22:30 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ЖЫЛҚЫНЫҢ ЖАНДҮНИЕСІНЕ ҮҢІЛІП БІР КӨРШІ, ҚЫРЫ МЕН СЫРЫН БОЙЫҢА СІҢІРЕ БЕРШІ Қамбар ата тұқымы – қылқұйрық атанған, тұяқты жануар – жылқының жандүниесіне үңіліп, қазақтың байлығы – жылқысында екендігін ескеріп, олардың өз болмыстарына сай, басқа түлікте кездеспейтін, соншама көп атауларына тоқталып, саралағанымыздың артықтығы бола қоймас.
Жылқының бітім-жаратылысына сай берілген атаулары: Тақымға басқан төл ат – белгілі бір жеке адамның жастайынан күтіп-бағып, жеке шаруасына пайдаланып жүрген аты. Тарлан ат – көптен келе жатқан мініс аты. Желікті қызба жылқы – айғайда алып ұшар жылқы. Жүрісті жылқы – ұшқыр, аяғын жылдам, ширақ басатын ат. Мініс ат – күнде мінілетін көлік аты. Лау ат – жолаушылар тасуға бөлінген көлік аты. Пар ат – жегілгенде бір-біріне пар келген қос жылқы. Түп ат – жеккідегі аттардың шетіндегі мықтысы. Тұғыр ат – төзімді жұмыс жылқысы. Бедеу ат – бабы келіскен әсем міңгі ат. Жабық етті жылқы – семіз емес, қабырғасы жабық жылқы. Берік жалды жылқы – ортадан төмен жал майы бар жылқы. Жалы мұздай жылқы – семіз, жалы тұтасқан жылқы. Ер арқа жылқы – арқасы ой келген, жаясы мен шоқтығы биік жылқы. Астау жонды жылқы – жаяның екі жақтағы еті шығыңқы болып келген мал. Тік жонды жылқы – арқалығы мен жоны тұтасып кеткен мал. Қақпақ жонды жылқы – арқалық жоны тұтасып, қабырғаға қарай ойысқан, жаялы жылқы. Қонды жылқы – бұлшық еттері қоңайған, еттілеу келген мал. Берік жалды, жабық жалды, өкпе жалды, су жалды, қара жалды жылқы – арық-семіздігін жалын ұстап білгенде айтылатын атаулар. Тарпаң жылқы – асау, жалт бергіш үркек, тарпып, тулағыш, тебеген, тістеуік келген мал. Қамыс құлақ – екі құлағы сыриып, серектеніп біткен жылқы. Қайшы құлақ – сүйрік біткен екі құлағын жүргенде қайшылап жүретін жылқы. Бәйге ат – бәйге жарысына дайындап, қатыстырылатын жүйрік. Құр ат – біраз мінілмей, семірген тың ат. Ереуіл ат – ұзақ жортуыл жүріске шыдамды, белді, мықты ат. Жарау ат – ащы тері алынған, ұзақ жүріске жарамды қоңы келген ат. Мәстек құлақ – екі құлағы екі жағына қисая біткен жылқы. Жеккі ат – арбаға немесе шанаға жегілетін әккі ат. Маймақ жылқы – аяғы қисық біткен сүрінгіш мал. Қырсау жылқы – шабан жылқы. Керенау, керден жылқы – аяғын ширақ басуды күш снап, жай басар ат. Барлыққан жылқы – семіздей мініліп, қызыл май болуға аз-ақ қалған мал. Жел саңлақ – жарау саңлақ ұшқыр жылқы. Сабылған жылқы – ақ көбігі шығып, шауып келген жылқы. Жетек ат – ұзақ жолға жетекке алынған тың жылқы. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|
|
Всего комментариев: 0 | |