алу рәсімі қолданылады.

* * *

Баласы тұрмай жүргендер, өмірі ұзақ болсын және қарғыс өтпесін деп, нәрестені жасы үлкен, елге құрметті ең кемі үш кемпірдің бұтының арасынан өткізіп алады. Бұл ырымды халық ақыны Кенен Әзірбаев өзінің қызы Төрткен туғанда қолданып, атын да Төрт кемпір бір шал қойған. Кейіннен ғана атын Төрткен деп өзгерткен екен.

* * *

Екіқабат әйелдерге ауыр жүк көтеруге, түнде жалғыз қалуға, ішімдік ішуге, темекі тартуға рұқсат етпей, баланың дамып өсуіне қажетті барлық жағдайларды жасап отырған. Жерік асын тауып беруге күш салған.

* * *

Екіқабат әйел керулі тұрған немесе шұбатылған арқаннан аттамайды. Аттаған жағдайда, іштегі баланың кіндігі мойнына оралып, тұншығып, өміріне қауіп төнеді деп ырымдалған.

* * *

Нәрестенің болашағын ойлап, ер баланы «үй күшік болмаса екен» деп, кесілген кіндігін қырдан асырып лақтыру, «кітапқа жақын болсын» деп, кітап арасына сақтау, ат құлағында ойнаса деген ниетпен ат жалына, малсақ болуын ойлап, малдың мойнына байлау, қыз баланы «үйдің құты болсын» деп, кіндігін ошақ түбіне көму ырымдары бар.

* * *

Баланы бесікке саларда ешкім сөйлемегені жөн. Себебі біреу сөйлеп қалатын болса, бала жылауық болғанымен қатар, өскенде өсекші де болу қаупі бар деп есептелген.

* * *

Қазақ балаларының санын туралап айтпайды, санамаламайды да.

* * *

Сәби шалқалап жатып, башпайын тістелесе, соңынан тағы бір бала келгелі тұрғаны деген ырым бар.

* * *

Сәби шалқасынан жатып ұйықтайтын болса – елге белгілі азамат болуының, бүк түсіп ұйықтаса – жігерсіз, жасық, уайымшыл болуының, етпетінен жатып ұйықтайтын болса – ойшыл болуының нышандары деп топшылайтын болған.

* * *

Бала асықтың етін мүжімеуі керек. Қазақта: «Алты жыл аш болсаң да, асық етін мүжіме» деген нақыл тегін айтылмаған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 41 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: