07:10 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ЖЫЛҚЫНЫҢ ЖАНДҮНИЕСІНЕ ҮҢІЛІП БІР КӨРШІ, ҚЫРЫ МЕН СЫРЫН БОЙЫҢА СІҢІРЕ БЕРШІ Жылқының түр-түсіне сай берілген атаулары: Қара жылқы (вороной) қара күрең (темно-рыжий) – түгі түбіне дейін шымқай қара, ұшы қылшықты жылтыр болып келетін жылқы. Торы жылқы (гнедой) – түктері тобылғы түсті, жал-құйрығы, сирақтары қара қошқыл жылқы. Жирен жылқы (рыжий) – түктері қылшықты, бірыңғай сарғыш қызылдау болып келетін жылқы. Сары жылқы (светло-рыжий) – түгі бірыңғай сары жылқы. Қара көк (темно-серый) – түктері қара қошқылдау жылқы. Қаракер жылқы (карий, караковый) – түсі қара, тұмсығы мен шабы күңгірттеу болып келетін жылқы. Ақжал жылқы (белогривый) – түр-түсі құлаға, жиренге, қызыл көкке және басқа да түстерге ұқсас болғанымен, сирақтары мен жал-құйрығы бозғылт немесе боз болып келген жылқы. Көк жылқы (серый) – түгі шымқай көк емес, қылшықты көкшіл болып келген жылқы. Қызыл көк жылқы (сиво-серый) – түк қылшығының ұшы қызыл түстес болып келетін, көк жылқы. Құла жылқы (саврасый) – кеудесінің түгі торы жылқының түсіндей болғанымен, өңі түскен күңгірттеу, қоңыр-сары болып келетін, жал-құйрығы ашық қоңыр, танауы мен көз айналасы, кеуденің төмен жағы, қарынымен ашық түсті, аяқтары қара жылқы. Құласұр жылқы (буланый) – аяқтары мен жал-құйрығы қара, арқасынан құйрығына дейін созылған қара жолақты, басы мен бүкіл денесі жылтыр сары немесе құрым сары түсті жылқы. Құлакер (мухортная, гнедая с подпалинами) – кеудесі ашық сары, басқа мүшелері құла жылқыға ұқсас келер қарақұла жылқы. Құлажирені де болады. Олардың кеудесі өңі түскен сарығыш қызылдау жирен, кекілі мен жал-құйрығы, арқасы қызыл-жирен болса, басқалары құла жылқы түсіндей болып келеді. Сонымен қатар, жалпы түсі қара болғанмен де, тұмсығы мен шабы күңгірт болып та келген жылқы. Шабдар жылқы (игреневый) – ақ қылы мен қара қылы аралас келген жалы бурыл, денесіндегі түгі ақшыл сары жылқы. Ашық шабдар жылқы (светло-игреневый) – жалы шабдар, бурыл бола тұра, денесіндегі түгі торыға жақын тобылғы түсті жылқы. Сұр (бледно-серый) – басы мен сирақтары және жал-құйрығы қара, арқасының қара жолағы шоқтығынан құйрығына дейін созылған, жауырыны, тірсегі мен сирағы көлденең жолақты тарғыл тартып тұратын, денесіндегі түктері көкшілдеу ақ болып келген жылқы. Ала жылқы (пегий, пестрый) – негізгі түгінің арасынан, үлкенді-кішілі ақ дақты түктер өскен жылқы. Шұбар жылқы (чубарый, пятнистый) – көпшілік қылшық түстері басқаша болғанына қарамай, арасында ақ теңбілді қылшықты түк өскен немесе, керісінше, денесінің діні ақ түсті түктерге, түрлі майда теңбіл түстер араласа өскен жылқы. Бурыл жылқы (чалый) – басы мен аяқтары денесіндегі негізгі түгімен бірдей, ал денесіндегі негізгі түгімен қараторы жирен және біртегіс ақ қылшық араласып шыққан жылқы. Шаңқан боз (светло-чубарый) – өте шымқай ақ түкті жылқы. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |