10:12 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР Екіқабат келін басқа үйге өз дастарханынан апарған дәмнен татып алмау керек деген де ырым бар. Ондай астан жеген екіқабат әйел қыз босанады екен. * * * Екіқабат болған келінді «ата-баба аруағы қолдап жүрсін» деген мақсатты көздеп, ауылдағы үлкен үйдің керегесіне ақ орамал тағып қояды. Бұл «керегеге орамал тағу» ырымынан кейін, бүкіл ауыл келіннің аяғының ауыр екендігін біліп жүретін болады. * * * Аяғы ауыр келіншек шошынбас үшін, қайғылы хабарларды босанғанша естірпеуге әрекет жасалынады. Себебі оның көз жасы төгілсе, нәресте жасық болып туылатын көрінеді. * * * Жолым болсын десең, ертеңгі астан ең болмағанда ауыз ти. Ертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама деген қағида содан қалған. * * * Айдалада өсіп тұрған жалғыз ағашты кескен дұрыс болмайды. * * * Өз атыңа айтылған қарғысты қайтарудың қарапайым жолы: сол иығыңнан асырып түкіру немесе ағашты үш рет тоқылдату екен. * * * Таңертеңгі ас дастарханынан ауыз тимегеннің әйелінің не ерінің бірін-бірі тастап кету қаупі болады деген сенім бар. * * * Аттылы ер адамның жолын кесіп өткен әйелдің бақытсыздыққа душар болып қалмау жағдайын көздеп, оларға келе жатқан ер адамды өткізіп жібергеннен соң ғана, жүрулеріне болатындығын, үлкендер жағы ескертіп отыруды жөн санаған. * * * Үйге кіріп келе жатқан адам сүрініп кетіп, құлап қалған жағдайда, үйге береке, ырыс, кіріс-байлық кірмек. Баланы төрге үш аунату керек. * * * Адамның кей кездерде түрлі ағзалары жыбырлап тартатыны бар емес пе ондай жағдайда, оң көзі тартқандар, қуанышқа кенеледі, сол көзі тартса, қорқыныш болуы, табаны қышыса, жаяулатып жол жүруі мүмкін деген түсінік бар екен. * * * Балаларға жүріп тамақ жеу, ыстық тамақты үрлеу, нанды екі саусақпен сындыру, нанды ыдыстың астына қою, майлы тамақтан соң мұздай су ішудің жөн еместігін құлағына құйып отырған орынды саналған. * * * Қазақ дәстүрінде қосарланып, қатар біткен ағашты «қосағыңнан айырыласың, қанатыңнан қырқыласың» деп, кесуге тыйым салған. «дүние түгел егізден жаралған, ал егіздің сыңарын құлатқан оңбайды, көңілі қапаланып, зарығып өтеді» деген ырыс да бар. * * * Нәрестенің кіндігін кестірерде, бесікке саларда, тұсауын кесерде, жаңа түскен келіннің шымылдығын құрарда, төсегін саларда жақсы жағынан ел ілтипатына бөленген, сыйлы болған адамды жан-жақты қатты таңдауды міндет санаған. * * * Жас босанған келіннің тұңғыш баласының кіндігін, екінші баласын тумай қалу қаупінің мүмкіндігін ескеріп, тумаған әйелге кестірмеген. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |