09:15 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ХАЙУАНАТТАР ЖАЙЛЫ ҚЫЗЫҒАРЛЫҚ ДЕРЕКТЕРГЕ ТОҚТАЛАЙЫҚ Аналық ара бір күнде – 1 мың 500-дей, ал маусым бойы – 250 мың жұмыртқа салып, ұрықтандырылғанынан керегінше, ана ара мен жұмысшы аралар шығарады. Ал ұрықтанбағанынан еркек ара (трутень) шығады. * * * Аталық аралардың ерекшелігі – омартаны қорғауға да, жинастыруға да, азық жинауға да, бал жасауға да қатыспайды. Оның жалғыз ғана қызметі – аналық араны ұрықтандыру. Басқа қызметке олар жарамсыз келеді. * * * Ара – адам ағзасына пайдасы бар жәндіктердің көшін бастайды. Себебі уы ем, ауруға шипа. Бір тамшы уының құрамында ақуыз, амин қышқылдары, менделеев кестесіндегі көп элементтер мен дәрумендердің бірнеше түрі бар екен. Ара шаққаннан қорқудың қажеті жоқ. * * * Аралардың өмірі өте қысқа. Бар-жоғы 30-35 күн ғана өмір сүреді. 1 кг бал жинау үшін, барлық ұя мүшелері жабыла жұмыс істейді. Аралар керемет құрылысшы, нағыз сауатты инженер сияқты, теңдей геометриялық дәлдікпен бір пішінде алты бұрышты бал ұяшықтарын бір-бірінен айнытпай, ауытқықтпастан жасай алады. Бір қызығы: алты бұрышты ұяшықтарға басқа пішіндегілермен салыстырғанда, ең аз мөлшерде материал қолданылып, көп бал сияды екен. Ұя салғанда бірнеше топқа бөлініп жасап, тоқығандарын соңында біріктіреді екен. * * * Інін қараңғы жер астына салатын, әлі дүниеге әкелмеген ұрпағы үшін, айлы түнде жалт-жұлт етіп көрінетін күміс қоңызды айласын асыра шыр көбелек ызыңдап, құйқылжыта әніне еліттіре ұшып жүріп, өткір найзасын арқа жұлынына қадап, мүгедектікке жеткізіп талдырып, сүйреп ініне әкелген соң, оның жанында жатып ұрық тастайтын аммофиль-ара деген жәндік бар. Бұл ара ұрығын төге салып, өз ұрпағының өсіп жетілгенін күтпестен, інінен қашып кететіндіктен оларды өмірінде көрмейді екен. Ал үш-төрт айдан соң көзін ашқан ұрпақтары, жандарында жатқан қимылсыз мүгедек қоңызға құрымдай құжынап, бас салып жеп, әлденіп, өмірлерін ары қарай жалғайтын көрінеді. * * * Мүкі тістілер тұқымдасы – сауытты армадилло. Бұл топтағы жалғыз сүтқоректі жануар. Олар 20 түрге бөлінеді. Олардың денесі тері тектес сүйекті сауытпен қапталған. Сауытының үстінде мүйізді қалқаны болады. Бұл қалқандар оларды жауларынан қорғайды. Олар шамада 55 миллион жыл бұрын пайда болған ең көне жануар. Бұлай ұзақ сақталуына үстін жапқан сауыт көмектескенге ұқсайды. Армадилло – испан тілінше «сауыт алып жүруші» деген мағына білдіреді. * * * Сауыттылардың есту және сезу қабілеттері жақсы дамыған. Түсті мүлдем ажырата алмайды. Суда жақсы жүзе алады. Тыныс алмай 6 минут тұра береді. * * * Суаттан әкелініп шыны құтыға салынған сүлік күн райы қалыпты болатын жағдайда тыныш жататын болса, жауын не қар жауар алдында су бетіне көтеріледі. * * * Сүліктер жаздағы найзағай мен қыстағы желді боран алдында су бетіне шығып, аударылып, төңкеріліп, өздерін тынышсыз сезінеді. Ал қатты жел тұрар алдында жоғары-төмен жүзіп, тыныштық таппайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |