20:26 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ЖЫЛҚЫНЫҢ ЖАНДҮНИЕСІНЕ ҮҢІЛІП БІР КӨРШІ, ҚЫРЫ МЕН СЫРЫН БОЙЫҢА СІҢІРЕ БЕРШІ Жылқының мінез-әрекеттері мен үн шығаруларына қарай берілген атаулары: Бас асау жылқы – сирек ұсталатындықтан шалқая осқырынып, жүгендетпейтін, мойнына қамыт кигізуі қиын жылқы. Безер жылқы – құлағын жымитып, тістеп, теуіп маңына мал тұрмақ, адамды да жолатпауға түрліше әрекет ететін мал. Жеруік – су талғағыш, судан жерігіш жылқы. Шәді жылқы – жуасуға көнбейтін, шәлкес мінезді, тентек, бұғаулап ұстаған кезде қорс ете түсіп, шалқалай құлай кететін жылқы. ондай жылқының көзінің ағы мол, қарасы аз, алакөз болып келеді. Қара тартқыш – жол жүріп келе жатып, қарсы келе жатқан көліктіге, алдағы кез келген ауылға жалт бұрылып жүруге әдеттенген жылқы. Шегіншек, кекжек жылқы – ілгері баспай, жетекке жүрместен тартыншақтап, шегініп тұрып алатын жылқы. Жебір жылқы – байланып тұрған жеріндегі кез келген нәрсені кеміріп, қажап, мүжіп тұратын мал. Жерқорқақ жылқы – аяғын батылданып еркін баспай, кібіртіктете, өте баяу қозғалатын мал. Жерсінбеу – жаңа өңірге өріс ауыстырғанда шөбі ен суын өгейсіп, малдың жүдеп, тым арықтап кету кезеңі. Желдеу – аңызақ, ыстық пен тым тымырсық түндерде шыбын-шіркейден, масадан қорғану үшін, жылқының желге қарсы қарап тұру әрекеті. Үйездеу – күннің аптап ыстығында маса-шыбыннан, сона-бөгелектен қорғану үшін жылқылардың топтанып алып, бірінің көлеңкесіне бірі бастарын тыға тұрып, жоғары-төмен шұлғылап, изеп тұруы. Шыбындау – аңызақ күндері жылқының шыбын-шіркейден, бөгелек, сонадан қорғану үшін, құйрықтарымен сипаңдата шалғылап, басын изеңдетіп тұру әрекеті. Масалау – іңір мен түнгі кездердегі жылқылардың маса буып кеткен жағдайларда, жайыла алмастан қорғалақтанып, түнгі самал желге қарсы жүре оттап, жүріп кету әрекеті. Шұдғу – жылқының шыбын-шіркейден қорғану үшін, иектерін жоғары-төменді көтеріп, бас изеуі. Оқырану – айғырдың шағылысу кезіндегі, жемдеудегі жылқының жем әкелгендегі, құлынды биенің құлынына мекіреніп шығарар үні. Кісінеу – айғырдың үйірінен бөліп әкеткендегі үйірін іздеп, биенің өз құлынын іздеп, топтан бөлінген байлаулы не арқандаулы жылқының бар даусымен шығаратын үні. Осқырыну – жылқының тосыннан сескеніп, секем алып, қорқыныштан танауынан шығаратын дыбысы. Пысқырыну – жылқылардың жайылып жүріп, танауына тұрып қалған шаң-тозаңнан шығарар дыбысы. Шұрқырасу – тосыннан келген ықпалдың әсерінен жылқылар шошығанда шығаратын үн. Ықылықтау – жасы кіші құлын-тайлардың үлкен жылқыдан жасқанып, аузын шайнаңдату әрекеті. Кісіней оқырану – күйі келген биеге шағылысарда айғырдың ұмтылғандағы шығарар үні. Шыңғырысу – айғыр мен күйі келген биенің иіскелесіп мекіренгендегі шығаратын үндері. Ышқына кісінеу оқырану – үйірін іздеген айғырдың қаттырақ ышқына кісінеп, бірте-бірте бөле бәсеңдете жай кісінеу емеуірінін көрсетуі. Айғыр талас – екі айғырдың кісінесе келіп, тезектерін иіскесіп, жер тарпитебісіп, тістесуі. Шыңғыру – жылқыны бұғалықтап байлағанда немесе қасқыр тартып шошып қиналғанда шығарар үні. Іңір жусау және түн жусау – үйірлі жылқының тиісінше, кешкі және түн ортасы болған мезгілдерде от оттаймай тыныстап, демалып тұруы. Таңғы жусау – оты қанып, тойған жылқылардың от оттамай, таң алдында тоғын басып, демалуы. Ойнақтау – көкке тойынғанда, сонан соң күзгі салқында суық су ішіп іш мұздағанда, жас саяқтардың ойын салып, қуысып, тістесіп, ала шапқын болу сәті. Мөңку – бас асау тай-құнандарды үйреткенде, басын төменге салып, артқы аяқтарын жоғарыға көтеріп тебінуі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |