13:20 Рухани-танымдық сүрлеулер |
САҚИНА ТАҒЫП САУСАҚҚА, ҰРЫНЫП ҚАЛМА ЖАҢСАҚҚА Адам денесіндегі 12 энергетикалық меридиан сызығының тең жартысы саусақтан бастау алса, қалғандары аяқ башпайларына барып тіреледі екен. Сондықтан да сұқ саусақтан басталатын меридиан сызығы – тоқ ішектің жұмысына қатысты болса, ортан теректе қан айналымы жүйесіне тікелей әсер ететін сызықтар орналасқан. Шылдыр шүмектен эндокриндік жүйе жұмысын реттейтін сызық бастау алады. Ал кішкене бөбек – шынашақ, жүрек пен аш ішектің жұмысына қатысты. Бұдан шығатын қорытынды, бұл аталған саусақтарда ұзақ мерзімге немесе ұдайы сақина тағып жүру энергетикалық меридиан жолдарын жауып қалады деген сөз. Нәтижесінде, ағзада қан айналымы мен қуат алмасу жұмыстары бұзылып, ауруға әкеп соғатыны өзінен-өзі түсінікті. Зерттеушілер балан үйрекке сақинаны бес сағат бойы тағып жүрсе, нүктелердің жолы тежеліп, ас ыдырауы бұзылып, өкпе мен тоқ ішек ауруларына соқтырады дейді. Сұқ саусақтың екі шетін жиірек уқалап жүрсе, іштің қатып қалуынан құтылуға болатын көрінеді. Ортан терекке сақина ұзақ тағылса, қан қысымы мен қан қоюлану сырқаттарына жол ашып, гормон түзілуі мен бөлінуіне кедергі болады. Шылдыр шүмекте бүйрек үсті бездері, аналық, аталық бездер, зәр жолдары, қалқанша без жұмысына тән нүкте мен сызықтар тоғысқан. Бұл саусаққа ұзақ таққан сақина әйелдердің аналық безі мен омырау безінің жұмыстарын тежеп, ерлердің аталық без жұмысын әлсіретуге соқтырады. Шынашақта төрт сағат салынып жүрген сақина қалайда жүрекке жайсыздық әкеліп, ішектерге қатысты аурудың қозуына себепкер екен. Тағы бір айта кететін нәрсе, кіндікте 4 меридиан сызығы мен ас қорыту, өт-бауыр жолдарына қатысты нүктелер болғандықтан, кіндікке сәнденуді көздеп, небір нәрселер тағу дұрыс болмайды. Айтарымыз, сән қуып жөнсіз сақина тағып, жоғарыда тоқталғандай жаңсаққа ұрынып қалмау жағы ойда болса екен. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |