14:45 Рухани-танымдық сүрлеулер | |||
МҮШЕЛДІҢ НЕ ЕКЕНІН БІЛСЕҢ, ЖЫЛ ҚАЙЫРУДЫ ДА ҮЙРЕНЕСІҢ Қазақта жыл басы, күн мен түн теңелетін күн – Наурыздың 22-сінен басталатыны белгілі. Ал бір жылда 12 айдың болатындығы, әр айда орта есеппен 30 күннен болып, жыл аяғында, айлардан тыс, 5 күн қосылып, ол күндерді «бес қонақ» деп атайтынымызды бұған дейін де айтқанбыз. Әрбір 3 айдағы 90 күн – «тоқсан» деп аталған. Тоқсан сөзі жылдың ширегін немесе квартал ұғымын білдіреді. Содан 12 ай өткенде, бір жыл боларын ескерсек, осындай 12 жыл бір айналғанда, бір мүшелге толады екен. Мүшел жылы – Ұлыстың ұлы күні – Наурызда ауысып, басталады. Сондықтан да жыл қайыру есебіндегі жылдарды талдау Наурызбен межеленіп отырады. Ескере кететін бір жағдай: адамда баланың іште жатқан мерзімінің есебін қосып, ер жете бастаған бірінші мүшелі 13 жыл болады. Екінші мүшел – жігіттік 25 жас; үшінші мүшел – ақыл тоқтатқан 37 жас; Төртінші мүшел – орта 49 жас; Бесінші мүшел – орта 61 жас; Алтыншы мүшел – қарттық 73 жас; Жетінші мүшел – кәрілік келген 85 жас; Сегізінші мүшел – қалжыраған 97 жас; Тоғызыншы мүшел – шөпшек сүйер 109 жас; Оныншы мүшел – немене сүйер 121 жас... Мүшелдегі жылдар рет санына қарай аталмайды. Олар 12 түрлі хайуанның, оның ішінде алтауы – үй хайуаны, алтауы – түз тағысының атымен аталып отырады. Көңіл аударсақ: Бірінші жыл – тышқан жылы, Екінші жыл – сиыр жылы, Үшінші жыл – барыс жылы, Төртінші жыл – қоян жылы, Бесінші жыл – ұлу жылы, Алтыншы жыл – жылан жылы, Жетінші жыл – жылқы жылы, Сегізінші жыл – қой жылы, Тоғызыншы жыл – мешін жылы, Оныншы жыл – тауық жылы, Он бірінші жыл – ит жылы, Он екінші жыл – доңыз жылы. Бірінші мүшел аяқталып, 13-інші жылды санағанда қайтадан тышқаннан бастап, санай бересің. Екінші мүшел 12 жылдан соң келеді. Көріп отырғанымыздай, жыл үнемі тышқаннан басталып, доңызбен аяқталып отырады. Енді өзіңнің туған жылыңды біле тұрып, оның жыл қайыруда қай жылға жататынын білгің келетін шығар. Ол үшін, туған жылыңды 12-ге бөлесің. Егер туған жылың 12-ге қалдықсыз бөлінсе, жыл қайырудағы тоғызыншы жыл – мешін жылы туғаның. Бөлгендегі бөлінбей қалған қалдық санына қарап, қалдықсыз бөлінетін мешін жылынан кейінгі жылдан бастап санап, қалдық саны: 1 болса – тауық жылы, 2 болса – ит жылы, 3 болса – доңыз жылы, 4 болса – тышқан жылы, 5 болса – сиыр жылы, 6 болса – барыс жылы, 7 болса – қоян жылы, 8 болса – ұлу жылы, 9 болса – жылан жылы, 10 болса – жылқы жылы, 11 болса – қой жылы болатынын біліп алсаң болды. Жыл қайырғанда есеп дұрыс шығу үшін, адамның туған айы мен күні, міндетті түрде еске алынуы керек. Себебі, 1 қаңтар мен 21 наурыз аралығында туғандар, мүшелше ескі жылға жатқызылады. 22 наурыздан кейін туғандар жоғарыдағы көрсетілген қалдық санына қарап, өз туған жылын анықтай беруіне болады. Мысалға, 1942 жылы 1 қаңтарда туғандардың туған жылын 12-ге бөлгенде: (1942:12) қалдық – 10 болып тұр. Яғни, туған жылы жылқы жылына келіп тұрғанмен, туған айы қаңтар болуына байланысты, ескі жыл – жылан жылына жатқызуға тура келеді. Ал 2000 жылдың 1 мамырында туғандардың жыл қайыруда қай жылғы екенін анықтасақ: (2000:12) қалдық – 8 болып тұр. Ендеше, ұлу жылына сәйкес келуін білу қиын емес. Міне осылай әркім де жыл санауымен туған жылын және мүшел санын біліп алуына болады. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |