23:13 Рухани-танымдық сүрлеулер | |||
ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР Қатты жаңбыр жауып, шағылысқа түскен бұғылардың бойындағы жағымсыз иістен тазаратын қарашаның алғашқы он күндігі «Бұғының мойын жуары» атанған. Қараша – аспан түнерген, жер бауырлап дымқыл тұман түсетін, зілмауыр бұлттар көшетін, қара суық айы. Қараша – күн қысқаратын, ашық шуақты күндер сирейтін, қар кейде жауып, кейде еріп, түнге қарай тоң қатаын, жылдың іңірі, қыстың босағасы. Бұл айдағы қара жерге қар түспей тұрып соғатын өткір салқын желді – «қара суық» деген. Қарашадағы құстардың жылы жаққа бастар уақыты – «Сүмбіленің тууы» амалы. Бұл, солтүстікке қар түсіп, күн суытатын «Қараша қаздың қайтуы» амалымен ұласады. Қарашаның 15-і мен 21-інің аралығындағы алты күнінде қыстың алты айын болжаған ерекше ырым да бар. Бұл айдың 17-і мен 18-і күндерінің өз амалы бар. Қарашадағы құбылыстарға байланысты: маса ұшырасса, қыс жылы, күн күркіресе қаһарлы, ай тұтылса, қыс суық, ай шалқалап туса, қар қалың түсіп, қаһарлы қыс ұзаққа созылар, ағаш бұтағын қырау басса, ертеңіне қар жауар, шөпке қырау қонса, жаңбыр жауар, қар ерте түссе, көктем ерте найзағай жарқылдаса, келер жаз жаңбырлы болар, кемпірқосақ көрінсе, қыс қатты, көктем жаңбырлы болғанымен, жаз ыссы қуаңшылық болар деген болжамдар бар. Қарашаның бірінші он күнінде тоң қатып, салқын жел тұрса, қаңтарға дейін қар жаумас, жапырақтар түспесе, қар ұзақ жатпас, күн ашық болса, қыс жылы, бұлт жиі үйірілсе, желтоқсанның ортасында қатты аяз тұрмақ. Ал екіншісінде тұман тез тараса, күн жылынар, қар жауса, қыс қаһарлы, бұлтты және желді келсе, қаңтардың басында қар көп жауар. Үшінші он күнінде қар аралас жаңбыр жауса, желтоқсан жылы болар, айдың соңғы күні қандай болса, қыс бойы сондай болар, құдық суы көтерілсе, аяз болар. Халықта қыс алғашқы қардан 40 күннен соң түсер деген бар. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |