23:11 Рухани-танымдық сүрлеулер | |||
ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР Ат құлағы көрінбейтін ақыра келген ақ боранның күш алатын кезі – ақпан. Ақпандағы күндердің райы өте құбылмалы, аумалы-төкпелі болғандықтан, ақ ықпа сөзінен, ақпан атаған. «Ақпанда күн ат адымдай ұзарады» және «ақпан – бір бүйіріңді қызырса, екінші бүйіріңді мұзатады» деген сөздер де қалған. «Жақсылығына барса – құт, жамандығына барса – жұт» айы. Үркер туатын ақпанның 3-і мен 5-інің арасы күн райы өзгереді. Бұл айдың орта тұсын, халықта «Итбалықтың кіндік кесері немесе қатырмасы» атап кеткен. Себебі бұл кезде, қатты суық пен қақаған аязды, боранды күндерге қарамай, Каспий итбалығының аналықтары мұз үстіне шығып, күшіктейді екен де, ақкүшіктердің кіндігі мұзға жабысып үзіліп түседі екен. Ақпанның 15-і – қыспен көктемнің алғаш тоғысар күні. Бұл күнгі күн райына қарап, көктемнің күн райларын болжауға болады. Бұл аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болар деп күтілген. Бұл айдағы қазаққа белгілі қыс амалы ақпанның 17-сі мен 23-інің арасында өтетін «Бөрі сырғақ» бораны. Бұл күндерде жауын жауып, арты сырғақты (ұсақ түйіршікті) қарға айналады. Бұл кезеңде қасқырдың арланы мен қаншығы жұп құрып ұйығып, 62 күннен соң, қасқыр бөлтірігін туады. Ақпан – қыстан көктемге орын берер ай есебінде өте тұрақсыз. Аяздың беті қайтып сына тұрып, кейде аспан түнеріп жапалақтап қар жауа салуы таң емес. Бұл айдың түнде, таң алдында соғар бұрқасыны мен шуақты күндері алма-кезек. Айдың аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. «Ақпанда күн ат адым ұзарады» деген мақал қалған. Ақпан боранды да, наурыз – жылауық. Сондай-ақ бір жағдай, біз үшін ақпан жай ғана ай аты болса, көшпелі қазақ тұрмысында ақпан арпалыспен өтетін, көңіл күдік пен алаңға толы кезең екен. Сол себепті де, «Ақпан ақырып келеді, жан-жағын жапырып келеді», «Ақпанның ақ түтегі» деп, қыстың бұл мезгілінен сақтанған. Ақпанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыс ұзаққа созылмақ та, сол жұлдыздар жымыңдаса, аяз, күңгірттенсе, жылылық болмақ. Қырау түспей жатып, күн желді болса, боран болар. Жалпы ақпан салқын әрі ылғалды болса, алдағы тамыз ыстық болар. Ақпанның соңғы жартысында күн ашық болса, алдағы жаз қуаң, жер көлкілдеп, ылғал мол болса, жаз отты, дала қарлы болса, жер нәрлі болып, қар қалың жамылса, сәуір суға толады. Қыста қырауға қарап та күн райын болжауға болады екен.айталық, қырау қалыңдаса, кешікпей қар жаумақ. «Қардың белгісі – қылау», «Қарды қылау өсіреді» дегендей, қылаулай жауған қар ұзаққа созылуы мүмкін. Қардан кейін қырау, қылау көбейіп, күн шаңытса, күн жылынады. Қырау түспей, күн желді болса, боранды күте бер. Қыс кезінде кешкісін, аспанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыстың ұзаққа созылуы мүмкін. Ал жұлдыз жымыңдаса, кешікпей боран соғар, жарқыраса аяз болар, күңгірттенсе, күн жоқ тоңар деген де түсінік қалыптасқан. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
|
Всего комментариев: 0 | |