08:38
Рухани-танымдық сүрлеулер

МАЛ ОТТАРЫ

Халқымызда жердің көгін буын санымен есептеп, малға өз ретімен пайдаланып отырған. От атаулы былай бөлінеді:

Бір-үш буын – балауса көк шөп. Бұған көктемде ерте көктейтін раң сияқты тақыр оты жатады. Жаз жайлауға көшкенге дейін төрт түліктің барлық түрі осы тақыр отымен қоректенеді. Бұл көктер ұлы шілдеде күйіп, жоқ болады.

Бес-жеті буын – жайлаудың шүйгіні, көк от. Олар – мал сүйсініп жейтін «жаз отын» дейтін, көк балауса шалғын шөптері.

Жеті-сегіз буын – күздің қара оты. Қара отқа жусан, көкпек, кекіре, мия, сораң, итсигек сияқтылар жатады. Қара от өте ащы болғандықтан мал жаз айларында онша жемейді. Өте қуатты мал семіртетін шөптің дәні басына жиналады. Қара оттың қуаты күз ортасына қарай енеді. Бұлар қыста таптырмас азыққа айналады. Бұларға жеке тоқталсақ:

Жусан – бір жылдық, екі жылдық немесе көп жылдық шөптесін өсімдіктер не шала бұта. Көбінесе түптеніп өседі. Көп жылдық сабақтары тұқым бермейді. Бір жылдық сабақтарының ұшында сыпырғы тәрізді гүл шоғы бар. Жусан еліміздің дала, шөл, шөлейт аймақтарында өседі. Сор, сортаң жерлерде өсетін қара жусанды жеген қой мен ешкі, далалық жердегі наржусанды, тамыржусанды жеген майда мал мен жылқы жақсы семіреді.

Көкпек – жапырағы сопақша келген, сұрғылт қоңыр қабықты, жазық далада, тау баурайында, сортаң топырақты жерлерде өседі. Оны күз кезінде түйе жақсы жейді.

Мия – өте ащы, көк жапырақты, хош иісті дәрілік шөп. Мұның «қызыл мия», «ақ мия» деген екі түрі бар. Қызыл мия мамырдың орта шенінде көктеп, қыркүйектің екінші жартысында піседі. Мия дәні сабағында сақталып, малға жем болады. Ал қызыл мия суық күз бен қыс оты. Оны жеген мал семірдеі.

Итсигек – өте ащы дәрілік шөп. Наурыздың соңында көктеп, қазан ұрғанша көгеріп тұрады. Өте ащы болғандықтан күздің ақ жаңбыры мен қыс суығы ұрып, қар суына шайылған соң ғана малдың жеуіне жарайды. Боранды қыста оны мал аздап қаужаса, малды жұтатпайды.

Тоғыз-он екі буын – ащы бұталы баялыш, дүзген, құм отына жататын – кеурек, шағыр жусан, қалың түкті, бытыраңқы бұтақты, ұшы мұқыл, жіңішке жапырақты күйреуік, таспа тәрізді жапырағы қондырмалы, құмды жерлерде өсетін құмаршық өсімдіктері жатады. Күз-қыс мезгілінде төрт түліктің, әсіресе түйе мен қойдың ашырқанып жейтін өсімдіктері.

Қыс оты – қопаның қалың нуы, сазды, сулы жерлерде өсетін қамыс, құрақ, ойдың қара сорасы жатады.

Мысалы, бір жеті қара жусанға жайған қойдың денесіне ақ май жиналса, бір жеті изенді жерге жайылған қойдың еті қаракесектенеді. Осылай әртүрлі жер отына қарай алма-кезек ауыстырып жаюдан, малдың ет қабаты да жеген шөбіне қарай өзгеріп, семіретін болады.

Аяқты малдың өрісі де өзгеше. Боз от – бетеге, бидайық, қоңырбас, ебелек, изен сияқты шабындық шөптер жылқының сүйсініп жайылып жейтін шөптері.

Қара от, жусанды жайылым, тастаққа, ши түбіне көрінер-көрінбес болып шығатын өте құнарлы шөп тарлау, аласа келген қыр шөбі – итқонақ, реңі жасылкөк, хош иісті, гүлдері ұсақ, қызғылт не айқын қызғылт, қалқанша, шашақ тәрізді гүл шоғынан тұратын, құрамында эфир майы, илік заттар мен аскорбин қышқылы бар дәрілік шөп – киікоты – қйодың нағыз қорегі.

Күйреуікті қой қазан ұрып, жаңбыр суына жуылған соң ғана жейді.

Құртқашаш – өте қуатты құмды жерлерде өсетін, жатаған тамыр сабақты, жапырағы таспа тәрізді шөп. Сәуірдің ортасынан бастап көктеп, жаз ортасында гүлдейді. Қазан ұрғаннан кейін ғана малға жеуге келеді. Құртқашаш жеген қойдың күйі тез көтеріліп, қыс бойы қонңын бермейді.

Сортаң, жантақты-көкпекті өңір түйеге құт.

Жасық от – сазды жерде өсетін, жапырағы ұзын, жіңішке, сырты түкті құмай, жапырағы қандауыр пішінді, гүл шоғы масаққа тонтанған мысыққұйрық, шым секілді судың бойында өсетін шөптерді сиыр малы ұнатып жейді. Содан да халық арасында «өлеңді жерде өгіз семірер» деген сөз қалған.

Дәрілік аласа шөп – кеуректі төрт түліктің бәрі бірдей сүйіп жей береді.

Ал улы шөптерге ужапырақ, уқорғасын, ушайыр, усойқы, убалдырған, құлынембес, домалатпа, ойраншөп, жындышөп, әлекшөп, сарғалдақ, шырмауық, кекіре, көкнәр, меңдуана, ошаған, итсигек, сабынкөк, итқонақ, қырлышөп сияқтылар жатады.  

баспаға әзірлеген                                                  

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Просмотров: 89 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: