10:28 Рухани-танымдық сүрлеулер | |||
ТӘБЕТ – МІНЕЗДІҢ ХАБАРШЫСЫ Адамдардың сана-сезімдері мен ой-түйсіктері және мінездері де сан түрлі. Психологтардың мәлімдеуінше, сол сан түрлі мінезді адамның тамақ жеу тәбетіне қарап-ақ, анықтауға болады екен. Бірақ бұл келтірілгендерді қатып қалған қағида деуге келмес. Бірақ адамның асқа деген тәбетіне, қимыл-қозғалысы мен жүріс-тұрысы және іс-әрекетіне, жатыс қалыбына қарап, адам мінезін шамалы тұспалдаудың бір бөлшегі іспетті қараған дұрыс болар. Енді сол психологтар белгілеген әр адамның тамақ талғамына үңіліп бір көрейік. Тамақ талғамастан, ет пен тоқаш, самса мен бәлішті, басқа да тамақтарды түр-түрімен біріне-бірін қосып, жөнсіз араластырып, асқазанын нығыздай толтырып жей беретіндер – еркін жүруді ұнататын, жауапкершіліктен ат тонын ала қашатын, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін жандар. Мұндайлар жұмыстың тек жеңілін таңдап, айналасының кеңдігін, жанының тепе-теңдігін іздейді. Одан тыс, ашушаң болумен қатар, үнемі қобалжулы жүретіндіктен өз жасынан үлкен де көрінуі мүмкін. Бұлардың ортаға біреулер араласпаса, тезірек отбасын құрып кетулері қиындау болады. Сүт, мал сүтінен дайындалған айран, ірімшік тағы басқа да жалпы ақ өнімдерін ұнататындар – өздері ішетін ынтық астарындай ақкөңіл, адал, ақ ниетті, меймандос, қонақжайлы, аңқылдаған ашық мінезді, өте салмақты, тағатты, сабырлы болып келетін жандар. Олар ар-ұятты басты орынға қойып, өз ойларын үнемі електен өткізіп отырады. Аялап, әлпештеуді, мейірім-ықылас пен мейірбандылықты жаны сүйеді. Жалпы құрметті бағалап, адамдарды құрметтей біледі. Шұжық, кәуап, котлет, қуырмаштардан тұратын ет тағамдарын сүйсініп жейтіндер – көш бастауға қабілетті жандар. Олар алған бетінен қайтпайтын бірбет, қайсар, өжет, батыл, өр, пәрменді, сөзін тіктеп, өктем сөйлейтін билікке тән үстемшілдігімен шешімін бірден кеісп айтып, жетістіктерге қол жеткізе біледі. Сенімінен шыққан достары мен қызметтестерін, қашанда жақтауға бейім. Биік белестерге жетіп алып, кейіннен өзін жалғызсырағандай сезінетіні де бар. Бір кемшілігі: махаббат майданында тиянақсыздық танытып, тұрақсыздау келеді. Бірақ балаларға деген ілтипаты ерекше болады. Тәтті біткенді жеуге құмарлар – қуаныш пен шаттықты үлкен, кіші деп ажыратпастан сүйініп, бағалай білетін, өмірдің ләззаты мен рақатын сезіне алатын жандар. Олар жұмсақ мінезді, баяу, бейбітшіл. Бірақ кейде жігерсіздігінен батылсыздау әрекет ететіндіктен, ынжықтаулық танытып, жанында жүргендерді басына шығарып алатын кездері болады. Жеміс-жидек пен көкөністерді ерекше ұнататындар – өзін-өзі басқару қабілеті жақсы дамыған, алдына мақсат қойып, талпына білетін, білімді, ұқыпты, жинақы, істеген ісіне тиянақты, ықтиятты жандар. Олар денсаулықты басты байлық санап, жеміс-жидектерді, көкністерді, жоғары калориялық ауыр тамақтарға алмастыра алмайтындар. Құлшынысы күшті болып, жұмысына беріле кірісетін бұл жандар, жетістіктерге қол жеткізгенімен, беймазалығы да, аяншақтық мінезі де жоқ емес. Денені тітіркендірер қышқыл, тұзды тағамдарға құлшына ұмтылып тұратындар – зілді. Қаталдыққа, қатыгездікке, сұрқия-зұлымдыққа иығын беріп, бойын үйреткендер. Майлы тамақтарды жаны сүйіп жейтіндер – қызмет баспалдағынан көтерілу қолынан жақсы келетін, батыл, қажыр-қайраты жетерлік, жігерлі, мақсат-мүддені жоғары қойып, оны орындауда талпынысын тоқтатпай, жетуге ұмтылатын жандар. Ащы тағамды ұнататындар – өз қара басының қамын көздейтін өзімшіл, өркөкірек, менмендігі болмаса, өткір мінезді, бетің бар, жүзің бар демей кесіп сөйлейтін, сыртқы әсерді сезгіштік қасиеті жоғары, еті тірі, пысық болып келетін жандар. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
|
Всего комментариев: 0 | |