20:11 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ТАБИҒАТ БЕРГЕН ДӘРУМЕН КЕМ БОЛМАС ЕШБІР ДӘРІДЕН Дәрумендер қандай тағамдар мен жеміс-жидектерде кездеседі? А дәрумені – сәбізде, қызылшада, шпинатта (саумалдық), асқабақта, бұрышта, өрікте, қара қарақатта, пиязда, балық майында, шұбатта, қымызда, бауырда, қаймақта, ірімшікте, ешкі сүтінде көбірек кездеседі. Оның жетіспеушілігі неге ұшыратарын бұған дейін де тоқталған болатынбыз. В1 суда еритін дәрумен – ашытқыда, жармада, кебекте, аскөкте (укроп), қарақұмықта, грек жаңғағында, бұршақ тұқымдас өнімдерде, шұбатта, қымызда кездеседі. Бұның жетіспеушілігі дене мен ой еңбегінің әлсіреуіне, жүрек жұмысына әсер етеді. В2 дәрумені – бауырда, бүйректе, сүтте, миндальда (бадам), саңырауқұлақта, ірімшікте, сүзбеде, үрме бұршақта (фасоль), нан ашытқыда, шұбатта, қымызда, ешкі сүтінде болады. Жетіспеушілігі – ерін жарылып, шаш түсуіне, жүйке жұмысына әсерін тигізеді. В3 дәрумені – никотин қышқылы,қышқыл алмасу, асқорыту мен жүрек-тамыр жүйесі мен қандағы холестериннің деңгейін азайтуға ықпал етеді. Бұл дәрумен сиырдың бауыры мен тілінде, тауық, қоян мен қой еттерінде және балықтарда бар. В6 суда еритін дәрумені (придоксин) – ақуыздардың құрамдас бөлігі – амин қышқылдарының алмасуына қатысады. Бұл дәрумен – күріште, орамжапырақта, бананда, картопта, мал етінде, балықта болады. Ол май алмасуды жақсартып, зиянды холестеринді сыртқа шығарады. Жүрек тамырлары мен миға аса пайдалы. Жетіспеушілігі – жас балалардың бой өсуін тежеп, қан аздығын тудырады. Жүйкеге зақым келіп, тәбет тартпай, қан түзілуге, миға әсер етіп, ұйқысыздықтан ашуланшақтанып, тырнақ сынғыш, шаш құрғақтанатын болады. В12 дәрумені – жұмыртқа сарыуызында, малдардың жүрегінде, бауыры мен бүйрегінде, балық уылдырығында, қымызда болады. Бұл дәрумен жетіспесе, қаназдық болып, ас қорыту жүйесінің бұзылуы, жүйке жүйесі мен бауырдың жұмысына әсері тиеді. С дәрумені – киви, бузин (аю бадам), таңқурай, лимон, апельсин, қырыққабат, жасыл жуа, тәтті пияз, итмұрын, алма, қара қарақат пен көкөністерде, шұбатта, қымызда болады. Ол жетіспеген жағдайда қандай мүшелерге әсерін бұған дейін де тізгенбіз. Д дәрумені – балық майында, сүтте, бауырда, жұмыртқаның сарысында, қымызда болады. Бұл дәруменнің жетіспеуі – әлсіздікке, тез шаршап қалуға, рахит ауруының пайда болуына алып келеді. Д3 дәрумені – сүйек пен жүйке талшықтарының дамуына қажет. Балықта бар. Кальций мен фосфордың ішекте сіңуіне керек. РР дәрумені – саңырауқұлақта, таңқурайда, ашытқыда, бауырда бар. Жүйке қызметіне керек. Жетіспеуі – ұйқысыздық, ерін құрғауы, тері қабыршақтануы, дақ түсіп, көңіл-күйдің бұзылуына әкеліп, ми жұмысына, жыныс гормондарына да әсер етеді. Е дәрумені – өсімдік майында, жержаңғақта, жаңғақта, жидеде, тарыда, бұршақ пен жүгері тұқымдастарында, көкөністерде, бауырда, балық майында, балықта, жұмыртқаның сары уызында, сүтте көбірек кездеседі. Жетіп тұрса, бұлшық еттер мен жыныс бездерінің қызметін жөнімен реттеп тұрады. ВС дәрумені (фолий қышқылы( - бауырда, бүйректе, бидайда, ірімшікте, саңырауқұлақта, гүлді орамжапырақта, аскөкте кездеседі. Дәрумен жетіспесе, тері мен көздің шырышты қабақтары құрғап, бозарып, тәбет төмендейді. Лоқсып, қаназдық етек алады. Нағыз дәрумен – түйе сүтінен дайындалған шұбат, айранға қарағанда май, белок, минералдарға бай. А, В1, В2, с дәрумендерінің көзі. Ол туберкулез, қант диабеті, асқазан жарасы, ішек-асқазан ауруларына өте пайдалы. Бауырдың зат алмасу процесін реттейтін және диарея, аллергиялық ауруларға да емдік қасиеті бар. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|
|
Всего комментариев: 0 | |